Қазақстанда кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында берілуі тиіс 4 114 дәрі-дәрмек заңсыз сатылған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылғы 1 шілдеден бастап ел аумағындағы дәріханаларға бақылау күшейтілген. Соның нәтижесінде 74 нысанда жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
Тексеру қорытындысында 31 ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 12 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Ал тағы 43 нысанға анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде арнайы нұсқама берілген.
Министрлік дәрі-дәрмектерді таңбалау жүйесінде де елеулі кемшіліктер барын хабарлады. Атап айтқанда, 35 мыңнан астам жағдайда препараттар қайтадан заңсыз айналымға шығарылған. Бұдан бөлек, бір кодты әртүрлі қатысушылар пайдаланған 480 мың дерек тіркелген.
Ведомство мәліметінше, анықталған заңбұзушылықтарға қатысты материалдар құзырлы органдарға жолданған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!