Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тапшылық неге тенденцияға айналды?

11.04.2024, 12:20 1284

Алыстан орағытып отыруға уақыт тапшы. Өйткені, тапшылық көп туындайды біздің елде.  2020 жылы коронавирус «есіктен» ентелегенде дәрі-дәрмектің, тыныс алу аппаратының жетіспеушілігі байқалды. Оны қойшы, бетперденің өзі жеткізбеді. Жаппай тігінші болып кеткеніміз ерекше есте шығар. Құрылысы қарқынды қалада қолына қалақ ұстайтын сапалы тасқалаушылардың аздығы туралы естігенбіз. Жылыжай өндірісі жайлы сөз болғанда өңірде білікті мамандардың жоқтығы жиі-жиі айтылады. Иә, санасақ осылай кете береді. Өз ісін жетік білетін мамандық иелері қашанда қат болып тұр. Былтырғы Абай облысындағы өрттің кезінде де солай болған, Қазақстанның жартысы суға кеткен бүгінгі уақытта да сол жағдай қайталанып отыр. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, қандай істе болмасын, жұмыстың жөнін, шаруаның тілін білетін мамандар шоғыры жетіспей жатады.

Мысалы, кеше ғана су тасқыны кезінде Ақтөбе облысы бойынша «Қазсушар» басшылығы кранды іске қоса алатын, бұрын  кранды  ұзақ жүргізген маман іздеп, Шыңғыстау Әбдиевке өтінішпен хабар­ласқаны  жайлы  ақпарат  тарады.

Ол – 36 жыл бойы Ақтөбе су қоймасында техник-механик мамандығы бойынша кран тасымалдаушы болып жұмыс істеген маман. Былтыр желтоқсанда зейнетке шыққан. Аймақта су тасқыны басталған кезде оның кәсібилігі мен тәжірибесі төтенше жағдайды шешуге және қаланы су тасқынынан  құтқаруға  көмектесіп  отыр.

– Жұмыс істегелі судың осындай қатты қарқынмен келгенін бірінші рет көріп тұрмын. Су  қоймасы 12 сағаттың ішінде толып болды.  Әлі  есімде, 1993 жылы секундына 1 250 текше метр су келсе, бұл жолы секундына 1 700 текше метр су келіп жатты. Бар болғаны 2-3 сағаттың ішінде суды жылдам ағызып жіберуге тура келді. Олай болмағанда, Ақтөбені су алатын еді. Абырой болғанда, барлығын дер кезінде реттедік, – дейді  зейнеткер.

Осы жайт отандық БАҚ-та көп талқыланды. Көпшілік елімізде су мамандары тапшы екенін, тиісті министрлік пен мекемелердің  өз  жұмысын лайықты деңгейде  атқармағанын  айтып  отыр.

– Су сабасына түсем дегенше жоғары сағадан реттеп, алдын бақылап отыру керек. Қай жерден жолға қарай кететінін, арнаға  қанша су құятынын арнайы мамандар біледі. Маман демекші, қазір мамандар да тапшы. Олай дейтін себебім, өзіміздің облыстың су шаруашылығы басшылары  мен «Қорқыттың» (университет – ред.) мұғалімдерінен,  «соңғы 20 жылда өңірімізде  қанша  су  маманы (гидротехник)  мамандығы  оқытылып, қаншасы  жұмысқа  орналасты?»  деген сұрағыма  толық  жауап  ала  алмадым. Яғни, бұдан  су  маманы  жоқ,  судың  есебі  дұрыс жүргізілмейді  деген  қорытынды  шығады.

Жалпы, мемлекет еліміздегі барлық ескі өзен арнасын толық инвентаризациялап, су қабылдау мүмкіншіліктерін анықтап, паспорт жасап, жылма-жыл қаржы бөліп, реттеп отырмаса болмайды. Жекеге беріп жіберген көлдерді қадағалап немесе қайтарып алу керек. Жоғары жақтағы көрінген жерден салынған тоспа-тоғандарды алып тастау немесе реттеу қажет. «Табиғатпен, оның ішінде отпен, сумен ойнауға болмайды» деп бұрынғылар бекер айтпаған, – дейді қызылордалық тұрғын Қожахмет Мырзаев.

Су шаруашылығы саласының ардагері, инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімов: «Ақылдасатын маман қалмады. Енді су баспағанда не қалды?! Әрине жазық жерлерді су басады. Алдағы уақытта мұндай болмауы үшін су мамандарын дайындауымыз, ол үшін мол қаражат бөлуіміз қажет. Арнаулы су шаруашылығы мекемелерін ашуымыз керек. Сонда ғана жылда су басу проблемасынан біртіндеп-біртіндеп құтыламыз. Бірден құтыла алмаймыз, ол мүмкін емес» деген болатын.

Мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздегі Су ресурстары комитетін ұзақ жыл басқарған маман Ислам Әбішев «Adal Adam» YouTube арнасына берген сұхбатында су тасқынынан қорғануға лауазымды тұлғалар алдын ала дайындалмағанын айтқан еді.

– Өзіңіз ойлап қараңыз, биыл алдыңғы жылдарға қарағанда қардың көп болғанын, ылғалдың көп түскенін ауылдағы қарапайым адам да, біз де көріп-біліп отырмыз. Бұл – бір. Екінші, тоңның қалың екені белгілі болды. Үшінші, кез келген уақытта күннің ысып кетуі мүмкін екенін біреу барып айтудың керегі жоқ қой. Төртінші, дайындық жұмыстарын қаңтарда, ақпанда емес жазда жасайды. Ал «Казгидромет» ескерту берді және «Казгидрометтің» айтуының да қажеті жоқ. Ол дайындықты тіке аудан, облыс әкімдері жүргізуі керек еді. Қазір қараңыз, су тасқынын теледидардан, басқадан көрсеңіз, «дамбы» салып жатыр. Осындай қиын жағдайда топырақты қапқа салып, соны апарып, жауып бөгет қылып. Соны неге жазда жасамадық? Су кеп қалуы мүмкін деп, алдын ала ойлану керек қой. Яғни көп аймақта тасқыннан қорғануға мүмкіншілік бар еді. Әлі де бар, – дейді  ол.

Тапшылықтың тенденцияға айналғаны рас. Білікті, білімді мамандар жетіспей жатыр. Оған бірден-бір себеп – университеттердің ақылы негізде кез келген мамандықты оқыта беруінде. Елімізге қажетті, тапшы мамандықтардың тізімін жасайтын институттардың қалыптасқаны жөн. Өз мамандығын жоғары деңгейде бітірген жас мамандарды жұмыспен қамтудың да маңызы зор. Шыны керек, көп ойланбай саусақпен санамаласақ, 10-15 ғана мамандықты айта аламыз. Жастардың қиын жұмыс істемей-ақ, оңай ақша тауып, танымал тұлға болғысы келетіні қоғам тарапынан көп сынға ұшырайды. Бұл да білікті мамандар шоғыры қалыптаспайтынына себеп болатын секілді.

Ш.ШЫНТЕМІР

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: