Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аллергияны «ғасыр ауруы» атайды

25.04.2024, 11:00 91

Күн жылынса мұрыны бітіп, түшкірік қысып, бет-жүзі қызара бөрткен адамдар қатары көбейе түскендігін байқаймыз. Қазір екі маусымдық аллергия құрығын кеңге сермеп келе жатыр. Оған дәлел, екінің бірінің осы дерттің азабын тартып жүргендігі. Қоғамда өркениеттің дамуына байланысты тұрмыстық химия өнімдерінің көбеюінен аллергиямен ауыратындардың саны да артып отыр. Бұл ауру адам иммунитетінің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан пайда болады дейді ғалымдар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде әлем халқының 40 пайызы аллергиямен ауырады. Ал Қазақстанда мұндай дертке шалдыққандардың саны 35-38 пайызды құрап отыр.

Расымен де қазір аллергия – халық арасында белең алған аурулард­ың бірі. Дәрігер мамандар аллергия адам өмірі үшін ең қауіпті аурулардың бірі екенін айтады. Аллергияны емдетпей, асқындырып алу өмірге қауіпті, бронх демікпесі, көмекейдің iсiнуі пайда болуы мүмкін. Ал ең қауіптісі, анафилактикалық шокқа әкелуі ықтимал. Сондықтан оны асқындырмай, білікті дәрігерге  бару  керек.

Соңғы он жылдан бері аллергиямен өмір сүріп келе жатқан Марат Қаниев жаз мезгілі басталса, аллергияның салдарынан қоғаммен  қатынасты  тоқтататынын  айтты.

– Биыл аллергияның азабын тартып келе жатқаныма тура 10 жыл болыпты. Бұл ауру менде жаз мезгілінде ғана пайда болады. Яғни тіршілік қайта түлеп, жерге көк көтерілген кезден бастап мен қалыпты өмір сүруден қаламын. Түшкіру, әлсіздік, тершеңдік басып, басым ауырып, тұла бойым сыздай бастайды. Түн баласы ұйқы көрмеймін. Мұрнымнан су ағып, әбден мазам қашады. Сол себепті той, құдайы ас, жалпы көпшілік жиналатын орындарға барғым келмейді. Өзімді ыңғайсыз сезінемін. Бастап­қы жылдары емін салдырып жүрдім. Кішкентай құтыдағы бірреттік қолданатын уколының өзі біршама қымбат тұрады. Бірінші жылы әсері жақсы болды. Аллергиядан арылып, жақсы болып қалдым. Келесі жылы басталғанда әлгі емді тағы жасадым. Бірақ бұл жолы әсері тек бір айға жетті. Ал үшінші, онан кейінгі жылда­ры мүлде әсер  еткен  жоқ, – деді ол.

Марат ұзақ жыл аллергияның азабын тартып келсе де, өзінің нақты неден аллергия екендігін білмейді. Өйткені, бізде оны анықтайтын орталық жоқ. Ал ірі қалаға барып анықтатуға көп қара­жат керектігін айтқан ол амалсыз аурумен алысып, жайма-­шуақ  мезгілде  жайсыз  күн кешіп жүр.

Елімізде аллергияны анықтайтын орталық тек Алматы мен Астана қаласында ғана бар. Ондай орталықта аллерголог маман­дар зерттеу жасап, адамның қандай заттан қоздырғышы бар екенін анықтап береді. Соған қарай ем тағайындалады. Өзінің неден аллер­гия екенін білмей жатып дәріханадан кез келген дәрі-дәрмекті  алып  қабылдау  адам  өміріне  қауіпті  көрінеді.

Аллерголог дәрігер мамандардың ақпарат көздерінде берген сұхбаттарын талдап, олардың пікірлерін оқып шықтық. Жоғары санаттағы аллерголог-иммунолог, медицина ғылымдарының кандидаты Ғалия Түсіпбекованың пікіріне сүйенсек, аллергия тұқым қуалайтын аурулар қатарына жатады екен. Сондай-ақ, жан-жақты мағұлмат берген дәрігер емдеу, алдын алу шаралары туралы  да  кеңінен  түсіндіріп  өткен.

Дәрігер тамаққа, жануарлардың жүніне, оның қайызғағына, зәріне және шаңға, шаң кенесіне, дәріге, шөпке аллергия көбейіп кеткенін айтады. Тіпті кейде жаңа туған сәбидің ана сүтіне аллергия­сы болады екен.

– Аллергия – тұқым қуалайтын ауру. Мысалы, оның әкесі мен шешесі аллергиямен ауырса, сәбидің бұл ауруға шалдығу ықтимал­дығы – 60%. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. 1 жасқа дейін­гі балалардың басым бөлігінің тамаққа және үйдегі шаң кенесіне аллергиясы болады. Жалпы балалар аллергиясының 90%-ы тамақ­қа байланысты. Ал ана сүтіне аллергия болған кезде, емізуді тоқтатуға  тура  келеді, – дейді  аллерголог.

Сондай-ақ, Ғалия Түсіпбекова балада аллергия болса, тезірек дәрігерге қаратып, аллергендерді анықтау қажеттігін атап өтті. Дәрігердің пікірінше, диагнозды уақытында қою ауруды асқындыр­мауға  септігін  тигізеді.

Аллергияның пайда болуына қоршаған ортаның ластануы, теме­кі шегу, нашақорлық, полипрагмазия (дәрі-дәрмектердің жиі қолданылуы), сәбилерді жасанды тағамға ерте үйрету, өндіріс­тік-тұрмыстық химиялық заттардың көп қолданылуы, күнделікті тұтынатын тағамдарда ГМА (гендік модификацияланған ағза) қоспаларының, консерванттардың болуы, бауыр мен асқазан-ішек жолдарының созылмалы аурулары, стресс, жұқпалар да септігін тигізеді дейді аллерголог мамандар.

Ғалымдардың айтуынша, жоғары дамып кеткен елдердің халқы аллергиямен жиі ауырады екен. Біздің иммундық жүйе­міз екіге бөлінеді: бірі – вирустармен, ал екіншісі бактериялар және паразиттермен күреседі. Осы екіншісі аллергиялық қоз­дыруға әкеліп  соғады.  Мәселен,  иммунитеттің  қандай да бір бөлігі жұмыс істемей тұрса, ол өз-өзіне тапсырмалар ойлап табатын көрінеді. Сондықтан біздің дезинфекциялық тазалауымыздан соң бактерия қаншалықты азайса, соншалықты аллер­гия өршіп кетеді деген қауіп бар. Бүгінде дамы­ған қоғамда паразит өте аз. Ал дамымаған елдерде, керісінше, бактерия мен пара­зит өте көп, сондықтан халықтың иммундық  жүйесінің сол бөліктері әрдайым жұмыс істеп тұрады да, олардың жаңа «жауларды» іздеуге уақыты болмайды. Сондықтан, бұл елдер­де  аллергия  өте  сирек  кездеседі  екен.

Бүгінде көптеп кездесетін аллергия адам бала­сында  екі  жағдайда пайда болады. Біріншісі – тұқымқуалаушылық жолмен берілетін болса, екіншіден, жүре келе пайда болады. Бұл ауру­дың басты қоздырғышы – қоршаған ортаның ластануы мен тұрмыс­тық химиялық заттардың алуан түрлі болуынан. Әсіресе Оңтүстік Қазақстан  аймағында шаң-тозаңға мезгілдік аллергия жиі кездеседі. Тұрғын­дарының  аллергияға  бейімділігі артуына өндірістің дамуы себеп. Өндіріс дамы­ған аймақтарда аллергиялық аурулар­дың  саны 25-30 пайыз­ға  дейін  артық  болады. Аллергия­ның нақты себебін тауып, кешен­ді ем жүргізетін болсақ, арылуға болады.

Назерке  МАРАТ,

Арал  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: