Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысында қанша ер мұғалім сабақ береді?

11.06.2024, 10:10 187

Қазіргі таңда мұғалімдік десе, көз алдымызға тек нәзікжандылар елестейді. Мұндай бұрыс қалыптасқан ой мектептерде ер мұғалімдердің санын азайтпаса, көбейте қоймас. Оған көптеген теріс фактордың әсер еткені анық.

Бүгінде білім ошақтарында ер мұғалімдер саны жылдан-жылға азайып жатқанына осы секілді жаңсақ қалыптасқан пікірлердің өзі жетіп жатыр. Әрине, бұл мүлде дұрыс емес. Қазіргі кезде мектеп қабырғасында мұғалімдердің жартысынан көбі – әйелдер. Бұл дегеніміз әйелдердің мұғалім болуын қолдамағандық емес, тек ер-азаматтардың да ұстаздық етуінің маңызды рөл атқаратынын білсе екен дейміз. Отбасына тіреу болар әкенің орны қаншалықты маңызды болса, сол секілді білім беретін мекемелер мен мектептерге де ер мұғалім ауадай қажет. Оқушыларға білім беріп қана қоймай, күшті тәртіп пен мықты тәрбие беру үшін ер мұғалімдердің орны қашанда бөлек. Мектепте көбіне ер мұғалімдердің дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайындық, ары кетсе технология пәндерінен дәріс беретінін көп байқаймыз. Бұл дегеніміз ер-азаматтар үшін мектепте тек осындай бағыттағы пәндерден дәріс беру керек деген ұғым қалыптасып қалған секілді. Тіпті, бастауыш бірлестіктерінде ер мұғалім атымен жоқ.

Статистикалық деректерге сүйенсек, облыс бойынша 1110-ден аса білім беру ошағы бар. Қызылорда облыстық білім басқармасының мәліметінше, жалпы есеппен облысымызда 19 мыңнан көп әйел педагог сабақ берсе, 4500-ден аса ер мұғалім жұмыс істейді. Ал 1-2 жылдық зерттеулерге көз жүгіртсек, бастауыш білім беру санатындағы 324 мектепте 23 ер мұғалімнің қызмет атқаратынын байқаймыз. Әрине, көрсеткіштің қаншалықты аз екені айтпаса да белгілі.

Облысымызда болып жатқан оқушылар арасындағы (келеңсіз оқиғалар, төбелес, өлім оқиғалары) секілді жайттарға әке тәрбиесінің жетіспеуі, ер мұғалімдердің аздығы әсер етуі мүмкін бе?

Бүгінде қоғамда ең өзекті деген мәселелердің бірі – осы мектеп жасындағы балалар тәрбиесі. Тіпті, мектеп қабырғасында оқушылар арасында болып жатқан қайғылы оқиғалар туралы жаңалықтан көз ашар емеспіз. Бұндай факторлардың жиі қайталануына бірнеше себеп әсер етуде. Оған ең алдымен отбасында алған бала тәрбиесі, ата-ананың жұмысбастылығы, әлеуметтік мәселелер мен психологиялық әсер етулер жатады.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, әр бала – өз отбасының айнасы. Балапан шағынан көрген, естіген дүниесі ержеткен шағында өзіне азық болары анық. Әрине, оның жақсы не жаман болуы ол ата-анасына тікелей байланысты. Қазіргі заманда ата-ананың жұмысбастылығы салдарынан қаншама балаға аз көңіл бөлінуде. Сондықтан, тәрбие ісінің жағдайы көп отбасыларда ақсап тұр. Сондай-ақ, шаңырақта ауызбіршілік пен берекенің болмауы әрбір балаға психологиялық қысым береді. Бала шағынан стреске түсіп, көп сыртқы қысымды бастан өткерген жеткіншек сол кезеңнен-ақ өзін еркінсітіп, көше тәрбиесіне еніп кетеді. Ал осы жағдайлардың барлығы дерлік баланың мектептегі тәртібіне кері әсер етері айдан анық. Сондықтан оқушылар арасындағы небір келеңсіз жайттарға себеп болатын ол, ең алдымен отының басындағы әке тәрбиесінің нәтижесінде болмақ.

Ал, осы тұста мектеп оқушысы үшін мектептегі ер мұғалімдерден болатын ішкі тәртіп пен ереженің айтарлықтай маңызы зор екенін атап өтпеске болмайды. Мектеп қабырғасында нәзік жандылардың оқушы тәртібімен болатын келеңсіздіктер көп кездесетінін естіп жатамыз. Осындай сәтте ер мұғалімдердің «бір сілкіп алар» мықты тәрбиесінің жетіспей тұратыны байқалады. Сол себепті де ер мұғалімнің білім ошағында алар орны маңызды болғаны жөн деп ойлаймын.

Сонымен қатар, осы тақырып төңірегінде Қызылорда қаласында бірнеше жыл ұстаздық етіп қызмет атқарып жүрген ер мұғалімдермен пікір алмасқан болатынбыз.

Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейдің математика пәні мұғалімі Нұрхан Каужанов өз сөзінде «Бұл мәселеге тек мектептегі ер мұғалімдердің аз болуы себеп емес, ең алдымен оқушының үйдегі тәрбиесіне байланысты деп ойлаймын. Отбасында ата-ананың, оның ішінде әкенің балаға деген ықпалы бірінші орында тұруы керек. Ал мектептегі ер мұғалімдер санының аздығы жайына келер болсақ, жалпы саны бар, сапасы жоқ деген сөз бар. Ер мұғалімдердің де арасында жұмсақ мінездісі болып, оқушыларды бағындыра алмауы мүмкін. Бұл да оқушылардың тәртібі үшін кері әсерін тигізеді» деген еді.

Ал, №176 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ерсін Пірназаров «Бұл жағдайлар бойынша қазіргі күні тәрбие саласы басты мәселеге айналып отыр. Мұндай оқиғалармен ата-ана мен мұғалім ғана емес, қоғам болып күресу қажет. Ал үйдегі әке тәрбиесінің аздығы бұл әкенің отбасындағы, қоғамдағы орнының төмендеуі деп ойлаймын. Сондай-ақ, мұғалім ретінде оқушылармен тәрбие жұмысын күшейту керек, олармен жақын сөйлесіп, ата-анасымен байланысын нығайтқанымыз жөн» деп өз пікірін білдірген болатын.

Қорытындылай келе, Қызылорда облысындағы мектептерде ер мұғалімдердің тапшылығы – басты назардағы мәселе. Ұстаздық қызметіне ер-азаматтарды көбірек шақырып қана қоймай, оқу-тәрбие жағдайында ата-ананың рөлін күшейту қажет. Бірлесу арқылы ғана біз білім беру деңгейімізде оң өзгерістерге қол жеткізе аламыз. Сондай-ақ, оқушылар арасындағы маңызды деп танылған әрбір мәселені бірлесе жеңе аламыз.

Зейнеп АМАНГЕЛДІ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің 1-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: