Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

  • USD: 417.02 (0)

  • EUR: 505.51 (0)

  • RUB: 5.59 (0)

Антына адал, сертіне берік дәрігерлер

15.04.2020, 15:40 1538 2

HALYQLINE.KZ –| Карантинге жабылған аймақтардың қатарына жататын Қызылорда облысында да күндіз-түні кірпік ілмей, өз өмірін өзгенің өмірі үшін қауіпке қиып жұмыс істеп жатқан сала мамандары жетерлік. Күтпеген өзгерістер мен қауырт қабылданған қаулылар мен шешімдерге бой үйрете алмай жатқан тұрғындар әлі де бар. Беймезгіл көшеде жүрмеу, мақсатсыз үйден шықпау, қоғамдық орындардың жабылуы, қоғамдық көліктер мен жеке көліктердің жүруіне салынған тыйым, тағысын тағы… Осы шектеулерді орындамай немесе орындаудан бас тартып, әкімшілік айыппұлға іліккендері де кездеседі. Ал төтенше жағдай режиміндегі басты талап пен міндет жүктелген салалардың бірі – медицина саласы. Тіпті жұмыс барысында өз өмірін қатерге тігіп, алдына келген әр пациенттің жағдайын тұрақты бақылап отырған дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің өзіне қауіп төніп тұр. Сонда да антына адал, сертіне берік жандар халық денсаулығы үшін жұмыс орындарына қонуға да мәжбүр.

«Соңғы науқас жазылмайынша, үйге қайтпаймын»

Денсаулық саласындағы коронавирус инфекциясымен күреске жұмылдырылған дәрігерлердің барлығы да «соңғы науқас ауруханадан жазылып шықпайынша, үйге қайтпаймын» деп серт берген. Солардың бірі – жаңақорғандық Асқан Отарбеков.

 – Қазіргі таңда Жаңақорған ауданында тіркелген жағдайларға байланысты  денсаулық сақтау саласы қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Науқаспен қатынаста болғандарды мерзімінде оқшаулау шараларына жұмылдырылған жалпы тәжірибелік аймақ қызметкерлері барын салып, уақытпен санаспай жұмыс істеп жатыр. Жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылған науқастардың осы бақылауға алынған азаматтардың ішінен шығып жатқаны дер кезінде қабылданған шаралар мен тынымсыз атқарылған жұмыстардың, яғни дәрігерлер мен мейірбикелердің отбасы, бала-шағасын тастап, күндіз-түні дамыл таппай зыр жүгіріп, үй аралап жүргендігінің нәтижесі деп айтуға толық негіз бар. Мен 29 наурыздан бері, яғни алғашқы науқас анықталған күннен бастап отбасыма да барғаным жоқ. Мұның себебі де түсінікті болар, өйткені науқастардың жағдайының күрт төмендеп кетпеуіне, олардың дертінен айығып үйлеріне аман-есен оралуларына біз жауаптымыз. Үй-ішіммен, бала-шағаммен жұмыс арасында ғана телефонмен байланысып, жағдайларын біліп тұрамын. Барып-келіп жүруге менде уақыт та жоқ. Міне, осылай сәт сайын науқастың жағдайын бақылап, өзіме жүктелген міндетті атқаруға тиіспін, – дейді Жаңақорған ауданаралық ауруханасының жоғары санатты дәрігер-эпидемиологы А.Бердіұлы.

«Біз бәрін де жеңеміз, елдің сенімін ақтаймыз»

Ал 12 жылдан бері денсаулық саласында тер төгіп жүрген Жаңақорған ауданаралық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігер-инфекционисі Әсел Сейілованың үйіне қайтпағанына 20 күнге жуықтаған.

 – Бала күнімнен дәрігер болуды армандайтын едім, сол арманыма жетіп, денсаулық сақтау саласында қалтқысыз қызмет етіп келемін. Біздің міндетіміз – науқастарды дертінен тезірек айықтырып, аман-есен отбастарына қайтару. Халық денсаулығын жақсарту жолындағы таңдаған мамандығымды әрдайым мақтан етемін. Осы індетпен ауырған науқастардың ең соңғысы сауығып, үйіне қайтқанша жұмыста боламын. Сонан соң аман-есен отбасымызбен қауышамыз. Осындай қиын сәттерде қолдау көрсетіп, қолұшын беріп жатқан ел президентіне, облыс әкімдігіне, облыстық денсаулық сақтау басқармасына, басқа да азаматтардың барлығына да айтар алғысым шексіз. Біз үшін ең маңыздысы – қауіпті індеттің таралуына жол бермеу, індет жұқтырған науқастардың аман-есен сауығып кетуі. Сондықтан тұрғындардан карантиндік сақтық шараларына мән беріп, үйде болуларын сұраймыз. Біз бәрін де жеңеміз, елдің сенімін ақтаймыз, – дейді Әсел Есдәулетқызы.

«Абайлап әрекет етудің өзі – үлкен сақтық шарасы»

Өз мамандығын жан дүниесімен қалап таңдаған, оған еш өкінбейтін, себебі елге қызмет ету, елдің ыстық ықыласына бөлену – менің азаматтық борышым деп білетін жандар аз, шыны керек. Жаңақорғандық Ақерке Дайрабаева – ауданаралық аурухананың дәрігер-реабилитологы. Коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастармен қарым-қатынаста болып, карантинге жатқызылған пациенттермен жұмыс істейді.

 – Жұмыс барысында қауіп жоқ емес, бар. Қанша сақтық шараларын, гигиеналық тазалық жұмыстарын жүргізгеннің өзінде бір қатер күтіп тұрғандай сезіледі. Әр қадамымызды аңдап басып, абайлап әрекет етудің өзі – үлкен сақтық шарасы. Бұл індет – шындығында біз ойлағаннан да ауыр, аса қауіпті індет. Сондықтан тұрғындардан сақтық шараларына өте қатты мән беру керектігін жеткізгім келеді. Ауырмаңыздар, біз сіздер үшін қызмет етеміз, – дейді А.Ғалымжанқызы.

«Жұмыла жұмыс істеудеміз»

Сырдария аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігері Гүлжан Анесбекқызының медицинадағы жалпы еңбек өтілі – 7 жыл. Аудандағы алғашқы науқас тіркелген күннен бері жұмыс режимі бұрынғыдан да күшейген. Ал наурыз айынан бастап коронавирус инфекциясының алдын алу және емдеу мақсатында бөлімшелердің барлығы жұмыла жұмыс істеп келеді.

 – Дәрігер – ең жауапты мамандықтың бірі. Халық денсаулығын жақсарту, қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету үшін еңбек етіп, мамандығымызды мақтаныш тұтамыз. Медицина мамандарына қосымша үстемақы беріп жатыр. Инфекцияның ошағында жүрген мамандар үшін үлкен қолдау, десек те қауіпсіздікке, қамсыз жұмыс істеген күндерімізді сағындық. Болып жатқан төтенше жағдайға байланысты халықты үйден шықпай, сақтық шараларын ұстануға, инфекцияның алдын алуға шақырамын, – дейді сырдариялық дәрігер Г.Евниева.

Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Десек те, дәл қазіргідей кезде еселеп мән берудің артықтығы жоқ. Өйткені қауіптілігі жоғары, жұқпалы вирус медицина мамандарының өзіне жұғуда. Еліміз бойынша 240-тан астам денсаулық саласының өкіліне осы вирус жабысқан. Қызылорда облысында да осы жағдай тіркелді.

 – Өңірде «СОVID-19» вирусын жұқтырған 9 медицина қызметкерінің тіркелгендігі мәлім болды. Оның 8-і орта буын, 1-еуі кіші буын қызметкері. Анықталған 3 қызметкер кәсіби тұрғыда жұқтырса, қалғандары науқастармен қарым-қатынаста болған. Сондай-ақ, медицина қызметкерлері қаншалықты қорғаныш талаптарын сақтағанымен, жұқтыру жағдайларының орын алғандығын жасыра алмаймыз, – деді Қызылорда облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Мүтәліпқызы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында.

Қауіп пен қатердің ортасында індетпен күресте міндетін адал атқарып жүрген медицина мамандарының еңбегі еленіп, айлық табыстарына қосымша үстемақы төленуде. Отбасынан жырақта, балаларын құшағына қыспай, уақытылы тамақ пен жайлы жағдайды ұмытып, халықтың денсаулығы үшін қызмет етіп жатқан дәрігерлер мемлекет қамқорлығына ризашылықтарын да білдірді.

Пікірлер:
  • Еліміздің басынан өткеріп жатқан сын сағаттарда.Қажыр-қайраттарын сарқып жұмсап,жұмыла жұмыс жасап жатқан ақ халатты абзал жандарға шын көңілден алғыс айтып,қиындықтарды жеңіп,отбасыларына оралсын деп тілек тілейміз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: