Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғалым ұстазға ескерткіш қойылды

06.09.2022, 10:55 917

Алашқа аты танылған аналардың қатары аз емес. Олар әйел затынан бола тұра елге қалтқысыз қызмет етіп, отбасында аяулы ана, ардақты әже, ал еріне адал жар бола біледі. Ғұмырын ғылымға арнап, педагогика саласында өшпестей із қалдырған ұстаздардың есімі әр кез еленетіні белгілі. Өйткені бала жанының бағбаны болу, нағыз ұстаздық ете білу – ұмытылмайтын және ардақты қызмет. Өзінің саналы ғұмырында еліне сүйенішті қызмет етіп, білім саласында өзіндік орнын қалыптастырған. Сыр жұртшылығына есімі танымал жандардың қатарында Зейнегүл Досманбетова да бар. Сәулелі ғұмырын шәкірт пен білімге арнаған жан 1947 жылы дүниеге келіп, өткен жылдың қазан айында жарық дүниемен қоштасқан еді. Дегенмен, оның артында қалған мол мұрасы мен еңбектері оқырманның қажетті құралына айналған. Зейнегүл Рамазанқызы – қаламыздағы «Болашақ» университетінің ашылуына бірден-бір білек сыбана кіріскен жан.

Білім күні ғалым ұстаздың құрметіне орай, өмірдегі серігі, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов қаланың сол жағалауында орналасқан «Болашақ» университетінің алдына ескерткіш орнатты. Саналы ғұмырында осы оқу орнының болашағы мен бүгініне, деңгейі мен дағдысына көңіл бөлген  Зейнегүл Досманбетованың ескерткіші университет алдында тұруы оның бұл жерде ардақты тұлға екенін аңғартады.

«Болашақ» универсиетінің негізін қалаушы, профессор, Ресей Жаратылыстану Академиясының академигі, РһD ғалым ұстаз Зейнегүл Рамазанқызын еске алу іс-шарасына облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов, қала әкімі Асылбек Шаменов, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев, облыстың білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова және университеттің ардагер ұстаздары, оның ұл-қыздары мен немерелері қатысты.

Іс-шара «Болашақ» университетінің атриум залында басталып, өмірінде дос-жаран болған жандардың жылы естеліктері, ыстық лебізі айтылды. Сонымен бірге, өмірлік жары Бақберген Досманбетов еске алу іс-шарасында жұбайы Зейнегүл Досманбетовамен өткен қызықты шақтарын еске алып, көптің көңілін босатты.

  • Мен Зейнегүлдің ашық, жайдары мінезін ерекше құрметтеймін, бағалаймын. Біздің таныстығымызға да сол мінезі түрткі болған болар. Мен қуаныш-қайғымды бөлісіп отыратын жан өткен жылы мәңгілік өміріне аттанды. Оның ғылым саласындағы жолы да оңай өткен жоқ. Менімен бірге «Болашақ» университетін ашатын уақытта да біршама күш салып, еңбегін сіңірген адам болса, ол Зейнегүл болатын, – деді Бақберген Сәрсенұлы.

Жиынға жиналған қауым ары қарай университет алдында мүсіні қаланған ғалымның ескерткішін ашуға жиналды. Көптің көзінде сағыныш пен Зейнегүл ұстазға деген құрмет байқалды. Ескерткішті өзінің бауырлары, жары, ұл-қыздары ашып, гүл шоқтарын қойды. Мүсінді жасаған автор Мейрам Баймұханов өз туындысында қайраткер әйел образын сомдаған. Жасыл желектің ортасына орналасқан ескерткішке қарап, қыздар мен әйел затының ғылым-білімге талпынысы артады деп сенеміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: