Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жас ұстаздар – жарқын болашақтың бастауы

12.05.2023, 15:00 1263

HALYQLINE.KZ Қазалы – облыстағы ірі ауданның бірі, аудан орталығының теміржол көпірінің арғы беті «Бесінші квартал» деп аталып кеткен. Осы жақтың өзінде 3 мектеп орналасқан. Халық санының өсуімен тұрғындардың өтінішіне байланысты 2017 жылы жаңа мектептің іргетасы қаланды. Құрылыс жұмыстары қарқынды басталып, 2018 жылдың тамыз айында мектеп пайдалануға берілді. Реттік саны №276 орта мектеп болды. Жаңа 300 орындық мектеп 1 қыркүйекте «Сыңғырла, күміс қоңырау» атты ашылу салтанатымен басталып, 316 оқушыға есігін айқара ашып қабылдады. Облыс пен аудан әкімі бір-бірден, аудандық білім бөлімі 3 интерактивті тақта сыйға беріп, алғашқы оқу жылын жаңа мектеп 5 интерактивті тақтамен өз жұмысын бастап кетті. Қазіргі уақытта 18 пән кабинеті, 2 информатика, 1 лингофон, қыз және ер балаларға арналған 2 шеберхана, 521 шаршы метрлік спорт зал, спорт алаңы, кітапхана, акт залы, 100 орындық асхана, жаратылыстану-математикалы  бағыттағы химия, биология, физика пәндерінің зертханалық кабинеттері толықтай қажетті құралдармен жабдықталып, пән мұғалімдері қазіргі кезде 420 оқушымен сабақтарын және үйірме жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Білім берудегі басты мақсат – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Жаңа мектептің директоры Мейрамбек Мырзағалиұлы болды.

1994 жылы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің тарих факультетін бітіргесін, аудандағы ғасырдан астам тарихы бар Жанқожа батыр атындағы №70 мектепте тарих пәні мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Жігерлі жас маман сол кезде-ақ өзінің біліктілігін көрсете білген соң, аудандық оқушылар Үйі директорының оку ісі жөніндегі орынбасары, кәсіптік училише директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, аудандық білім бөлімінің әдіскері және №204 мектеп директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары болып қызмет сатысымен шыңдалды. Басшы болуға қажетті білім мен тәжірибені жинақтап, жоғары категориялы, жаңаша білім жүйесі бойынша педагог зерттеуші болды. Мейрамбектің жұбайы Айнагүл орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болса, қыздары Ақбота шет тілі пәні мұғалімі, Мөлдір қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, екі қызы да магистратураны тамамдаған.

Мектеп директоры болып бекітілген соң, тарихтан белгілі «кадрлар бәрін шешеді» деген қағиданы берік сақтаған М.Жумашов өз мамандығына берілген білікті жас мұғалімдерді жаңа мектепке шақыра бастады. Талай рет өзі де білім сайыстарында топ жарған Мейрамбекке сенген әріптестері еш ойланбастан ұсынысын қабылдап, жаңа мектепке ауысып келді, қазір ұжым 100 пайыз жас та, болса білікті мамандар. Мектеп ашылған жылы жоғары және бірінші категориялы, яғни педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы мамандары 30 пайызды құраса, қазіргі кезде ол 80 пайызға жетті. Қазіргі таңда 5 магистр, 7 зерттеуші, 18 сарапшы, 25 модератор мұғалім дәріс береді.

2021-2022 оқу жылының нәтижесімен әдістемелік жұмыстардың мониторингі бойынша (14 оқу пәні, психолог, дефектолог, логопед жұмыстары) сараптама жасалып, онда №276 мектеп аудан бойынша алғашқы ондыққа кірген. Сонымен бірге 2021 жылы 11-сынып оқушылары Асылзат Күнеділ «Алтын белгісін» қорғап, Жұлдызай Сраж «Үздік аттестат» алып, мектеп тарихында бірінші болып қалды. Осы жақсылық жалғасын тауып, 2022 жылы мектеп бітіруші Ақерке Қолдасбай «Алтын белгі» иегері атанды.

Осындай нәтижеге жету үшін аудандық, облыстық, республикалық жүздеген сайысқа қатысқан ұстаздар мен оқушылардың ерен еңбегі тұр. Барлығын атап өту мүмкін болмаса да, кей жетістіктерді атап өтер болсам, мектеп директоры М.Жумашов «Үздік жыл директоры – 2022» байқауында ІІІ орын иемденсе, өзінің шәкірті Бекарыс Әбдінағи аудандық, облыстық олимпиада жүлдегері және облыстық ғылыми жоба жүлдегері атанды.

2022 жыл қорытындысымен мектеп директорының оқу ісі жөніндегі жұмыстарының атқарылуы барысы бойынша Гүлшахар Аймішова «Үздік оқу ісі жөніндегі орынбасары-2022» байқауында І орынға шықса, облыстық «Халықаралық зерттеулер бойынша үздік үйлестіруші-2022» байқауынан ІІІ орын иеленді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін география пәні Гүлшахар Аймішова қасиетті туған жеріне, еліне құрметпен қарап, «Қазалы географиясы» әдістемелік құралдың авторы, 2022 жылы облыстық тамыз кеңесінде «Қызылорда облысының географиясы» әдістемелік құралды қорғап, облыс көлемінде іс-тәжірибесі таратылды. Аудандық, облыстық марапаттармен марапатталған, 8 наурыз қарсаңында Оқу-ағарту министрінің құттықтауына ие болды.

Тәрбие ісінің меңгерушісі Нұрсұлтан Құламетов мектеп оқушыларын тәрбиелеуде өз үлесін қосып келеді. «Үздік тәрбие ісі жөніндегі орынбасары» байқауында ІІІ орын иеленді, оқушылары көптеген байқаудың жүлдергерлері. Бейіндік оқыту ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Тұяқбаева Қызылорда облысы «Өрлеу» оқу орталығының «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Сонымен бірге, «Үздік мектеп үйлестіруші-2021» байқауында ІІІ орын иеленіп, оқушылары олимпиада жүлдегері атанған.

Облыс пен республикалық мұғалімдердің кәсіби байқауы бойынша ағылшын тілі пәні мұғалімі Анэль Әбдіраш «Үздік жас маман-2019» байқауында «Үздік ашық сабақ» бағамымен, «Тілдарын» сайысында ІІ орын, «Абай әлемі» атауымен буктрейлер сайысында ІІ орын, Қазақстандағы Фулбрайт ұйымы мен АҚШ елшілігі бірлесе ұйымдастырған ағылшын пәні мұғалімдерінің семинарында 1-орын алды. Әріптесі Ақсұлу Құрман ІІІ орын алса, «Үздік жас маман-2022» байқауында ІІ орын иеленді. Руслан Сәрсенбай «Үздік алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі -2022» байқауында ІІ орын, Мариям Құлмағанбет «Үздік бастауыш сыныптағы қазақ тілі пәнінің мұғалімі-2022» байқауында ІІ орын иеленді. Ауданда ұйымдастырылған «Практикалық және зертханалық жұмыстар-2023» байқауынан физика пәнінің мұғалімі Назерке Қаламбай І орын, география пәнінің мұғалімі Бағдат Шатуова ІІІ орын, информатика пәнінің мұғалімі Назерке Берекет ІІІ орын, биология пәнінің мұғалімі Әсел Дүзелбайқызы ІІ орын, химия пәнінің мұғалімі Эльмира Тағыбергенқызы І орын еншіледі. Музыка пәнінің жетекшісі Бекжан Әбиев «Әсем үн, маржан сөз» атты аудандық байқауда І орын иеленіп, оқушылары да биіктерден көрінуде. Сонымен бірге Кеңшілік Өтегенов «Жаңашыл тәлімгер» номинациясы бойынша марапатталды, мектептің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.

Сыр өңірі тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыруға бағдарлама жасап, өзінің кәсіби маман ретінде көрсете білген Ғабит Ақшатау облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамовтың «Алғыс хатын» облыстық білім басқармасының басшысы А.Қасымованың «Құрмет грамотасын» алды. Мектептің жас әрі талантты ұстазы Құдайберген Төлепберген 2019 жылы Халықаралық Асқар Жұмаділдаев атындағы математикалық олимпиадада ІІІ орын, 2022 жылдың қаңтарында облыстық тәжірибе алаңында І орын алды. Осы сайыста «Үздік тренинг-2022» байқауында орыс тілі пәні мұғалімі Әлима Асқарова 2-орынға ие болды. Құдайберген Төлепберген республикалық «Үздік жас маман» байқауында, сонымен қатар, республикалық «IQ-ORDA» интеллектуалды байқауында жоғары білім-білігін дәлелдеп, І орын иеленді. «Үздік математика пәнінің мұғалімі – 2023» байқауында ауданнан І орын иеленіп, облысқа жолдама алды. Оқушылары – аудандық олимпиада жүлдегерлері. «Мәңгілік ел ұстаздары-2020» байқауында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сая Өтепова «Үздік педагог» бағамын иеленді. Аудандық «Ой-сана» атты сайыста ағылшын тілі пән мұғалімі Ғазиза Тілектес І орын, «Көп тілді меңгерген ұстаз» байқауынан бас жүлдеге ие болды. Раушан Қазыбаева «Үздік тарих пәнінің мұғалімі» байқауында ІІ орын иеленді, пәндік олимпиадада тарих пәнінен Раушан Қазыбаеваның оқушылары топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінді. Биология пәнінің мұғалімі Алтыншаш Көлжанова, Ақкербез Қуанышбай, орыс тілі пәнінің мұғалімі Алима Асқарова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлмира Ешниязова, Гүлзат Бақытжанова, Ғазиза Тілектес, информатика пәнінің мұғалімі Назерке Берекет, география пәнінің мұғалімі Бағдат Шатуова, құқық негіздері пәнінің мұғалімі Алдияр Жәмет сынды ұстаздарың шәкірттері де аудандық оқушылар олимпиадасында І-ІІ-ІІІ орындарға ие болды.

Мектеп ашылған 5 жыл ішінде мұғалімдері аудандық «Үздік сындарлы сабақ-2018», «Үздік орыс тілі пән мұғалімі-2018», «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі-2019», «Үздік жаратылыстану пәні мұғалімі – 2022», «Үздік жас маман-2022», «Үздік бастауыш сынып мұғалімі-2020», «Үздік тәлімгер-2022», т.б. сайыстарға қатысып, жеңімпаз атанып, шығармашылықпен жұмыс істеуде.

Мектеп ұстаздары мен оқушылары тек білім додаларында ғана емес, спорттық сайыстарда да топ жаруда, дене тәрбиесі пәні мұғалімдері Құрманбайұлы Ақжол, Жұбатқан Нұркен, Кәден Ілияс, Қаниева Таңшолпан, т.б. Қызылорда қаласының 200 жылдығана орай өткізілген «Сергектік» эстафеталық жарысына қатысып, мектеп командасы І орын, 7-8-сынып оқушылары арасында өткен ұлттық құндылықты дәріптейтін асық ату ойынынан да ұстаздары сияқты шәкірттері де І орынды жеңіп алып, республикалық сайысқа жолдама алды. Тараз қаласында өткен ұшқыр доп ұлттық лигасында оқушылар Сәдуақас Әсет пен Еркінұлы Арсен ІІ орын, асық ойынынан ІІ орынға ие болды. Жаңақорған ауданында өткен мұғалімдердің облыс спарттакиадасында Н.Жұбатқан мен Т.Қаниева аудан намысын қорғап ІІ орын алды. Сонымен қатар Жұбатқан Нұркен мен Құрманбайұлы Ақжол республикалық жарыстарда биік белестерді бағындырып жүр.

Ұжымның басым бөлігі жастар болғандықтан байқаулар мен жарыстарға белсенділікпен қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлап жүр. Соның бірі «Qaztest» сайтының ұйымдастыруымен өткен олимпиадада белсенділік танытып, Қазақстан бойынша «Үздік ұжым» Кубогын ұтып алды.

№276 мектептің жетістіктері республикалық ғылыми-әдістемелік «Тағылым» журналында жарияланып, көпшілікке әдістемелік көрнекі құрал ретінде таратылды. Бұл журналдың 2021 жылдың №01 (84) саны түгелдей №276 мектептің жетістіктеріне арналды.

Қазалы экологиялық аймақтың эпидемиялық орталығы болғандықтан мектеп ауласын көгалдандыруға үлкен мән беріліп келеді. Мектеп аясында көгалдандыру жұмыстары үздіксіз жыл бойы жүргізілу нәтижесінде қазіргі таңда 1000-ға жуық ағаш бой көтеріп тұр. Мектеп ұжымы «Абай біздің ұлттық ұранымыз болуы керек» деген ұстанымды берік ұстана отырып, мектептің территориясында «Абай аллеясы», «Географиялық алаң» жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуде. Сонымен бірге, «Мектеп парламенті», «Дебат», «Театр», «Жасыл мектеп»,«Оқуға құштар мектеп» жобалары жүзеге асырылып, нәтижеге қол жеткізуде. «Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, мектептің өркендеуіне әлі де жастардың қосар үлесі зор. Ашылғанынан бері бесінші оқу жылын мектеп ұжымы жоғары көрсеткіштермен аяқтағалы отыр.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі.

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: