Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Серіктес босану – ананың жанындағы сенімді қолдау

15.05.2026, 9:05 76

HALYQLINE.KZ

Соңғы жылдары еліміздегі перзентханаларда серіктес босану тәжірибесі жиі қолданылып келеді. Бұл – босану кезінде әйел адамның жанында өзіне жақын, сенімді адамының болуы. Көбіне серіктес ретінде жұбайы, анасы, әпкесі немесе жақын туысы қатысады. Бүгінде серіктес босану тек заманауи үрдіс қана емес, ана мен бала денсаулығына оң әсер ететін маңызды қолдау түрі ретінде қарастырылуда.

Босану – әр әйел өміріндегі ең жауапты әрі ерекше сәттердің бірі. Бұл кезде әйел тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да үлкен күш жұмсайды. Сондықтан дәл осы сәтте жанында қолдау білдіретін адамның болуы ананың өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуіне көмектеседі.

Серіктес босану кезінде жақын адамның жылы сөзі, қолдауы, жанынан табылуы әйелдің қорқынышы мен қобалжуын азайтады. Көптеген зерттеуге сүйенсек, психологиялық тыныштық босану процесінің жеңіл өтуіне ықпал етеді. Ана өзін жалғыз сезінбейді, медициналық қызметкерлермен де байланысы жақсы орнайды.

Әсіресе жұбайының босануға қатысуы отбасы үшін маңызды қадам саналады. Әке сәбиінің дүниеге келу сәтіне куә болып, ана еңбегін тереңірек түсінеді. Бұл отбасындағы сыйластық пен жауапкершілікті арттырады. Сонымен қатар нәрестемен алғашқы минуттардан эмоционалдық байланыс қалыптасуына ықпал етеді.

Дегенмен, серіктес босануға алдын ала дайындық қажет. Перзентхана талаптарына сәйкес серіктес медициналық тексеруден өтіп, қажетті анықтамаларды тапсырады. Сонымен бірге босану кезінде өзін қалай ұстау керектігін, анаға қандай көмек көрсетуге болатынын білгені дұрыс. Кей жағдайда серіктестің сабырлы болуының өзі үлкен қолдау саналады.

Серіктес босану барысында серіктес әйелдің жанында болып, тыныс алуына көмектеседі, моральдық қолдау көрсетеді, қажет кезде су беріп, арқасына массаж жасауы мүмкін. Ең бастысы – ананың өзін жалғыз сезінбеуі.

Әрине, барлық әйел серіктес босануды таңдай бермейді. Бұл – әр отбасының жеке шешімі. Кейбір аналар босану кезінде тек медицина қызметкерлерінің болғанын қалайды. Сондықтан серіктес босану ерікті түрде және ананың келісімімен жүзеге асырылуы тиіс.

Қазіргі уақытта көптеген медицина маманы серіктес босанудың тиімді жақтарын атап өтуде. Өйткені ананың психологиялық жай-күйі босану барысына тікелей әсер етеді. Ал тыныш, сенімді көңіл күй – қауіпсіз босанудың маңызды шарттарының бірі.

Қорыта айтқанда, серіктес босану – отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қамқорлығы мен қолдауының көрінісі. Анаға жанашырлық танытып, өмірге жаңа келген сәбиді бірге қарсы алу – ұмытылмас әрі ерекше сәт.

Гульмира Жұмабекқызы Исабекова,

облыстық перинаталдық орталығының акушері

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: