Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бекетай би кесенесі шөгіп барады

29.12.2022, 9:20 619

Кең-байтақ еліміздің тұс-тұсындағы көненің кө­зіндей, данагөй тарихтың сөзіндей ескіден жеткен ескерткіштер мен қабырғалары қадым заманнан сыңғыр-сыңғыр сыр шерткен кесе­нелер, үй тамдар, керек болса, құм көмген тұтас бір қалашықтар аз емес. Оның біразы жөнделіп, айтулы археолог ағайындардың азап­қа бергісіз тер төгуінің нәтижесінде қайта қалпына келтірілуде. Сөйтіп, бүгінгі ұрпақ сол арқылы өткенін безбендеп, оған бүгінгі заман көзімен ой жүгіртсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Еліміздің тұңғыш прези­денті «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» мақаласында «Бірінші бұл білім беру саласы­нда… Жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді» деге­ні осы орайда ойға оралады. Қазіргі кезде қасиет­ті Арал аймағында аудандық тарихи ескерткіштерді қор­ғау қоғамы  мамандарының бұдан  бес жыл бұрынғы пікі­ріне сүйенсек, 50-ге тарта ескерткіштің көбіне жөндеу жүргізілгендігі  айтылады. Алайда, солардың ішінде талай уақыттан қамқор қолға зәру, көненің көзі іспеттес кесенелер, үй тамдар аз емес. Сыр бойындағы Аққұлақ елді мекенінен таяқ тастам жердегі Бекетай би кесенесі жөнінде де тап осылай айтуға болады. Іргетасы қаланғанына шамамен 145-150 жыл болған ескі кесене қазір құлау қаупінде тұр. Кезінде кесенеге таяу аққан судың ызасынан зәулім ғимарат шыт-шыт жарылып, біржола үйіндіге айналып кету­дің  аз-ақ  алдында  тұр.

Осы арада кесенеде жерленген бабам Бекетай би жөнінде азды-кемді айта ке­те­лік. Бұл ұлтын, жұртын, ата-баба ғұрпын сүйетін қа­зіргі ұрпақ үшін титімдей сабақ болар, бәлкім. Бекетайдың  өз  әкесі  Қатпа заманында осы аймақтағы аты-шулы бай ғана емес, асқан ақылды адам болыпты. Оның әкесі, яғни Бекетай­дың туған атасы Жәнке қазақ халқының басын біріктірген бірден-бір тұлға – Абылай ханның қабырғалы алты биінің бірі, әрі батыр адам болған көрінеді. Бұл жөніндегі қазақ шежіресінің ас­қан білгірі, әйгілі Мәшһүр Жүсіптің деректері 1992 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінің кезекті санында жарық көргенін айта кеткеніміз жөн. Заманында Бекетай Қатпаұлы сол тұстағы саяси-жағрапиялық құрылым бойынша Сырдария губер­ниясы Қазалы уезі бастығының бірінші көмекшісі болған екен. Ол кездері бұл уездің құрамына қазіргі Қазалы, Қармақшы, Арал аудандары кіргені белгілі. Жастайынан билікке ерте араласқан Бекетай ұзақ жылдар халқына қалаулы, еліне елеулі болып ат үстінде ғұмыр кешіп, 54 жасында қапияда жол үстінде қаза табады. Міне, өз дәуірінде халқының қамы үшін жарғақ құлағы жас­тыққа тимей өткен Беке­тай Қатпаұлы туралы бізге жеткен ауызекі әңгімелердің бір  парасы  осындай.

Күллі Арал, Қазалы айма­ғында заманында билік құр­ған, тектінің тұяғы Бекетай атамыздың кесенесі үлкен қызы, Қазалы жақта дәуірлеген атақты Найзағұл байдың ақылды келіні атанған Ақжарқын апамыздың қа­жыр-қайратының нәтижесінде бой көтеріпті. Осыдан 60-70 жыл бұрын кесененің алдында көктас, төрінде үлкен қалы кілем ілулі тұрыпты. Бәлкім, ол жерде бір кездері басқа да құнды дүниелер болмасына кім кепіл? Жалпы, 2000 жылдардың басында, онан кейін де Бекетай кесенесін жөндеу­ге сметалық жоба жасалған көрінеді. Бірақ, кезінде бұл игілікті істің басы жылт етті де жоқ болды. Ал, баба ұрпақтары өз қаражатымен күн сайын шөгіп бара жатқан кесенеге жөндеу жүргі­зейін десе, мемлекеттің қорғауындағы мәдени мұраға жеке адамның қол тигізуіне болмайды дейді. Ал, облыс­тық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі, басқа да тиісті орындар жаңғырту жұмыстарына асығар емес. Ауыл ақсақалдары жиырма жыл жоспарланған жөндеуге немқұрайды қарау жалғаса берсе, кесенеге кеш бола ма деп алаңдайды. Күндердің күнінде осылай жайбасарлыққа салынып жүргенімізде тарихи жәдігердің біржолата құлап, орнын сипап қалуы­мыз әбден мүмкін. Сондық­тан бұған жергілікті билік органдары, түрлі деңгейдегі тарихи  ескерткіштерді  қор­ғау орындары кешіктірмей  көңіл  бөлсе  екен.

Оңдалы  БЕКЕТАЕВ,

Бекетай  бидің  тікелей  ұрпағы,

Қызылорда  қаласы.

Суретті  түсірген Б.Тәжімбетов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: