Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарағандыда балалар жаппай неден уланды?

01.08.2023, 11:55 213

HALYQLINE.KZ

Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улану дерегі тіркелді. Бір бала көз жұмды, тағы 6 бала жансақтау бөлімінде жатыр.

30 шілдеде Орталықта екі баланың денсаулық жағдай нашарлаған. Олар құсып, іші өткен. 31 шілдеде осы мекемедегі тағы 10 балада ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жатқызылды.

«Дәрігерлер жедел шаралар қолданғанына қарамастан балалардың бірі қайтыс болды. Бүгінгі таңда алты бала реанимацияда. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында», – деп мәлімдеді Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ауруханаға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев келді. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және емдеуші дәрігерлермен жедел кеңес өткізді.

Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Қылмыстық іс қозғалды және Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді.

Ермағанбет Бөлекпаев тергеу нәтижесінде жауапты тұлғалар анықталып, қатаң жазаланатынын атап өтті. Мекеме директорының міндетін атқарушы атқаратын қызметінен шеттетілді.

Ал, Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова министрлер кабинетінің кулуарында Қарағандыда балалардың жаппай улануын тексеру барысында олардың тамақтан уланбағаны белгілі болғанын айтты.

«Себебін анықтау үшін уақыт керек. Алғаш зардап шеккен балалар 30 шілдеде кешке қарай аурухағана түскен. Қалғандары кеше, 31 шілдеде келген. Бұған дейін тамақтан уланды деген күдік болған, бірақ алғашқы тергеу улану себебі тамақтан емес, оған еш қатысы жоғын көрсетті. Балалардың жағдайы ауыр екенін ескеріп, бүгін денсаулық сақтау министрі оқиға орнына барды», – деді Айжан Есмағамбетова.

Ол осы уақытқа дейін улану белгілері бар 12 балаға «белгісіз заттан улану» диагнозы қойылғанын атап өтті.

«Өкінішке қарай 12 баланың біреуі көз жұмды, 6 бала жансақтау бөлімінде жатыр. 5 баланың жағдайы орташа ауыр. Барлығы – жасөспірім ұлдар», – деді санитар дәрігер.

Сонымен қатар улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, жағдайды Бас прокуратура бақылауға алды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: