Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоян жылы ауа райы қандай болады?

01.01.2023, 15:00 1132

HALYQLINE.KZ

Шығыс елдерінің таным-түсінігінде қоян адамға сәттілік алып келеді.

Шығыс жылнамасында төртінші болып тұрған Қоян басқа жыл иелерінің ішіндегі ең бақыттысы саналады. Яғни Қоян жылы уайым-қайғы артта қалатын, адамдар үшін тұрақты, тыныш жыл болмақ. Дегенмен бұл жыл қазақ тарихында бейнетімен, ауыр жағдайларымен де есте қалғаны мәлім, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қоян табиғатынан қорқақ жануар болғанымен, мінезі жайлы, еңбекқор, жүйрік саналады. Мамандардың айтуынша, қоян – мейірімділік пен жақсылықтың нышаны. Сондықтан бұл жылы отбасы, туған-туыстармен жақсы қатынаста болу маңызды. Десе де жануарды үркітіп алмау үшін, яғни асығыңыз алшысынан түсіп тұрған сәтті жоғалтып алғыңыз келмесе, сол жағдайды өте ыждаһаттылықпен қабылдаған дұрыс екен.

Ал шығыс елдері таным-түсінігінде қоян адамға сәттілік алып келеді. Сондықтан бастаған іс берекелі болады деп топшылайды.

«Қоян – өте бейбіт жануар. Олар сүйіспеншілікті, қамқорлықты жақсы көреді. Стреске шыдамайды және өзіне түсініксіз дүниелерден қорқады. Сондай-ақ олар өте жиі балалайды. Сондықтан бұл жыл отбасын құруға, сәбилі болуға оңтайлы», – дейді биолог, зоодүкен қожайыны Фаррух Кулиев.

Дегенмен қазақ халқы қоянды жайлы жыл қатарына қоса бермейді. Себебі тарихта бұл жылдары ел ауыр кезеңді бастан кешірген. Мәселен, 1723 жылы халық Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама заманын өткерсе, 1867 жыл «жалпақ қоян жұты», 1879 жыл «үлкен қоян жұты», ал 1891 жыл «кіші қоян жұты» деп танылған.

«1900 жылдан бері 11-12 жыл бір мүшел қоян жылы өтті. Соған қарасақ, жаңағы жұттар болды, мал қысырап қалды. Қалың қар жауды, жылқы, сиырлар өріске жайыла алмай, үлкен жұт болған. Содан кейін қоян жұт, қорқақ жыл деген түсінік бар. Бұл жылда сақ болу керек деп сақшылар да, халқымыз да жем-шөпті қораға қалыңдап сақтап, сақсынған», – дейді жазушы-этнограф Болат Бопайұлы.

Сондай-ақ ел арасында қоян жылы қыс қатты болады деген түсінік бар. Ал жазы өте мамыражай, шөбі шүйгін болады. Сондықтан «қыстың қамына ерекше мән беріп кіріскен жөн», – дейді этнограф.

«Анығын Алла біледі, бірақ қазақтың байырғы есепшілерінің тарихта қалған жылнамалық ауа райын болжау есептерінде биылғы Қоян жылы қаңтардың 20-25-і, ақпанның 15-20-сы аралықтарында солтүстік жақтан қатты боран болуы мүмкін. Оңтүстік жақ бірде ысып, бірде жылып тұрады деген болжам бар», – деді жазушы-этнограф Болат Бопайұлы.

Әйтсе де, халқымыз көрген түсті де, кірген жылды да «ескі жыл, есірке, жаңа жыл, жарылқа» деп жақсылыққа балаған, игі оқиғалар болады деп сенген. Сондықтан келер жылды «жақсылыққа жорыған абзал» дейді ғалым.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: