Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Азығына талғаммен қарайтындар – бақытты жандар

25.05.2021, 15:00 610

HALYQLINE.KZ  «Өмір сүрудің екі заңын білген адам бақытты болар. Соның бірі – не болса соны жей бермей, азығына талғаммен қарайтын жан» деген екен ойшыл Омар Һайям. Демек, әрбір адам денсаулығына байланысты дұрыс таңдау жасай алуы қажет. Яғни, зиянды өнімдерден бас тартып, пайдалы азыққа баса назар аудару керек. Бүгінде «жылдам тамақ» саналатын фаст-фуд өнімдері көбейіп кетті. Оның үстіне осы бір өнімдерді тұтыну көптеп белең алуда. Әсіресе, жастардың барлығы дерлік осы тағам түрімен тамақтануды жөн көреді. Әйтсе де, жылдам әзірленетін ерекшелігін былай қойғанда, оның зиянды тұстарын да елеп-ескергеніміз абзал. Себебі, бұл халық денсаулығымен, адам өмірімен тікелей байланысты. Тез дайын болатын пицца, суши, бургер, гамбургердің құрамында адам ағзасына қажетті дәруменнен гөрі майлар мен консерванттар көп, жасанды өнімдері жетерлік. Сондықтан да мұндай тағамдар адам өмірі үшін аса қауіпті. Фаст-фудты тұтыну семіздікке, бүйрек ауруларына, инфаркт сынды түрлі дертке душар етеді. Тізбектеп отырсақ, тізімі көп болар, пайдасынан гөрі зияны көбірек, денсаулыққа кері әсер ететін белгілері басымырақ тағамдардан бас тартып, барынша саламатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану қажет.

«Ас – адамның арқауы» демекші, мысқылдап кіріп, батпандап шығатын ауруға тәнімізден орын бермей, қуатты болу үшін неғұрлым пайдалы аспен тамақтансақ, соғұрлым деніміз де сау болары хақ. Осы жолда ұлттық тағамдардың маңызы да, рөлі де зор. Себебі, қатық, құрт, сүзбе, ірімшік және шұбат, қымыз секілді сүттен жасалатын тағамдардың құрамында табиғи өнім мен дәрумендер көптеп кездеседі. Сонымен қатар, олардың емдік қасиеті де баршылық. Осы тұста айта кетерлігі, тамақтану турасында кеңес беру және халық денсаулығын нығайту бағыты бойынша «Қазақ тағамтану академиясы» елеулі еңбек етіп, өлшеусіз үлесін қосты. Атап айтар болсақ, сүт өнімдерін өндіретін зауыт іске қосылып, құрамында құнарлы болып табылатын витаминдері бар сапалы шикізаттан тағам түрлерін ұсынуда. Сол себепті деніміздің сау болуы үшін адамның әл-ауқатын нығайтатын, дәрумендерге бай аспен тамақтанайық.

«Біздің жеген тамағымыз – бізге пайдалы дәрі, ал дәрі тамағымыз болуы керек» деп грек дәрігері Гиппократ айтпақшы, расында біз жеген әрбір тағам ағзамызға оң әсерін тигізетіндей, иммунитетімізді күшейтетіндей шипалы емдік шөп әрі пайдалы дәрі іспеттес болғаны жөн.

Замира ҚОНЫСЖАН,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 2-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: