Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Анамыздан айырылып қалмайық…

21.10.2021, 11:30 255

Әлеуметтік желілерде «Сырдарияның суы үзіліп қалды» деген ақпарат тарады. «Сыр – Алаштың анасы» дейміз, ендеше анамыздан айырылғанымыз ба?» деген секілді ішкі жан дүниеңнің астан-кестенін шығаратын пікір де жазылды. Құрғақшылық екі бүйірден қысып, алқымнан алуды бастап кеткелі қашан? Суы арнасына сыймай аққан Сыр өзенінің бүгінгі ахуалы адам аярлықтай. Облыс аумағындағы ірілі-ұсақты көл-көлшіктердің тартылып, орны ақ шаңға айналғанын айтпағанда, әлем білетін дарияны демінен айыруға шақ қалғанымыз жанға батады.

«Әр ел Сырдарияның суын өз қалағанынша емес, мемлекетаралық деңгейде қайта қарап, теңдей бөлуі керек. Өзім би, өзім қожа екенмін деген саясатпен көршілеріміз ала берсе, бізге тамшы су келмейді. Су саясаты – бәрі біздің мемлекетаралық мәселенің шешілуімен ғана жүзеге асатын нәрсе» дейді жазушы-эколог Сайлаубай Жұбатырұлы. Осы тақырыпты кеңінен жазып жүрген сарапшы журналист Айткүл Шалғынбаеваның пікірі де осы мәселені меңзейді. «Сырдария суының проблемасы мемлекетаралық деңгейде шешілмейінше, нәтиже болмайды. Ол үшін елімізде су саясатын күшейтіп, өз мүддемізде табандылық таныту – үкіметтің табиғат, ел-халық алдындағы парызы» дейді ол.

Иә, су үшін соғысатын да кез келді. Өйткені, әлемдегі кез келген ел үшін судан туындайтын мәселе өте күрделі саналады.  Су тапшылығының туындағаны кеше ғана емес. «Өзен жағаласам, өзегім талмайды» дейтін ел-халықтың тұрмыс-тіршілігі тұтастай дарияға байланысты емес пе? Сонымен, Сырдарияның суы үзілді ме, жауаптылар соған жауап берді.

Соңғы уақытта Сырдария өзенінің төменгі ағысында вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтуде. Осы мәселеге байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық табиғи ресурстар және таби­ғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысы Сейілбек Нұрымбетов және «Қазсушар» РММ Қызыл­орда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаровтардың қатысумен  брифинг  өтті.

«Қызылорда облысындағы экологиялық жағдай Арал-Сырдария бассейнінің сулылы­ғына тікелей байланысты. Арал-Сырдария бассей­нінде 2019 жылдан бастап су аздығы циклы жалғасуда. Сырдария өзенінің сулы­лығы Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан аумағындағы су шаруашылығы жағ­дайына байланысты және көбінесе «Тоқтағұл» су қойма­сында (Қырғызстан) судың жиналуымен айқындалады. Осы жылы «Тоқтағұл» су қоймасында судың жинақталу көлемі 2019 жылға қара­ғанда 5 млрд текше метрге кем, вегетациялық кезең­нің басында аталған су қоймасында шамамен 15 млрд м3 су жинақталған норма болып саналады. 1 сәуірдегі жағдай бойынша су қоймасында 8,7 млрд м3 ғана болды, бұл 2020 жылға қарағанда 2,9 млрд-қа аз» деген дерек келтірді Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің  фейсбуктегі  ресми  парақшасы.

Брифинг барысында Сырдария суының көбе­йіп  жатқаны  айтылды.

– Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі  ағысына  жіберіліп  жатқан  су  көле­мі 30 текше метрді құраған болатын. Бұл су деңгейі­нің күрт төмендеуіне әкелуде. Осыған байла­нысты облыс әкімдігімен ҚР Премьер-министр­іне және Экология, геология және таби­ғи ресурстар министрлігіне Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерімен Сыр­дария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі бойынша келіссөздер жүр­гізу жөнінде ұсыныстар жолданды. 2021-2022 жылдардың вегетацияаралық кезеңінде мемлекеттердің су алу лимиттері мен «Нарын-Сыр­дария» су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режи­мін келісу кезінде қаралатындығын жеткізді. Сонымен бірге, осы жылдың 18 қазаны сағат 18:00-ден бастап «Шардара» су қойма­сы­нан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 50 м3/с су тасталуда, – деді  Бауыржан  Шаменов.

Мамандар «өзеннің суы үзіліп қалды деген ақпарат шындыққа жанаспайды» деді. Деген­мен, өткен жылмен салыстырғанда судың көлемі азайғанын ашық айтты. Әрине, ол осы күні  соқырға да белгілі жайт ғой…

– Сырдария өзені су деңгейіне байланысты өткен жылмен салыстырғанда біраз төмен­деуі байқалады. Негізгі себебі Сырдария өзені трансше­каралық өзен болып саналады. Жалпы, жылына екі рет судың көлеміне байланыс­ты халық­аралық комиссия арнайы тексереді. Комиссия отырысының қорытындысы бо­йынша биыл Сырдария өзені арқылы Қазақстан территориясына  сәуір мен  қыркүйек айларында 4 млрд м3 су келуі керек деп болжанған. Қазіргі уақытта 2 млрд текше метрге жуық су келген. Бұл 60 пайызды қамтып отыр. «Көксарай» су реттегіші және «Шардара» су қой­масында толық пайдалануға және шекті пайдалануға ең  төменгі  шегі 650 млн текше метрге дейін су қалды. Осы себепті қыркүйек және қазан айла­рын­да  жоғарыдан келіп жатқан су көбейген жоқ. Соның  есебінен  төменге  тас­тайтын  су 30 текше метрге дейін азайған. Қызыл­орда қаласы тұсынан 66 текше метр су өтіп жатыр, – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысы  Сейілбек  Нұрымбетов.

– Қыркүйек айынан бастап «Шардара» су қоймасынан төменгі ағысқа 30 текше метр, Қызыл­орда су торабынан төменгі ағысқа 55-60 текше метр су жіберілген. Мәселен, жаз мезгілінде егістік суару маусымы кезінде Қызылорда су тора­бынан төменгі ағысқа 75-80 текше метр су жіберілді. Сондықтан негізсіз ақпаратқа сену­ге болмайды, – деді «Қазсушар» РММ Қызыл­орда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.

«Шардара» су қоймасына судың түсуі және Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі қараша айында Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының кезекті 81-ші отырысында Сырдария өзенінің бассейні бойынша 2021 жылғы вегетациялық кезеңнің қорытындылары шығарылып, 2021-2022 жылғы вегетацияаралық кезеңінде мемлекеттердің су алу лимиттері мен Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режимін келісу кезінде қаралмақ. Әрине, мұнан кейін Сыр арнасы толып кетеді дегенге сену қиын. Сыр-ана сарқылмасын…

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: