Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екпе тұмаудан қорғайды

07.10.2020, 16:25 504

HALYQLINE.KZ

Жедел респираторлы вирустық инфекциялар – ауа тамшы жолымен таралатын, вирустар мен бактериялармен қоздырылып, адамның тыныс алу жолдарының қабынуын туындататын ең көп тараған дерт.

Әрбір күз бен қыс айларында күн райының қолайсыздығына байланысты тұмау мен жедел респираторлы вирусты инфекцияның көбеюі қаупі бар. Сондықтан да жылда 1 қазан мен 1 қараша аралығында облыс бойынша жедел респираторлы вирустық инфекция, тұмау мен пневмококктық инфекциялардың алдын алу мақсатында айлық өткізіледі.

Екпе тұмаумен ауырудың қаупін мейлінше төмендетеді. Екпені эпидемия басталғанша жүргізу керек, өйткені ағзаға иммунитет қалыптастыруға уақыт қажет болады. Тұмауға қарсы екпе жұмыстары пандемияға байланысты жылдағы жоспардан ертерек қыркүйек айының 15-і мен қазан айының 10-ы аралығында басталып, жүргізілуде. Тұмаудың алдын алудың барынша тиімді әдісі вакцинация болып табылады. Биыл тұмауға қарсы ресейлік ГРИППОЛ вакцинасы салынуда.

Бірінші кезекте медициналық қызметкерлер, қант диабеті, жүрек-қантамыр және бронхо-өкпе жүйесі, бүйрек ауруларымен диспансерлік тіркеуде тұрған балалар мен ересектер, жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдер, 3 жасқа дейінгі балалар, балалар үйі, қарттар үйіндегі адамдар, сондай-ақ, 60 жастан асқан адамдар екпені тегін жасата алады.

Жедел респираторлы вирустық инфекцияларының белгілері: әлсіздік, дене қызуының жоғарылауы, тамақтың ауыруы немесе жыбырлауы, мұрын бітелуі, жөтел, бас ауруы. Жедел респираторлы вирустық инфекцияларды жұқтыруға балалар мен нәрестелер бейім келеді.

Респираторлы инфекциялардың таралуының алдын алу жолдары: сырқаттанғандарды ерте анықтап, оларды оқшаулау, науқасқа күтім жасағанда медициналық маска киіп жүру, бөлмелерді жүйелі түрде желдетіп отыру, маусымдық аурушаңдық жоғарылаған кезде көпшілік орындарға баруды шектеу қажет.

Науқасқа және оны қоршаған адамдарға қарапайым күтіну шараларын ескеру қажет: жөтелгенде немесе түшкіргенде мұрынды және ауызды беторамалмен, салфеткамен жабу көпшіліктен оқшаулау, жеке бас гигиенасын сақтау, беторамалды жиі ауыстырып отыру, бөлмелерді күнделікті желдетіп, ылғалдап жинастыру, сырқаттану кезінде сұйықты, әсіресе лимон қосылған шайды көбірек ішу қажет. Жедел респираторлы вирустық инфекциялардың алдын алуда ағзаны жүйелі шынықтырудың үлкен маңызы бар. Ағзаны нығайтатын таза ауа, дене шынықтыру және спорт, өмір сүрудің тиімді тәртібі, дәрумендерге бай тағамдар аурудың алдын алуға үлкен септігін тигізеді.

Өзіңіздің және балаларыңыздың денсаулығы өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз!

Б.Каримсакова,

«Қызылорда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» ЖШС-нің алдын алу бағдарламаларының менеджері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: