Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Байқоңыр»: БАҚ ПА, СОР МА?

11.02.2021, 12:00 887

Ресей 2021 жылы наурыз айында Байқоңырдан 18 елдің 40-қа жуық шағын жер серігін ұшыруды жоспарлап отыр екен. Оларды ресейлік «Союз-2.1а» зымырантасығышы  орбитаға  шығаратын  көрінеді.

Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, ғарышқа Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония, Сауд Арабиясы, БАӘ, Израиль, Тайланд, Канада, Бразилия, Германия, Нидерланды, Италия, Аргентина, Венгрия, Тунис, Ұлыбритания, Испания және Словакия елдерінің спутниктері жіберіледі.

Байқоңыр – қазақ  жері,  оған  иелік ететін – Ресей, ғарышқа ұшатын – әлемнің әртүрлі елдері. Пайда көретін – солар, зиян тартатын – қазақ. «Байқоңырды жалға беріп, қаржы тауып отырмыз» деген бос сөз. Ресей төлеген жалға алу сомасын экологияға тигізер зиянмен салыстыруға келмейді.

Ресей осы жолы 18 елдің жер серігін ғарышқа шығарып бергелі отыр. Байқоңырдан. Сол үшін әлгі елдерден қыруар қаржы алары сөзсіз. Ал оны Қазақстанмен бөліспек емес. Демек, жерімізден бір айда осынша зымыран ұшса да бізге еш пайдасы жоқ. Қайта, экологиямызға еселеп зиян тиеді.

Байқоңыр Ресейге 2050 жылға дейін жалға берілген. Қазақ даласынан орбитаға осы кезге дейін 130-дан аса ракета ұшырылды. 2050 жылға дейін тағы қаншасы ұшатыны бегісіз. Алдағы 30 жылда «Байқоңыр» ғарыш айлағынан әлі талай зымыран ұшып, әлі талайы қазақ даласына құлайтын шығар…

Зымырандар  құлайды  деп бекер  айтып отырған  жоқпыз. Бұған  дейін  Ресейдің  талай әлем кемесі  ұшпай  жатып, жер  жастанған болатын. Кейбір  деректерге  сүйенсек, 600 тонналық гептилмен ұшатын «Протонның» Қазақстан жеріне 32-сі құлапты. Ал  қазір  «Роскосмос» ғарышқа қатысты маңызды  жобаларда «Протонның» орнына «Союзды»  пайдаланып  жүр  дегенімізбен, бұл да әлем алдында мықтылығымен  мақтана қоятын  техника  емес. Адамзат  тарихында орын алған  бес  ірі  ғарыштық  апаттың екеуі дәл осы  «Союзбен» қатысты.

Дәл осы «Союз» тобына жататын «Союз-2.1а» зымыранының да құлаған кездері туралы ақпарат аз емес. 2000-2018 жылдар аралығында «Союз» тобына жататын Ресей зымырантасығыштары 8  рет  құлапты.

  • 2002 жыл: Ресейдің Плесецк айлағынан ұшқан «Союз-У» апатқа ұшырап, айлақтан 300 метр жерге құлаған;
  • 2011 жыл: Байқоңырдан «Прогресс М-12М»  жүк  кемесін  алып   ұшқан «Союз-У» ұшудың 325-ші секундында апатқа ұшырап, қалдықтары Алтай Респуб­ликасы территориясына құлаған;
  • 2011 жыл: Плесецк айлағынан ұшқан «Союз-2.1б» зымырантасығышы ұшудың 421-ші секундында құлап, қалдықтары Жаңа Сібір жерін­е  түскен;
  • 2015 жылдың сәуірі: Байқоңырдан ұшқан «Союз-2.1а» «Прогресс М-27М» кемесін діттеген жерге жеткізе алмаған. 8 мамырда ол да құлаған. Зымыран да, зымыран­тасығыш  та  орбитада  жанып кеткен. Ал қалдықтарын Тынық мұхиттан тапқан;
  • 2015 жылдың желтоқсаны: Плесецктен екі әскери жерсерік алып ұшқан «Союз-2.1в» да апатқа ұшыраған;
  • 2016 жылдың желтоқсаны: Байқоңырдан ұшқан «Союз-У», ұшудың 383-ші секундында (жерден 190 км көтерілгенде) апатқа ұшырап, қалдықтары қазақ жеріне құлаған;
  • 2017 жылдың қарашасы: Восточныйдан ұшқан «Фрегат» блокты «Союз-2.1б» зымыран­тасығышы 19 жерсерігін алып ұшқан. Ол да апатқа  ұшыраған;
  • 2018 жылдың қазаны: Байқоңырдан ұшқан «Союз-ФГ» зымырантасығышы апатқа ұшырап, экипажы авариялық блокпен біздің  Жезқазған  жақта  түсіп  қалған. Ұшудың 119  секундында.

Ресей ұшырған ғарыш кемелерінің жиі сәтсіздікке ұшырайтыны анық. Бұған себеп Мәскеу­дің ғарыштық техникасы аса жоғары деңгейде емес. Шынын айтқанда, Кеңес одағы тарағалы Ресейдің ғарыш саласындағы білігі еш өскен жоқ деуге  болады. Соған қарамастан, қазақ билігі дәл төріндегі территориясын Ресейге жалға беріп, қауіпке бас тігіп отыр.

Ресей «Байқоңыр» ғарыш айлағына ғана емес, Байқоңыр  қаласына да  иелік етіп отыр деуге негіз бар. Жақында ғана ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің өзі Байқоңырдағы 7 мектептің Ресей  білім жүйесімен оқытылып жатқанын айтты. Аталған мектептерде «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» оқулықтарын оқыту үшін Ресей Оқу-ағарту министрлігінің рұқсаты  керек  екен.

«Байқоңыр қаласының 7 мектебінде оқыту Ресей Федерациясының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес жүргізіле­ді. Бұл мектептерде қазақстандық бала­лар  да оқиды. Олар өз болашағын Қазақстанмен байланыстыратындықтан, олар үшін Қазақстан тарихын, қазақ тілі мен әдебиетін білу маңызды болып табылады. Мектеп бағдарламасына аталған пәндерді енгізу үшін Ресей Федерациясының  Оқу-ағарту  министрлігінің рұқсаты қажет», – дейді  Үкімет  басшысы.

Байқоңыр қаласында 77 мыңнан аса халық тұрады. Оның 70 пайызы – Қазақстан азамат­тары. Қаладағы қазақ тілінде білім беретін  5 қазақ мектебінде 5236 бала білім алса, ресейлік  7 мектепте 4049 бала оқиды, соның 1 508-і, яғни 37 пайызы – Қазақстан Республикасы азамат­тарының  балалары.

Тіпті «Байқоңырда Ресей Заңы үстемдік құрып тұр» деуге де болатын секілді. Себебі, онда ҚР Заңы жүрмейтіні, Байқоңырдағы жұрттың Ресей рублімен сауда жасап, мектептерінде «Президентіміз Путин» деп оқытылатыны осыған дейін талай мәрте жазылды. Бірақ әлі оң шешімін тапқан жоқ. 2050 жылға дейін «Байқоңырдан» ұшқан зымырандардың жерімізді қанша ластайтыны, Байқоңырдағы қанша қазақ баласының орыс болып кететіні белгісіз. Сол үшін қазақ билігі қол қусырып қарап отыра бермей, Байқоңыр жайлы Ресеймен қайталап келіссөз  жүргізгені  жөн…

Қуаныш  ҚАППАС

А.Омаров (коллаж)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: