Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балалардың жазғы демалысы қалай өтеді?

29.05.2025, 9:20 185

Оқу жылы аяқталып, жаз маусымы басталғаннан-ақ балалар бос уақытын тиімді, қызықты етіп өткізу үшін жазғы лагерьге барғылары келетіні жасырын емес. Иә, жаз осынысымен балалар үшін қызықты. Дегенмен, қазіргі таңда балалар лагерьге баруға асыға ма? Бұл дегеніміз – бала, смартфон, ойын осы үш жақты байланыстың қауіптілігі бүгінгі күннің үлкен мәселесіне айналуда. Сондықтан, балаларды жазғы демалысында ойын бөліп, басқа нәрсеге қызықтыру үшін бүгінгі лагерьлер де тыңғылықты дайындықта болу керек секілді. Себебі, смартфоннан бас ала алмай, әлеуметтік желі арқылы бәрін көріп үлгерген балаларды қарапайым ойынмен не ойыншықпен алдарқату мүмкін емес. Сол себепті, балалардың жазғы демалысын тиімді, қауіпсіз, қызықты ұйымдастыру өте маңызды. Ал биыл өңірдегі жазғы тынығу лагерьлері қалай жұмыс істейді? Жалпы, балалардың жазғы демалысы қалай өтеді? Осы тұрғыда, облыстық білім басқармасына сұрау салып, ақпаратын тарқатайық.

Басқарманың мәліметінше, бүгінде облыс­та 8 лагерь сақадай  сай тұр. Жалпы, барлық жазғы лагерь жаз маусымында 10 күннен 7 ауысым жұмыс істеп, 7153 бала жазғы демалыспен қамтылады. Сыртқы тынығу лагерьлерінде Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес, негізгі 5 категория бойынша 7-14 жастағы бала­лар қамтылады. Одан бөлек, облыс бойынша 95 мектеп жанынан киіз үйлі этнолагерьлердің де  жұмысы  ұйымдастырылады.

– Лагерьлерде балалардың толыққанды демалып, тынығуына қолайлы жағдайлар жасалады. Орталық немесе лагерьге келген кезде барлық оқушы медициналық тексеруден өткізіліп, денсаулығына қарай тиісті шаралар жүргізіледі. Лагерьде медициналық пункттер, оқшаулау бөлмелері қарастырылып, медицина қызметкерінің қорытындысымен күнделікті ас мәзіріне тиісті дәрумендер қосылып беріледі. Балалардың бассейнге түсуі, қала, аудандардағы өлкетану мұражайларына, тарихи-мәдени орындарға сая­хаты, өнер мектептерінің әзірлеген концерттік бағларламалары,  лагерьдегі үйірмелер мен секция­лар жұмысы, басқа да түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізіледі. Бүгін­гі күні басқармаға қарасты жазғы тынығу лагерьлеріне жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі, қажетті материалдық-техникалық жабдықтары жаңартылып отырады. Қазіргі уақытта соңғы дайындық жұмыстары жүргізілуде. 1 маусымға барлығы толық дайын болады, – деді облыстық білім басқармасының  маманы  Жадыра  Шариева.

Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Сондықтан, мектептегі әр санаттағы балалардың бір деңгейде жазғы демалысын өткізу аса маңызды болмақ. Ең алдымен жазғы лагерь орталығына ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар қамтылады. Сондай-ақ, «Қазақ­стан халқына» қорының демеушілігімен Түркістан облысы, Төле би ауданы, Біркөлік  елді мекеніндегі «Қуаныш» лагерінде 500 ауыл баласы тынығады, ал Қазақстан Респуб­ликасы Оқу-ағарту министрлігінің квотасы­мен «Балдәурен» республикалық оқу-сауық­тыру орталығына 224 оқушы жіберіледі. Хош. Десе де, балалардың жаңа ортаға бейімделуі, түрлі ойын­ды, білмегенін үйренуі, уақытын қызық­ты өткізуі, балдаурен шақтың нағыз есте қалар­лықтай кезеңі – осы жазғы тынығу лагері емес пе? Балалар да демалыс қызыққа толы, көңілді болса деп тілейді. Бұл жағынан танымдық дүние­лер көбірек ойластырылып, әр жыл сайын тыңғылықты  дайындықты  қажет  ететіні  сөзсіз. 

– Биылғы жылы балалардың бос уақытын ұйымдастырудағы бір ерекшелік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жыл – жұмысшы мамандықтары жылына орай «Жас Sкills» жобасы жүзеге асырылады. Жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында этножоба «Ауылым – алтын қазығым», «Ауыл лайф», «Сыр камп», «Дәстүрлі қоржын», «Жас қазақ», «Киелі Қазақстан» жобалары ұйымдастырылады. Оқушыларды спортқа баулу, зияткерлік қызығушылығын арттыру бағытында «Сыр лига­сы» жобасы екінші жыл қатарынан жүзеге асып келеді. Бұл жоба 130 мыңға жуық оқушыны қамтып, үлкен футбол, отбасылық волейбол, жайдарман, дебат, «Жігіт сұлтаны», «Ана тілі аруы», жас мобилографтар секілді 7 сайыс түрінен өтетін болады, – деді  Ж.Шариева.

Сонымен бірге, оқушыларға  еліміздің басқа қалаларына және Сыр өңірінің тарихи орындарына, Байқоңыр ғарыш айлағы, «Тарих қазынасы қойнауына саяхат» атты Қаза­лы ауданындағы ортағасырлық Жанкент қала­шығына, Сауран, Сығанақ қалашығына, Түркістан облысының киелі жерлеріне, Қорқыт ата ескерткішіне экскурсия мен арнайы турлар ұйымдастырылып, музейлерге саяхаттап, оқушылардың таным дүниесін кеңейтуге үлкен  мүмкіндік  жасалады.

Айта  кетейік, биыл елімізде оқу жылын 3,9 млн оқушы аяқтайды екен. Министрліктің мәліметінше, биыл балалар жазғы демалысын тиімді әрі танымды өткізу үшін еліміздегі театр­лар мен мұражайларға кіру тегін болады. Бұл бастама – балалардың мәдениетпен етене танысуына үлкен мүмкіндік. Әрине, баланың болашағы үшін жасалған әр бастаманың құнтсыз қалмайтыны жасырын емес. Сол сияқ­ты, жазғы уақытта балалардың ойнауына арнал­ған орталықтардың бағасын шарықтатпай, жиі-жиі жеңілдік жасалса да игі болары анық. Себебі, әрбір бала – болашағымыздың негізі, бет-бейнесі. Қуанса, тек балалар қуансын! Ал өңірдегі жазғы лагерь туралы мұғалім, ата-аналар мен оқушылардың ой-пікірі қандай екен?

Н.Ансатбаева, ата-ана:

– Облыстағы  жазғы  лагерьлер сапасы, қауіп­сіздігі артып, дамып келеді деп айтсам бола­ды. Бірақ, қашанда «әттеген-ай» деп қала­тын тұстары жоқ емес. Мәселен, мектеп қасы­нан ұйымдастырылатын жазғы лагерьлерге ата-­ана ретінде көңіліміз толмай жатады. Балалар­ға дұрыс қарамауы, күннің астында көп жүріп әлсі­реп қалатыны, қарны ашып келетіні секілді олқылықтарға қапа боламыз. Балаларымыз­ға да ұнамаған соң, лагерьге бару­дан  бас тартады. Сол себепті, балаларымыздың жазғы демалысын барынша  өзіміз  көңілді  өткізуге тырысамыз.

Жанерке Қуанышқызы, 8-сынып оқушысы:

– Оқушылар  үшін ұйымдастырылатын жазғы лагерьлер қызықты өтетінін жасыра алмаймыз. Әсіресе, жасөспірім оқушылардың уақыты көңілді болады. Өзіме мектеп жанынан ұйым­дастырылатын лагерьге қарағанда сырт жақта, басқа қалаларда өткізілетін лагерьлер қаттырақ ұнайды. Себебі, онда басқа да қалалардан келген қыз-жігіттермен танысып, ортамен араласуды  үйреніп,  әр  сәтті  тиімді  өткізесің.

Гүлден Акимова, мұғалім:

– Бүгінгі күні балалар тынығатын жазғы лагерьлердің сапасы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсарғанын байқауға болады. Сондай-ақ, қауіпсіздік сапасы да жоғарылап, оқушылардың  толықтай дерлік жағдайы жаса­лып жатыр. Қазіргі уақытта оқушылар да лагерьге баруға асығып тұрады. Міне, осыдан-ақ лагерьлер жыл сайын жаңарып, орнық­ты дайын­дықтан  өткізілетінін  байқау­ға  бо­лады.

ТҮЙІН. Оқушылар  жазғы  демалысы басталғаннан лагерьге баруды күні бұрын жоспарлап қояды. Иә, балаңыздың жаңа ортамен араласып, шығармашылық дамуын қаласаңыз, жазғы лагерьге жіберу  пайдалырақ. Әрине,  балаңыздың лагерьге  баруға  құлшынысы  артып, асығып тұрған болса. Бұл балаңызды әлеуметтік желі әлемінен де алшақтатып, жаңа қырларын табуына көмектесері сөзсіз. Дегенмен, балаңыз жазғы лагерьге барған жағдайда өзінше ұстанатын талаптар  мен  ескертулерді  ұғындырып жібергеніңіз  абзал.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: