Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Психосоматика дегеніміз не және оған сенуге бола ма?

23.07.2026, 6:00 30

Психосоматика – адамның психологиялық күйі мен денсаулығының өзара байланысын зерттейтін медицина мен психологияның тоғысындағы бағыт. Термин гректің psyche – «жан» және soma – «дене» деген сөздерінен шыққан. Оның негізгі қағидасы қарапайым: адамның эмоциялық жағдайы ағза жұмысына әсер етуі мүмкін. Бұл барлық ауру тек ойдан пайда болады деген сөз емес. Керісінше, психологиялық факторлар кейбір аурудың пайда болуына, асқынуына немесе ұзаққа созылуына  ықпал  етуі  ықтимал.

Ғалымдар күйзеліс кезінде ағзада кортизол мен адреналин сияқты стресс гормондары көбейетінін анықтаған. Егер мұндай жағдай ұзақ уақыт сақталса, иммундық жүйе әлсіреп, қан қысымы жоғарылап, ұйқы бұзылып, ас қорыту жүйесінің жұмысы нашарлауы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер созылмалы стресті жүрек-қан тамырлары  ауруларының, гипертонияның  және асқазан-ішек жолы ауру­ла­рының  қауіп факторларының бірі ретінде қарас­тырады.

Психосоматика  белгілері  әр  адамда  әртүрлі байқалады. Біреудің іші ауырып, тәбе­ті жоғалса, енді бірінде бас ауруы жиілейді неме­се бұлшықеттері тартылып қалады. Кейбір адамда тері бөртіп, демікпе ұстамасы күшеюі мүмкін. Мұндай белгілердің бәрі міндет­ті түрде психосоматикалық дегенді білдірмейді. Сондықтан алдымен медициналық тексеруден өтіп, нақты диагноз қою маңызды.

XX  ғасырдың  ортасында  асқазан  жарасының  негізгі себебі күйзеліс деп есептеліп келді. Алайда 1980-жылдары австралиялық ғалымдар Барри Маршалл мен Робин Уоррен оның басты себеп­терінің бірі Helicobacter pylori бактериясы екенін дәлелдеді. Ке­йін  бұл  жаңалық  медицинада  үлкен  бетбұрыс  жасап, екі ғалым 2005 жылы Нобель сыйлығын иеленді. Бұл оқиға ғылымдағы маңызды қағиданы тағы бір рет көрсетті: эмоция  аурудың ағымына әсер етуі мүмкін, бірақ оның нақты биологиялық  себебін  жоққа  шығармайды.

Бүгінде әлеуметтік желілерде «мойын ауырса, бұл – реніштен», «арқа ауырса, ақша жетіспегеннен», «қатерлі ісік өкпеден қалған өкініштен пайда болады» деген секілді пікірлер жиі кездеседі. Мұндай тұжырымдардың ғылыми дәлелі жоқ. Дәрігерлер кез келген ауру­дың нақты медициналық себебін анықтамай тұрып, оны тек психологиямен байланыс­тыру қауіпті екенін айтады. Өйткені бұл адамның уақытында  ем  қабылдауына  кедергі  келтіруі   мүмкін.

Дегенімен, психикалық  денсаулықтың  маңызын жоққа шығаруға болмайды. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде шама­мен әр жетінші адам қандай да бір психикалық бұзылыспен өмір сүреді. Сонымен қатар мазасыздық пен депрессия салдарынан жаһандық экономика жыл сайын   шамамен 1 триллион АҚШ  доллары  көлемінде  еңбек өнімділігін жоғалтады. Бұл психикалық саулықтың тек адамның көңіл күйіне ғана емес, қоғам мен экономикаға да  тікелей  әсер  ететінін  көрсетеді.

Психосоматикаға қатысты тағы бір қызық байқау бар. Маңыз­ды жарысқа шығар алдында спортшылардың жүрегі жиі соғып, қолы дірілдеуі немесе студенттердің емтихан алдында ішінің бұрап ауыруы қалыпты физиологиялық реакция саналады. Яғни ми қауіп неме­се жауапкершілікті сезінгенде, бүкіл ағза соған бейім­деле бастайды. Сондықтан эмоция мен дененің байланысы – күнделікті өмірде  әрқайсысымыз  бастан  кешетін  табиғи  құбылыс.

Мамандар денсаулыққа кешенді қарауға кеңес береді. Егер ұзақ уақыт бойы бас ауруы, іштің жайсыздығы немесе басқа да белгілер мазаласа, ең алды­мен дәрігерге қаралған дұрыс. Ал тексерулерден кейін мәселенің күйзеліспен байланысты екені анықталса, психологтың немесе психотерапевтің көмегі пайдалы болуы мүмкін. Дұрыс ұйқы, тұрақты дене белсенділігі, теңгерімді тамақтану және  демалыс  та  психикалық  әрі физикалық  денсаулықты  нығайтуға  көмектеседі.

Қорытындылай айтқанда, психосоматика – миф емес, бірақ оны шектен тыс әсірелеудің де қажеті жоқ. Ғылым адамның эмоциялық жағдайы денсаулыққа әсер ететінін мойындайды. Алайда кез келген аурудың себебін тек күйзеліс немесе жағымсыз ойлардан іздеу ғылыми тұрғыдан дұрыс емес. Сондықтан денсаулыққа қатысты мәселе туындағанда әлеуметтік желідегі кеңестерге емес, дәлелді медицинаға және маман  пікіріне  сүйенген  жөн.

Дайындаған А.АБАЙҰЛЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: