Бексұлтан МҰРАТБЕК:
Әр адамның туған жерге, топыраққа деген құрметі түрлі жолмен көрініс табады. Бірі ауылда қалып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосады, бірі алыста жүріп, елдің мұңын жеткізуі ықтимал. Ал кейде осы екеуін ұштастырып, өзі туған ауылдың тынысын өз сөзімен де, ісімен де жеткізе білетін жандар болады. Солардың бірі – ауыл мұғалімі әрі блогер Бексұлтан Мұратбек. Ол – қарапайым ауыл мектебінің мұғалімі ретінде ғана емес, әлеуметтік желіде ауыл өмірін шынайы әрі жанды етіп көрсетіп жүрген азамат. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен Шу ауданына қарасты Ермұхан Бекмұханов атындағы мектеп-гимназияда сабақ беретін ол – Жамбыл облысы, Мойынқұм ауылының тумасы. Блогерлік жолмен білім мен болмысты тоғыстырған кейіпкерімізбен шындық пен шабыт, мектеп пен медиа, ауыл мен арман туралы сыр тарқатып көрдік.
– Қайырлы күн! Мұғалім болу сіз үшін тек мамандық па, әлде өмірлік миссия ма? Бұл жолды таңдауыңызға не түрткі болды?
– Мұғалім болу – мен үшін жай ғана мамандық емес, менің өмірлік миссиям. Баланың жүрегіне жол тауып, олардың санасына сәуле себу – үлкен жауапкершілік әрі қасиетті міндет. Бұл жолды таңдауыма ата-анам мен өзіме сабақ берген ұстаздарымның ықпалы зор болды. Олар маған біліммен қатар жүрек жылуын да берді. Сол жылулықты мен де шәкірттеріме жеткізгім келді.
– Ауыл мектебінде жұмыс істеу сіз үшін қандай артықшылық пен жауапкершілік әкеледі?
– Ауыл мектебінде жұмыс істеу – мен үшін үлкен мәртебе. Мұнда шынайылық бар, табиғилық бар. Балалар өмірге жақын, арманшыл келеді. Сонымен қатар, бұл – үлкен жауапкершілік. Себебі ауыл баласының тағдыр жолына әсер ету – үлкен сенім. Сол сенімді ақтау үшін үнемі ізденіп, заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеріп отыру – парызым.
Иә, мен үшін ауыл өмірі – тек тұратын жер емес, ол – өмір сүру салтым, болмысымның негізі. Ауылда әр күн еңбекпен басталып, еңбекпен аяқталады. Көпшілікке ауылдағы шынайы тіршілікті жасандылықсыз, боямасыз көрсетуге тырысамын.
Жұмыс күндері таңертеңгі күнім ерте басталады. Сағат 4-те тұрып, қора-қопсыны жайғастырып, таңертеңгілік жаттығу жасап дегендей. Сосын мектепке дайындық: жоспар, сабақ, қажет материалдарды пысықтау. Ауылда уақыт босқа өтпейді – әр сағат санаулы. Сабақтан кейін үй тірлігі: малдың жай-күйін қарап шығу – үйреншікті жұмыс. Бұл – мен үшін ауыр емес, қайта бойға қуат беретін тіршілік.
Желіде ауыл өмірін жиі насихаттайтыным — көрермен ауылды тек қиындықпен емес, тазалықпен, шынайылықпен, шексіз мүмкіндіктермен байланыстырып үйренсе деймін. Ауыл баласының да арманға жетуге толық құқығы бар екенін көрсеткім келеді. Сол үшін өмірімді ашық көрсетемін: үй тіршілігі, мұғалімдік жұмыс, қоғамдық белсенділік, тіпті шаршаған сәттерімді де жасырмаймын. Себебі өмір — тек жетістік емес, күрес пен табандылықтың қосындысы.
Ауыл өмірі маған тәртіпті үйретті, шынайы болуды, сабыр сақтауды үйретті. Сол құндылықтарды көрерменге жеткізгім келеді. Шын өмір дәл осы жерде, ауылда. Сол өмірге шүкірлік етіп, әр күнді мәнді өткізу — басты мұратым.
– Өзіңіз өскен отбасыңыздың сіздің болмысыңызға қалай әсер еткенін айтып бере аласыз ба?
– Отбасым – менің өмірдегі ең алғашқы мектебім. Әкем еңбекқорлығы мен сабырлы мінезімен үлгі болса, анам – мейірім мен адамгершіліктің айнасы. Сол тәрбиенің арқасында әр іске жүрекпен қарауды үйрендім. Бүгінгі болмысым – сол қарапайым, бірақ терең құндылықтардың жемісі.
– Жеке өміріңізде қолдаушы ортаңыз кім? Еңбекқорлығыңызды, қоғамдық белсенділігіңізді қалай қабылдайды?
– Олар менің әр бастамама сеніп, үнемі демеу көрсетеді. Қоғамдық белсенділігімді мақтанышпен қабылдап, шабыт беріп отырады.
– Бала кезіңізде қандай арман қудыңыз? Бүгінгі Бексұлтан сол арманның жалғасы ма?
– Бала күнімде ТВ-ға шығып сөйлеп, көпшілікке бағыт беретін адам болғым келетін. Қазір ұстаз, блогер ретінде сол арманның шындыққа айналғанына шүкіршілік етемін. Әр баланың жүрегінде бір арман жатады. Мен сол бала Бексұлтанның арманына адал болып келемін.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Қандай жағдай болмасын өзгермейтін қағидаңыз бар ма?
– Менің өмірлік ұстанымым – адал еңбек, шынайы ниет, тұрақты даму. Қандай қиындық болмасын, адам өз болмысына, адами құндылықтарға адал болып қалуы керек деп есептеймін. Шын жүректен жасалған іс міндетті түрде жемісін береді.
– Желіге алғаш видео жүктеген сәт есіңізде ме? Қорқыныш, сенімсіздік болды ма?
– Әрине, алғаш видео салғанда қобалжу болды. «Қалай қабылдайды?», «Кім көреді?» деген ойлар мазалады. Бірақ жүректен шыққан дүние жүрекке жететінін түсіндім. Содан бері әр контентімді шынайы етіп жасауға тырысамын.
– TikTok немесе Instagram арқылы жастарға бағыт беру сіз үшін тәрбие құралы ма, әлде шығармашылық өріс пе?
– Мен үшін бұл — екеуінің тоғысы. Әлеуметтік желі – жастарға әсер етудің қуатты құралы. Сондықтан мен ол алаңда тәрбиелік мәні бар, мазмұнды әрі креативті контент жасауға ұмтыламын. Бұл – менің шығармашылығымның әрі ұстаздық миссиямның жалғасы.
– Камера алдында шынайы болу сізге қиын ба? Өзіңізді көрсетуде қандай ішкі шекара орнатасыз?
– Шынайы болу – менің басты қағидам. Дегенмен, жеке өмірім мен отбасыма қатысты шекара бар. Әр нәрсенің өз орны, өз уақыты болуы керек. Көрерменмен бөлісетінім – жүрек сүзгісінен өткен, көпшілікке пайдалы дүние.
– Ең алғашқы резонанс тудырған видеоңыз қайсы болды? Сол сәттен не түйдіңіз?
– Бір видеом ауыл мектебі мен мұғалімдердің шынайы тұрмысын көрсеткен еді, сол бейнежазбамды көп адам бөлісіп, пікір білдірді. Сол кезде адамдарға шындық пен қарапайымдылық ұнайтынын түсіндім. Сол сәт маған қанат бітірді.
– Блогер болу сізге қандай қиындықтар алып келді? Қандай да бір күйзеліс, сынақтар болды ма?
– Әрине, сын да айтылды, түсінбестік те болды. Бірақ бұл – өсу жолындағы қалыпты жағдай. Күйзелістен емес, керісінше, сыннан сабақ алуға тырысамын. Уақыт өте келе адамдар ниетіңді түсінеді.
– Ауыл жастары сіздің әрекетіңізден не үйрене алады деп ойлайсыз? Оларға нақты қандай үлгі көрсеткіңіз келеді?
– Ауылда отырып-ақ үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізуге болатынын көрсеткім келеді. Еңбекқорлық, үздіксіз даму, өз-өзіне сенуді ауыл жастарына үлгі болсын деймін. Тек армандап қоймай, нақты әрекет жасау керек.
– Мұғалімдердің блог жүргізуі қоғамға қандай пайда әкеледі деп ойлайсыз? Бұл үрдісті қолдайсыз ба?
– Иә, толық қолдаймын. Мұғалімнің дауысы қоғамда естілуі керек. Әлеуметтік желі арқылы халық мұғалімнің шынайы бейнесін көреді. Бұл сенім мен түсіністікке жол ашады.
– Сізге қарап қаншама адам шабыт алады. Бұл сенімді арқалап жүру қиын ба, әлде ол сізді қанаттандыра ма?
– Бұл – үлкен жауапкершілік. Бірақ мен үшін бұл сенім – күш, шабыт. Адамдар сеніп, үлгі көреді екен, демек, менің жолым бос емес. Сол үшін үнемі өзімді жетілдіруге тырысамын.
– Болашақтағы Бексұлтанды қалай елестетесіз? 10 жылдан кейін өзіңізге қандай биік мақсат қойғансыз?
– 10 жылдан кейін де өзімді білім мен тәрбие саласынан көремін. Бірақ бұл жолда жаңа деңгейге көтерілу – басты мақсатым. Мүмкін, авторлық мектеп, жастар орталығы не өз жобаларым арқылы елге қызмет етіп жүремін. Бастысы – ұлтқа пайдалы, жастарға бағыт беретін тұлға болу.
– Сұхбатыңызға рақмет, тіл-көзден аман болыңыз!
Сұхбаттасқан
Перизат ЗАХРАДИН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!