Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде (РФММ) оқушылардың жаппай улануынан кейін басшылық ауысты. Мектептің бұрынғы директоры Мейірлан Мейірбек қызметінен кетіп, оның орнына осы білім ордасын бұрын басқарған Алмаз Күнғожин келгені хабарланды, деп жазады Halyqline.kz.
Мектептің баспасөз қызметі Kursiv басылымына Мейірлан Мейірбектің өз еркімен жұмыстан кеткенін растаған. Ал жаңа басшы ретінде Алмаз Күнғожиннің аты ата-аналарға жолданған хабарламада көрсетілген. Бұрынғы директордың қызметтен кетуіне оқушылардың жаппай улану оқиғасы тікелей себеп болғаны ресми түрде айтылған жоқ.
Еске салайық, 12–13 қазанда Алматыдағы РФММ оқушылары арасында жіті ішек инфекциясының белгілері байқалған. Алғашқы екі күнде 47 бала ауруханаға жатқызылып, тағы сегіз оқушы интернатта медициналық бақылауға алынған болатын. Кейін ауруханаға түскен балалардың жалпы саны 58-ге жетті. Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 22 қазанда олардың барлығы қажетті ем қабылдап, ауруханадан шығарылғанын хабарлады.
Оқиғадан кейін мектептің асханасы мен интернатының жұмысы уақытша тоқтатылып, оқушылар қашықтан оқыту форматына көшірілді. Санитариялық тексеру барысында мектепте тамақтандыру қызметін көрсеткен Master Food компаниясының асханасынан бірқатар заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, дайын тағамдар мен ыдыстардан ішек таяқшасы тобына жататын бактериялар, ал асханадағы төрт қызметкерден алтын түстес стафилококк табылған. Аталған оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
Жаңа басшы Алмаз Күнғожин мектеп ұжымына жақсы таныс. Ол 2018–2023 жылдары РФММ-ге жетекшілік етіп, кейін білім беру ұйымының басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ әр жылдары математика пәнінен сабақ беріп, оқушыларды олимпиадаларға дайындаумен айналысқан.
Қазіргі уақытта мектеп толықтай дәстүрлі оқу форматына оралған жоқ. Жарияланған жоспарға сәйкес, 16 қарашадан бастап оқушыларды аралас форматта оқыту көзделген. Ал интернатқа қайта орналастыру 22 қарашаға алдын ала жоспарланып отыр. Дегенмен бұл мерзімдер асхананың санитариялық талаптарға толық сәйкес келуіне байланысты өзгеруі мүмкін.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!