Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Автобус «жыры» біте ме?

08.09.2022, 11:20 418

Бүгінгі таңда кез келген адам қоғамның әлеуметтік ахуалы жайында өзінің пікірін білдіріп яки ұсынысын әлеуметтік желіде жаза алады. Бұл – заманауи технологиялар дамыған тұста болып жатқан тіршілік. Дегенмен, бәрі қолжетімді болған сайын әлеужелідегі алаңның бастапқы бағыты өзгеріп келеді. Өйткені қолында сенсорлық ұялы телефоны бар адам күнделікті болып жатқан оқиғаны түрлі платформаларға жүктей алады. Бірақ ақпараттың шынайылығы белгісіз. Себебі барлық адам зерттеуші емес. Көрдім, естідім, бөлісу керекпін деген ұғым қалыптасқан. Одан қалды, тақырыбын айқайлатып, жазбаға барынша күш береді. Көбінің мақсаты – билік жаман деген түсінікті жеткізу. Міне, осыдан кейін халықтың басым бөлігі қит етсе, билікке наразы­лығын  айтуға  дайын тұрады. Иә, мемлекеттік қызметкерлердің ісіне  осалдығы да бұған себеп болып тұр. Десе де, осындай сипаттағы «тәуелсіз» блогерлердің кесірі көпті  арандатушылыққа  алып  келеді. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің асының адалдығына күмән туады. Шынтуайтына келгенде, блогерге қарағанда журналистің жауапкершілігі басым. Себебі журналист билік пен бұқараны жау қылу үшін жұмыс істемейді. Өзінің функциялары ұшан-теңіз. Ендеше, қоғам белсенділері һәм журналистермен қала әкімінің орынбасары Ғалым­жан Еркебай кездесті. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде талқыланып жүрген мәселелердің түйінін  тарқатты.

– Екі күннен бері қаламыздағы ауызсудың қысымы төмен түсіп, осыған байланысты әлеуметтік желіде бұқараның көп сауалы туындауда. Қызылорда қаласында 105 ұңғыма бар. Оның 70-і жұмыс істеп тұр. 8 ұңғыма істен шығып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бір күннің ішінде қалыпқа келтіреміз деген жоспар болды. Соған қарай жұмыстар істелді. Ертең іске қосылып, ауызсу өз қалпына келеді, – деді  ол.

Қаламыздағы ауызсу мәселе­сі өткір. Көбі сырттан сатып алып ішетіні ақиқат. Мәселен, Оңтүстік Корея мемлекетінен  қызыл­ордалық студенттерге  білім беруге арнайы келген профес­сормен тілдескенде, қаламыздағы ауызсудың нашар екенін айтты. Сырттан келген қонақтардың да ауызсуға көңілі толмайды. Ал жергілікті тұрғындардың ашуға булығуы  жөнді. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, 2008-2009 жылдары Қызылорда қаласының аумағы  8  мың  гектар  еді. Қазір  13 мың гектарға ұлғайыпты. Сол себепті, тиісті ұңғымалар қазылып, қаражаттар бөліну қажет деді. Бірақ лабораториялық тексерістер жүргізіліп тұратынын жасырмады. Бұған қоса, беріліп жатқан ауызсу 100 процент таза,  жерасты сулары  екенін  тілге  тиек  етті.

– Қоғамдық көлікке қатысты халықтың сауалы жетерлік. Бұл туралы қосымша айтатын болсам, 1 қыркүйек күні 214 қоғамдық көлік халыққа қызмет көрсетті. Қаламызда «Қызылорда автобус паркі» және 4 жеке кәсіпкер қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіп отыр. Десе де, автокөліктердің тозы­ғы жеткеннен кейін интервал ұзақтығы пайда болып, халықтың наразылығын тудырды. Таңғы сағат 7-де автокөліктер қала бойынша қызмет етуге шығады. Күнделікті санын есептеп отырамыз. Мысалы, бүгін 262 қоғамдық  автокөлік қаланың ішінде тұрғындарды тасымалдауда. Өздеріңіз білесіздер, қаламызға 150 автобус келетін  болады.  Мердігер   мекеме   1 қыркүйекке дейін жеткізіп беремін деп уәде етті. Сондықтан біз де осы ақпаратты халықпен бөліскен болатынбыз. Бірақ құжаттарға байланысты және Қытай мемлекетінен автокөліктер алынатын болған соң, уақыты шегеріліп келеді. Себебі өзге елдегі пандемияға байланысты екі ел арасында шекара жабық. Бірақ келісімшарттар жүргізіліп, жақын арада 40 автобус келеді. Жыл соңына дейін қалған автокөліктер толығымен жеткізіледі, – деді Ғалымжан  Еркебай.

Бұқара жаңадан автобустар келе­ді дегенде қос қолдап қоше­меттеп, бөрігін аспанға атты. Алайда шындыққа қашан айналатын уақытын әзір нақты айту мүмкін емес. Сондықтан журналистер де халық алдында әбден өтірікші болдық деп уәжін айтты. Тіпті «қытайский» құрылғының қаншалықты сапасы жоғары деген сұрақ туындады. Кешкі мезгілде автобустар жоқтың қасы, оқушылардың үйіне жетуі де мәселеге айналыпты. «Қызыл­орда автобус паркінің» басшысы Руслан Ерсұлтанұлының болжамынша, бастапқы 40 автобус қыр­күйектің аяғы немесе қазан айының басында келуі керек. Қалған 110 автобус қазан-қараша айларында келеді деп мәлімдеді. Келетін автобустар әлем бойынша бірінші орында екен. Сол себепті, сапасы да жоғары болады деп маман­дар  сендірді.

Қойылған сауалдар арасында таптаурын болған қаладағы қоғамдық көліктердің сын көтермеуі тәуір талқыға түсті. Ардагерлерге қоғамдық көлікте құрметтің жоқтығы да айтылды. Шынында қаламызда автокөлік мәселесі күйіп тұр. Жаңадан автобустар келеді деп күткеннен басқа амал жоқ. Үлкен сыйымдылықтағы және жаңа автобустармен жұмыс істейтін болсақ, «құда да, құдағи да тыныш» болар еді. Көп күттірген автобустар халықтың үміті үзілмей тұрғанда келіп, игілігіне жұмсалса екен. Қырқына шыдап, қырық біріне де шыдайтын халық­пыз. Тек сенімімізге селкеу түспесін.

Азамат  САМАТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: