Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бедеулік пен белсіздік белең алып барады

15.06.2023, 9:50 183

Ұрпақсыз қалу – ұлт қасіреті. Халқымыздың мәңгілік ел болып сақталуы, ол ұрпағымыздың көбеюіне байланысты. Ал, ұлт саулығының басты кепілі – сапалы, білімді ұрпақ өсіруімізде. Сондықтан да осы тұста жыл сайын әлеуметтік-демографиялық жағдайды анықтайтын фактор ретінде репродуктивті денсаулық сақтауға баса көңіл бөлінуде. Себебі ата-ана болу бақыты бұйырмай, денсаулықтарынан кінәрат табылып, бедеулік немесе белсіздік диагнозы қойылған жандардың саны жылдан-жылға көбеймесе, кемімей тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық-демография­лық ахуал көңіл көншітпейтінін, бала сүйе алмай отырған отба­сылардың көбейіп жатқанын алаңдаушылықпен атап өтіп, нәтижесінде «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асыру­ды тапсырған болатын. Осы тұрғыда облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда аймақ бойынша репродуктивті денсаулықты қорғау барысында «Аңсаған сәби» және «Экстракорпоральды ұрықтандыру» бағдарламасымен 2021 жылдан бері бөлінген квотаның саны 7 мыңға дейін көбейген. Бұл дегеніміз өңіріміздегі басты ахуалдың бірі – репродуктивті денсаулықты қорғауға қаншалықты көңіл бөлініп жатқанын аңғартады емес пе?

Иә, репродуктивті денсаулық деп болашақта ата-ана атанғысы келетін, бірақ сол жолда өзін құрбан қылып келе жатқан азаматтардың толықтай тән саулығын айта аламыз. Бүгінде бұл мәселе бо­йынша емхана есігін тоздырып жүргендер немесе денсаулығына құнтсыз қарайтын жандар да әлі күнге дейін кездеседі. Әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын отбасылар баласыз болуға төзіммен қарап, тексерістен өтуді ойлай бермейді. Тіпті, беріде жүзе­ге  асқан  бағдарламалар туралы да бейхабар  болуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, ер адамдардың да белсіздігін жасырып немесе скринингке түспей, дәрігерге қаралуға намыстанатынын жасырмаған жөн. Себебі қазіргі таңда облыс бойынша барлығы 6320 бедеу отбасы болса, оның 3819-ы әйелдер және 2501-і ерлер екені анықталған. Бұл – ер-азаматтарға скринингтік тексеруден өтуге баса мән беру керек деген  сөз.

Сондай-ақ, аймақ бойынша ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдердің саны 178 982 болса, 2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 710 отбасы кезекте тұр. Бұл кезекте тұрған отбасылардың барлығы өңірлік комис­сия арқылы қаралып, қолданыстағы бұйрыққа сай, керекті тексерістерден толықтай өткен соң барып жолданатын болады. Қазіргі таңда, ең бірініші мәселе ол тізімде тұрған әйелдердің жас ерекшеліктерінде және әйел гармондарының төмендеуінде, сонымен қатар ерлер бедеулігінің себеп-салдары болып табылады. Осы тұста облысымыздағы беделді уролог маманнан пікір алғанды жөн көрдік. Ол бедеулік диагнозының көп тіркелу себебін, оны емдеу, алдын алу жолдары және бүгінгі облыстағы ахуал тура­лы  кеңесі  мен  пікірін  ортаға  салды.

– Белсіздік пен бедеуліктің жас азаматтарымыз­да пайда болуы факторларын айтатын болсақ, алды­мен бала кезінде туабітті ақаулардың дер кезінде анықталмау жағдайлары. Екіншіден, генетикалық факторды айтамыз. Бұл жағдайда да туа пайда болған өзгерістерге аса құнтсыз қарауының салдарынан. Тағы бір себеп, ер-азаматтардағы аталық безінен бөлінетін ұрықтың шығар жолдарының біте­ліп қалуы, яғни оның басты салдары бала кезіндегі травмадан, қосымша вирустық аурулардан және инфекциялардан, стрестік жолдардан болуы мүмкін. Бұл мәселенің алдын алу үшін ең алдымен бала кезден бастап ем қабылдап, дәрігердің тексеруінен жиі өтіп отыруы аса маңызды. Сондай-ақ, артық салмақтың болуы, стреске түсу жолдарының жиілеуі белсіздік кеселіне шалдықтырады. Қазіргі таңда, облыс бо­йынша бұл жағдай туралы айтатын болсақ, осы мәселе төңірегінде өңірімізде қарқынды жұмыстар, өз кезегінде бағдарламалар тұрақты түрде атқарылып келеді. Қаламыз бойынша бала жоспарлау отбасылық орталықтары да көптеп ашылуда. Соны­мен қатар, бүгінде бұл орталықтарға барып, кеңес алып, экоквотаға ілінетін отбасылар­дың да қарасы көбейгені жасырын емес. Бұл, бір жағынан, қуанарлық жағдай болса, екінші жағынан, әрине өкінішті. Дегенмен,  баласыз өмір сүруге үйренгеннен, ем қабылдап  жаңа жолдарын іздейтін отбасылардың қарасы көбейгені  қуантады, – дейді Урология  және  андрология орталығы­ның  уролог  маманы  Досбол   Оразбекұлы.

Хош. Өңіріміздегі бұл ахуалдың белең алуымен қатар оның оң шешімін табуда тыңғылықты атқарылып жатқан жұмыстардың бары көзге көрініп-ақ тұр. Мәселен, 2021 жылы аймағымызға бөлінген 281 квота өткен жылдың қараша айына дейін толық игерілген. Нәтижесінде, 2021 жылы ЭКҰ арқылы 119 бала туылып, 3 отбасында егіз сәби дүниеге келген. Ал 2022 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 277 квота бөлініп, бүгінде 277-сі де жолданып, орындалуы 100 пайызды құрап отыр. Былтырғы жылы 179 жүктілік тіркеліп, оның ішінде 62 әйел босанған, 42 әйел жүктілікке байланысты есепке алынып, бақылануда. ЭКҰ бағдарламасы арқылы 89 бала дүниеге келіп, 1 отбасында егіз сәби туылса, 1 отбасында үшем дүниеге келген. Соны­мен бірге, 2023 жылға арналған бьағдарлама бо­йынша 274 квота беріліп, бүгінгі күні 192-сі игерілді. Ал қалған квота ағымдағы жылдың аяғына дейін игерілетіні  анық.

Қорыта айтқанда, репродуктивті денсаулық сақтаудың маңызы арту үшін ЭКҰ бағдарламалары белсенді қолға алынып, бала сүйген отбасылардың қатарын арттыруды көздеген дұрыс. Ал берілген мүмкіндікті ауаға ұшырмай, уақытында пайдаға асыру балаға мұқтаж жандардың ғана қолынан келеді. Сондықтан, балалы болу үшін, ата-ана бақытын сезіну үшін ең басты қағида етіп мерзімінде, намыстанбай дәрігерлердің қарауында болу қажет. Себебі, бала – адам өмірінің мәні. Ата-ана мен баланың махаббатынан артық ештеңе жоқ екені де анық.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: