Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауылдың жағдайын кім ойлауы керек?

25.05.2023, 12:20 342

Тақырыптағы сұрақтың өзі өте ауыр әрі қате сияқты көрінеді. Өйткені, ауылда туған әрбір адам туған жерінің жағдайын ойлауға міндетті. Бұл – қалалық жерде туса да, сол ауылдың әкіміне тікелей қатысты жайт. Әкім – халықтың басшысы емес, қызметшісі. Соны ұмытпауы тиіс. Шыны керек, Солтүстік Қазақстан облысында қаңырап қалған қазақ ауылдары жайлы әлеуметтік желі бетінен жиі-жиі оқып қаламыз. Халқы аз ауылға бюджеттің де жарытып бөлінбейтінін бәрі біледі. Оқушысы аз мектепте штат саны қысқарады, сосын білім ордасы 9 жылдыққа ауысады, екі қолға бір күрек таппағандықтан, ел-жұрт қалаға үдере көшеді. Көп ауылдың жағдайы – осы.

«Ауылдардан жастар жұмыс көзі болмағандықтан көшіп жатыр. Жарайды, көшіп емес, кетіп жатыр дегеніміз дұрыс шығар. Өйткені, қазіргі күні ауылдарда жасы үлкен кісілер ғана қалған сияқты. Әрбір екінші не үшінші қалалық жас отбасының көкейінде «шал-кемпірді қалаға көшіріп алсам» деген арманның жүргенін жасыра алмаймыз. Айғайлайтын жерде ауыз ашпау – айып. Мәселе бар, яғни оның шешімі де табылады. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деп әндетіп жүре беруге болар еді. Бірақ, бұл – қоғамдағы өте өзекті мәселе. Сонымен, жастарды ауылға тұрақтандыру бағытында не істеуге болады? Оның қандай жолы бар, мәселе көтергеннен бәрі шешіле қоя ма? Ел арасында қандай ұсыныстар айтылып жүр? Осы тақырыптар төңірегінде бірнеше мысал келтіріп, дәлел-дәйекпен жазғымыз келіп отыр» деп бұған дейін газетімізде «Жастарды ауылда тұрақтандырудың жолы қайсы?» деген тақырыппен мақала жариялаған едік.

Осы күні Қызылорда облы­сының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар ауданды аралап, атқарылған жұмыстармен та­нысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізіп үлгерді. Сонда байқағанымыз, ауылдың жайын қайта-қайта қозғап, жұмысы көңіл көншітпейтін ауыл әкімдеріне ескерту де жасап жатыр. Ауылдың алаңдатарлық жағдайын ақжағалылар  да  жақсы  біледі.

– Мемлекет басшысы «Қазақ­стан Респуб­ликасының ауыл­дық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға ар­налған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Ауылдық аума­қтарды дамыту және тиімділігін  арт­тыру, сон­дай-ақ ауылдық жерлерде өмір сүру сапа­сын   жақсарту мақсатында қабылданған бұл шешімді жүзеге асыруымыз керек. Биылғы 19 сәуірде Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде ел президенті барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысына жыл сайын бағалау жүйесін енгізу керектігін айтып, оның ішінде ауыл әкімдерінің қызметіне ерекше тоқталды. Күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың мәселелерін шешу, әр отбасының жағдайы­мен жіті таныс болу – ауылдық округ әкімдерінің тікелей міндеті. Себебі, халық оларды сол аумақтың әкімі етіп сайлады, сондықтан ауылды өркендету ісіне  баса  назар  аудару  керек.

…Кент және ауылдық округ әкімдері халық­тың күнделікті айтып жүрген проблемаларын шешуді көздейтін жобалар да­йындап, оны қорғап, жанашыр­лық танытуы тиіс. Жайбара­қаттықты уақыт көтермейді, ауылдың дамуы­на, көркеюіне жұмыс істеуі шарт. Облыстағы әрбір ауылдың даму перспективасы менің жеке бақылауымда  болады. Мұндай көшпелі жиын­дарды жиі өткізіп, ауыл әкімінің іскерлік қабі­леті мен белсенділігін бағамдауды дәстүрге айнал­ды­рамыз, – деді  аймақ  басшысы.

Жалпы, мемлекет ұсынған мүмкіндіктердің тиімділігін, пайдасын, артықшылығын тұрғындарға түсінікті түрде жеткізу өте маңызды, ауылды өркен­детуге арналған бағ­дарлама­ларды барынша зерттеу, зерделеу – ауылдық округ әкімдерінің тікелей жұмысы. Олар өзі басқаратын елді мекен­де қандай кәсіптің көзін ашуға болатынын пайымдап, тұрғындар тұрмысын жақсартуға бағытталған тиімді жобаларды ұсынғаны жөн. Бірақ, осы жерде «ауыл әкімдері  100 пайыз өзі басқаратын елді мекенге қоныстанған ба?» деген сұрақтың басы қылтия­ды. Иә, құжат бойынша сол ауылда тұрып, тұрғындарын өз ойынша жазбай танып жүргендер  баршылық.  Ал,  шынтуайтында…

– Иә, жасыратыны жоқ. Кейде бір ауылдарға барамыз. Тұрғындарымен сөйлесеміз. Мә­селесін, ауылдағы ағайындардың ахуалын тыңдаймыз. Қара­табан шаруалардың шекесі шылқып тұрған жоқ. Тек ілдебайлап мектепке, анда-мұнда қызмет­ке кіріп алғандар бол­маса, ауылда алып бара жатқан кәсіп жоқ. Өлместің қамы деп жеке шаруашылықтар болмаса, жұмысқа тұру қиынның  қиыны.

Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Менің  айтпа­ғым, ауылға  әкім, клуб меңгеру­ші­сі, мектеп директоры, жергілікті полицей инс­пекторы, балабақша меңгерушісі болып келген кісілердің  қаладан, кент орталығынан  қаты­науында  болып  тұр.

Қайбір  күні  бірқатар ауыл тұрғынымен сөйлесу­дің  сәті  түсті. Әкімдері қаладан қаты­найды. Бала-шағасы қалада тұрып, сонда оқиды. Тек ауылдағы қызметтік үйге өзі қонса қонып, қонбаса ауылдан «та­йып» тұрады. Ауылды басқаратын кісілер, элитасы ауылға тұрғылықты  көшіп  бармаған.

Сол секілді, кемі 300 мың теңгеден басталатын  жалақы  алатын  атқамінерлер де Есен­ғали ақын айтқандай, «қаңғып келген шүрегей» болып, ауылға тек жұмыс күнін өткізу үшін ғана бармай, сол ауылдың топы­рағын тұла бойымен сезінуі  керек.  Отбасымен  ауылға  барсын!

Баласын сондағы мектепке берсін! Құрқылтайдың ұясындай клубындағы үйірмеде жетілдірсін! Тоқ етерін айтқанда, ауыл халқы қандай жақсылық пен қиындық  көрсе, ауылдағы құзыр­лылар  да  соны  көруге  міндетті!

Болмаса атқарушы билік жергілікті жердің кадрларына басымдық беруі қажет. Басы – алтын, аяғы – күміс кадр болса да, ауыл ешкімге ойыншық  емес! – дейді  журналист  Есет  Табын­баев.

Өткен жылдың қараша айын­да ел президенті, Үкіметі және облыс әкімінің тапсыр­масын  орындау  бойынша бағ­дарлы жиын өтіп, онда аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бұл мәселенің барын ашық айтқан болатын. Жай ғана айтып қоймай, ауылдық жердегі әкімдер, учаскелік инспекторлар мен мектеп директорларының сол аумақта тұруы міндетті екенін  жеткізді.

– Президент тапсырмасы аясында ауыл-ауыл­дарды аралап, халықпен кездескен са­йын үнемі тұрғындар ауыл әкімі мен учаскелік инспек­торлардың жұмысына жиі шағым айтады. «Оқыс оқиғалар болған сәтте, инспекторды да, ауыл әкімін де таппаймыз» дейді. Мұның бәрі жұмысты қатынап істеу­дің салдарынан туындайды. Ха­лық­тың шынайы талап-тіле­гін ескергеннен кейін мұндай тапсырма берілді. Бірақ, нәтиже  жоқ. 20 қарашаға дейін  (2022 жылдың – ред.)  тапсыр­ма орындалмаса, аудан әкімдерінің жұмысы  қатаң қаралып, тиісті шешімдер қабылданады. Біз  халық­тың  өтінішін  орындауға тиіспіз! Тұрғындар өз мәселесіне лайықты деңгейде жауап ала алмағандықтан, амалсыз әлеуметтік желіде мәселе көтереді. Реті келсе, заң аясында шешімін табуға ықпал жасап, халықпен сындарлы диа­лог  орнатылуы  керек, – деген  еді  облыс  әкімі.

Ауылдың  жағдайын  бәріміз ойлауымыз  керек. Ауылдың  көркеюі – Қазақстанның  дамуы.  Қызылорданың әр  ауданында  бетке  ұстар  ауылдары да бар. Сырттан  қонақ  келсе, Сырдария ауданындағы  Нағи  Ілиясов  атындағы ауылға алып барып, аралататынымыз бар. Әрине, игі істі, игілікті көрсете білу де – өнер. Әр перзент өзі туған ауылдың тұрмысын  түзеуге,   дамытуға, көркейтуге осылай  күш  жұмсаса  екен  дейміз.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: