Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада жаңа жеке мектеп ашылды

01.09.2022, 12:00 525

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов пен облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет Білім күні қарсаңында жаңадан ашылған «Orda School» жеке мектебінің ашылу салтанатына қатысты. Аймақ басшысының орынбасары соңғы жылдары жекеменшік мектептердің құрылысы бойынша инвесторлармен қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтіп, жаңа білім ошағына баратын білім алушыларды құттықтап, ақжолтай тілегін жеткізді.

– Ең алдымен баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Облыс көлемінде оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда бес мыңға артып, алғаш мектеп табалдырығын 18 мыңға жуық бүлдіршін аттап отыр. Осы орайда аймақта мектептер желісі жылдан-жылға көбейіп келеді. Солардың бірі – жаңадан ашылып жатқан «Orda School» жеке мектебі. Бұл білім ордасының перспективасы зор деп білеміз. Себебі жеке инвестиция есебінен салынған мектеп жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен жүзеге асатын нәтижелі жобалардың бірі. Әрбір ата-ана баласының заманауи ғимаратта оқып, білімді болғанын қалайды. Бүгін, міне, осы білім ордасының табалдырығын 300-ден аса бала аттап отыр. Балаларымыздың болашағы зор болсын!, – деді Серік Салауатұлы.

Салтанатты іс-шара аясында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлсәнім Аукенова және ардагер ұстаздармен бірге жаңа мектептің лентасын қиды. Мұнан кейін, мектеп фойесінде оқушылармен кездесіп, оқу ошағының материалдық-техникалық базасымен танысты. Мектептің директоры Рауаш Алиқызы заманауи бағытта салынған мектептің ерекшеліктерін баяндады.

Жаңа ғимараттың аумағы 4000 шаршы метрді құрайды. 400 орындық білім ұясында 33 оқу кабинеті, денешынықтыру, акт залдары бар. 33 білікті педагог сабақ беретін оқу ордасында 1-9-сынып аралығындағы 300-ден аса оқушы тегін білім алатын болады.

Еске сала кетейік, биыл 6 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жаңа оқу жылының қарсаңында 3 жаңа мектеп ашылса, жыл соңына дейін 5 мемлекеттік және 1 жеке мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мұнан бөлек, бірнеше жылдан бері жөндеуді қажет еткен 6 білім беру нысаны жаңарып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: