Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұмаудың шарықтау шегі қашан болады?

05.11.2021, 9:15 408

HALYQLINE.KZ

Бүгінде ауа райының тұрақсыздығы мен күннің салқындауына байланысты ЖРВИ, тұмау ауруларының таралуы күрт артқан. Әсіресе балалар арасында жедел-респираторлы вирустық инфекция көбейген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова мәлімдеді.

Оның айтуынша, осы жылдың қыркүйек айында жедел жәрдем бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға шақыртулар қазан айымен салыстырғанда 32,9 пайызға артып, яғни 17105 шақырту болған. Ауруханаға тасымалдау бойынша 2 айды салыстырғанда 24 пайызға жоғарылаған. Аталмыш диагнозбен ауруханаға жатқызу 54 пайызды құрап отыр. Оның ішінде ЖРВИ-мен 5 жасқа дейінгі балалар арасында ауруханаға жатқызу да 54,5 пайызға өскен. Пневмониямен ауруханаға жатқызылғандар саны қазан айына 100 жағдай тіркеліп, оның 84 пайызын 5 жасқа дейінгі балалар құрады.

«Болжам бойынша қаңтар айының аяғы және ақпанның басында ауру өршиді, мамыр айында сырқаттану бірлі-жарым жағдайларға дейін азая бастайды» дейді Мая Миранбайқызы.

Сондай-ақ, ЖРВИ ауруына шалдыққандардың 58 пайызы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Ал, осы жылдың 9 айында КВИ диагнозымен 2032 науқас емделіп шығып, оның ішінде балалар саны 104 науқасты құраған. Бір жасқа дейінгі балалар саны – 44. Ал КВИ нақтыланбаған диагнозымен, яғни ПТР нәтижесі теріс, пневмония диагнозымен 9 айда 744 науқас емделген, оның ішінде 10-ы – бала, 2-еуі – 1 жасқа дейінгі сәби. Бұл жайында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова хабарлады.

Сонымен қатар, жылда күз айларында тұмауға қарсы екпе салынады. ДДСҰ-мен берілген кеңесін негізге ала отырып, тұмаудың эпидахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету мақсатында жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы вакцина сатып алуға қаражат бөлінеді. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, тұмауға қарсы вакцина егу ағымдағы жылдың қыркүйек айының 15-жұлдызынан бастап жергілікті емханаларда жүргізілуде. Облыс бойынша тұмау ауруына қарсы 82383 азамат егумен қамтылды, оның 80383-і жергілікті бюджет есебінен егілсе, 2000 азамат жұмыс берушілер тарапынан қамтылды.

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: