Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Хантавирус: Әлемді алаңдатқан індеттен елімізге қауіп бар ма?

26.05.2026, 7:40 50

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «хантавирус» атауы жиі айтылып, жұртшылықтың алаңын күшейткен ақпараттар көбейді. Бірі оны «жаңа пандемия» деп бағаласа, енді бірі әлемде қауіпті індет таралып жатқанын жарыса жазуда. Әсіресе TikTok пен Telegram  желісінде  тараған  қысқа  видеолар  мен  дабылға  толы жазбалар  ел  ішінде  түрлі  күмән  мен  қорқыныш  туғызды.

Қоғамды  алаңдатқан  мұндай  сәтте  нақты  ақпарат  пен ресми  мәліметтің  орны  ерекше.  Өйткені  бүгінде  жалған ақпарат  шындықтан да жылдам тарайды. Бір  ғана  расталмаған хабар  мыңдаған  адамның  үрейін  оятып, ел ішінде  сенімсіздік қалыптастыруы  мүмкін. Сондықтан біз  хантавирусқа  қатысты ресми  органдардың  мәліметіне  сүйеніп,  мәселенің  мән-жайына  үңіліп  көрдік.

Хантавирус – кеміргіштер арқылы таралатын зоонозды инфекция. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның мәліметіне сәйкес, вирус көбіне тышқан мен егеуқұйрық секілді кеміргіштердің сілекейі, зәрі, нәжісі немесе олар ластаған шаң арқылы адам ағзасына түседі. Кей жағдайда ластанған азық-түлік те инфекция көзі  болуы  мүмкін.

Мамандар бұл вирустың адамнан адамға жұғуы өте сирек кездесетінін айтады. Әлемде мұндай қасиет  тек Латын Америкасында анықталған «Андес» штамында ғана тіркелген. Оның өзі ұзақ уақыт тығыз байланыста болған жағдайда ғана беріледі. Сондықтан әлеуметтік желілерде айтылып жүрген «ауа арқылы жаппай тарайды» деген әңгімелер ресми түрде дәлелденбеген.

Дегенмен, хантавирус атауының қайтадан әлем назарын аударуына жуырда халықаралық круиздік кемеде болған жағдай себеп болды. Шетел­дік ақпарат құралдарының хабар­лауынша, теңіз саяхаты кезінде бір­неше жолаушыдан хантавирусқа күдікті белгілер анықталғаны туралы ақпарат тараған. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік  желілерде  түрлі  қауесет көбейіп, жұрт арасында алаңдаушы­лық күшей­ді. Алайда кейін ресми органдар жағдайдың бақылауда екенін, індеттің жаппай таралу қаупі жоқ екенін анықтаған. Десе де, ақпарат алаңында осы круиз арқылы бірнеше адамның хантавирус індетіне шалды­ғып, тіпті қайтыс болғандар саны да анықталғанын  жарыса  жазып  жатыр.

Қазақстан Республикасы Денсау­лық сақтау министрлігі де елдегі жағдай тұрақты екенін мәлімдеді. Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстан аумағында хантавирус індеті тіркелмеген. Сондай-ақ бұл инфекция жаппай таралу қаупі жоғары аса қауіпті вирустар қатарына жатпайды.

Дегенмен, мамандар әлем­дегі эпидемиологиялық жағдайға бейжай қарап отырған жоқ. Әсіресе, халықаралық сапарлар арқылы инфекция тасымалдануы мүмкін екені ескеріліп, бақылау шаралары күшейтілген. Әуежайларда тепловизиялық тексеру жүргізіліп, инфекциялық стационарлар  дайындыққа  келтірілген.

Қызылорда облысында да жағдай тұрақты. Өңірде хантавирус дерегі тіркелмеген. Бұл туралы Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ресми жауап жолдады. Департамент басшысы Гүлмира Сыздықованың айтуынша, қазіргі уақытта өңірде де, жалпы республика көлемінде де хантавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал  тұрақты  бақылауда.

– Жалпы, әлемде хантавирус инфекциялары сирек кездеседі және оның адамнан адамға берілуі де шектеулі, өте сирек. Хантавирус ауруының энде­миялық елі – Оңтүстік Американың кейбір ауданы. Қазақстан Республика­сында, оның ішінде Қызылорда облысында хантавирус ауруының жағдайы тіркелмегендіктен, эпидемиология­лық ахуал «тұрақты» деп бағаланады. Қазіргі уақытта облыс аумағында кеміргіштер арқылы таралатын инфекцияларға тұрақты мониторинг жүргізілуде. Бұл жұмыстарды ҚР ДСМ СЭБ комитеті Ұлттық сараптама орта­лығының Қызылорда облыстық филиалы, аумақтық бөлімдер мен обаға қарсы күрес станциялары жүйелі түрде атқарып келеді. Сондықтан халық арасында алаңдаушылық туғызуға негіз  жоқ, — дейді Гүлмира Сыз­дықова.

Сонымен қатар департамент басшысы хантавирустың негізгі таралу жолдарына да тоқталды. Оның айтуынша, инфекция көбіне кеміргіштердің бөлінділері  арқылы жұғады. Әсіресе тұрғын үйлерде, қойма мен қора-­жайларда санитариялық тазалықты сақтау  аса  маңызды.

–Хантавирус инфекцияларының алдын алудың негізгі жолы – адамдар мен кеміргіштер арасындағы байланысты азайту. Тұрғын және жұмыс орындарын таза ұстау, азық-түлікті қауіпсіз сақтау, кеміргіштер кіретін саңылауларды бітеу, қол гигиенасын сақтау маңызды. Ал кеміргіштердің тезегін құрғақ күйде сыпыруға немесе шаңсорғышпен тазалауға болмайды. Тазалау алдында ластанған жерлерді міндетті  түрде ылғалдандыру қажет, — дейді  департамент  басшысы.

Дәрігерлердің айтуынша, хантавирустың алғашқы белгілері қарапайым тұмауға ұқсас келеді. Науқас­тың дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болады. Бас, бұлшықет, буын ауруы байқалып, кей жағдайда жөтел мен ентігу күшейеді. Ауру асқынған жағдайда бүйрек пен өкпеге салмақ түсуі мүмкін. Сондықтан мұндай белгілер байқалса, өздігінен емделмей, дереу дәрігер көмегіне жүгіну қажет.

Бүгінде қоғамды вирустың өзінен бұрын ақпараттық дүрбелең көбірек алаңдататын кезеңге жеттік. Әлеуметтік желідегі әрбір дабылды хабарды ақиқат деп қабылдау қауіпті. Себебі қорқыныш пен сенімсіздік те – жұқпалы құбылыс. Бір сәттік эмоциямен тараған жалған ақпарат мыңдаған адамның үрейін күшейтіп, қоғамдық алаңдау­шылық  тудыруы  мүмкін.

Хантавирусқа қатыс­ты жағдай Қазақстанда бақылауда. Ресми дерек бойынша елде де, Қызылорда облысында да инфекция тіркелмеген. Сондықтан дәл қазір дүрлігіп, негізсіз  үрейге бой алдыру­ға себеп жоқ. Бірақ бұл бейқамдыққа жол беру керек деген сөз емес. Кез келген жұқпалы аурудың алдын алуда қарапайым тазалық мәдениеті, сақтық шаралары мен санитариялық талаптарды  сақтау  шешуші рөл атқарады.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі де жағдайды жіті бақылап отырғанын және қажет болған жағдайда індеттің таралуына қарсы әрекет етуге толық дайын екенін мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, халық ең алдымен ресми ақпаратқа сүйеніп, тексерілмеген  мәліметтерге  сенбеуі  тиіс.

Адам денсаулығы – қоғамның ең үлкен байлығы. Ал сол байлықты сақтаудың басты жолы – сабыр мен сақтықты серік ету. Интернет­тегі қауесетке емес, нақты дерекке сүйенген қоғам ғана кез келген қауіптің алдын алып, үрейге емес,  парасатқа  жол  береді.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: