Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиеліде қарттар күні аталып өтілді

30.09.2022, 16:30 383

HALYQLINE.KZ Бүгін Шиелі ауданында 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай, Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.Салтанатты шарада аудан әкімі Нұржан Ахатов сөз сөйлеп, аудан ардагерлерін мерейлі мерекемен құттықтады.

– Біз, әрқашан «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өскен, қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Бұл мереке – аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және ардагерлерге қамқорлық көрсететін күн болып табылады.

Бүгінде халықтың, оның ішінде зейнеткерлер мен мүгедектердің тұрмыс деңгейін көтеру – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі.Қазіргі таңда аудан бойынша 8735 ардагер болса, оның ішінде ортамызда 1 Ұлы Отан соғысына қатысушы Байжанов Сәрсенбек ағамыз да бар. Еңбегімен еленген 301 тыл ардагерлері мен 154 Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендер және 136 жалғыз басты қарттарымыз бар, – деп атап өткен аудан басшысы Нұржан Ахатов ауданда ардагерлердің материалдық-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, денсаулықтарын нығайтуына жан-жақты көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, қадірменді қарияларға ұзақ өмір, мықты денсаулық, амандық пен құт-береке тіледі. Салтанатты жиын ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар ардагерлерді марапаттаумен жалғасты. Ардагерлердің құрметіне ән айтылып, күй күмбірі әуелеп, қазыналы қарттарымыз көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Шарадан соң ардагерлер құрметіне мерекелік дастархан жайылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: