Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекцияның алдын алу маңызды

06.11.2024, 17:15 334

Бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлмира Сыздықованың, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Әділбек Медетбаевтың, «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Фарида Қалиева мен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Мария Жарекешованың қатысуымын баспасөз конференциясы өтті.

Брифинг барысында спикерлер Қызылорда қаласында тұмау және жіті респираторлық вирустық инфекцияларының эпидемиологиялық жағдайы мен олардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтті.

– Жыл сайын күзгі-қысқы уақыт кезеңінде тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялармен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі байқалады. Қызылорда қаласында 10 ай көлемінде жіті респираторлық вирустық инфекциясының 84 525 оқиғасы, ал тұмау аурушаңдығының 73 жағдайы тіркелген. Аурушаңдықтың 63,7% үлесі – 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Қазан айынан бастап кезекті эпидемиялық маусымда ЖРВИ-дің 12 465 оқиғасы тіркелсе, тұмау аурушандығы бойынша ауру оқиғасы тіркелмеген.

Осы орайда, қалада орналасқан барлық емдеу-сауықтыру және білім мекемелері ЖРВИ және тұмау жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларды қамтамасыз ету алгоритмдерімен жұмыс жасауда. Сондай-ақ, ауруханалар мен емханалар тұмауға қарсы дәрі-дәрмек қорымен толық қамтамасыз етілген. Тұмау ауруының немесе оның асқынуының алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация, – деді басқарма басшысы Гүлмира Жамбылқызы.

Жалпы, Қызылорда қаласында 37 324 адам тұмауға қарсы «Гриппол плюс» вакцинасымен қамтылған. Тұмау, жедел респираторлы вирустық инфекцияларының ауыр ағымдағы және пневмонияға шалдыққан науқастарды тұмау ауруына зертханалық зерттеу «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалының вирусологиялық зертханасында жүргізіледі.

– ЖРВИ және тұмаумен ауыратын науқастарды емдеу үшін Ә.Бөкейханов көшесі №60 мекенжайындағы жұқпалы аурулар ауруханасы орналасқан ғимаратта 80 төсек-орын жабдықталып, талапқа сай жұмыс істеуде, – деп қорытындылады облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Әділбек Медетбаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: