Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қырсық бала қайдан шығады?

18.05.2023, 10:20 578

Бұрын  бала  психологтің  көмегінсіз-ақ өсіп-өнген. Иә. Ол – бұрын. Қазір олай емес. «Баяғының балалары сондай еді, бұндай еді» деген әңгіме де өтімсіз. Кеңестің көмескі өмірін көрген біздерге ата-анамыз тәрбиелеудің аса жоғары үлгісін сіңіруге тырысқан жоқ. Ата-ана назарының аздығынан бұрынғы балалардың психологиясы бұзылып немесе әлдебір оғаш мінез-құлық танытқан емес. Демек, біз сол заманның ағымына бейім болдық. Қазір бала тәрбиесіндегі қалыптасқан дағды мүлдем бөлек. Дүние думанға келген сәбидің әрбір қимыл-қозғалысы қалт жіберілмей, қатып қалған қасаң қағидалардың шеңберінде тәрбиеленеді. Ол қандай қасаң қағида дейсіз ғой? Кәдімгі  интернет.

Желілерде желдей ескен ақпарат ағыны көп. «Балаға өйтуге болмайды, баланы бүйту­ге болмайды» деген тыйымдарымен танылып жатқан психолог, дәрігерлер жетіп артылады. Енді ғана сәбилі болған жас аналар солардың кеңестеріне құлақ асам деп-ақ тығырыққа тіреледі. Айналып келгенде баланы қазір ата-ана емес, интернет тәрбиелеп жатыр. Заман осыған тіреді. Қазір екі ананың бірі баласының қырсық, сөзге түсінбейтін һәм түсінгісі келмейтін, қызба мінезді екендігін алға тартады. Дүкенге кірсе, қалағанын алмай тастабандап тұрып алатын балалар да әр үйде өсіп жатыр. Өйткені қазір балада бәрі бар. Ойын­шықтың түр-түрі бар, не ішіп, не жеймін демейді. Баланың қызығатын, оны қызық­тыратын дүние қалмай бара жатыр. Бүлдіршіннің  назарын аудару қиын. Қырсықтық­тың алғашқы «стадиялары» осыдан  басталады.

Баланың мінез-құлқының қалыптасуы әдетте үйдегі «атмосфераға» да тікелей байланысты. Ата-ана балаға қалай қарым-қатынас жасаса, бала да солай қалыптасады. Педагогикалық зерттеулердің қорытындысы бойынша үнемі ұрыс-жанжал, төбелес, бірін-бірі жәбірлеу кездесіп тұратын отбасында өскен балалардың 40-44 пайызы, ішімдік болған ортада өскен балалардың 30 пайызы, жезөкшелік пен моральға қайшы әдеттермен айналысатын ата-ана өсірген балалардың 13 пайызы «қиын бала» қатарына кірген. Оларға көбіне дөрекі, қатыгез, ұрлық, жалқаулық, қиқарлық сынды жағымсыз мінездер тән. Көптеген ата-ана өндірістік еңбектен бала тәрбиелеуге қолы босамайтынын, уақыт аздығын сылтау етеді. Біздің «балаңыздың мінез-құлқы қандай?» деген сауалымызға көпшілігі «тіл алмайды, қыңыр»  деп  жауап  берді.

– Баламның  жасы 3-ке енді толады. Үйде аузынан  шыққан  нәрсенің барлығын алдына тосып отырмыз. Тұңғыш баламыз болған соң ба, көңілін қалдырғымыз келмейді. Алайда өзінің бір дегені болмай қалса, жер тепкілеп сөзге түсінбей  қалады. Сондай уақытта не істерімізді білмей қаламыз, – дейді  қала тұрғыны Маржан Өткелбаева.

Белгілі балалар психологі Елжас Ертайұлы өзінің инстаграм әлеуметтік желісінде баланың бұзықтығы жайлы мынадай пікірін білдіріп­ті.

– Баланың бұзықтығына мына жағдайлар әсер етеді. Ол – тәндік қатынастың аз болуы, яғни баланы аз мөлшерде құшақтау, басынан сипау. Өзі жасауға мүмкіндік бермеу. Бұл – балаға көп тыйым жасау деген сөз. Көп қысым көру, жазалау. Сондай-ақ, ата-анасының тұрақсыздығы, өзара ауызбіршіліктің болмауы да баланың психологиялық жай-күйіне тікелей әсер  етеді, – дейді. 

Бізде баланы «тұңғыш немереміз», «жалғыз бала», «кенжетай», «атасы мен әжесінің баласы» деп шектен тыс еркелетіп жібереді. Бірақ еркелетудің де өз ебі бар. Балаңызды өбектегенмен, өмір өз бағасын береді. Қалағанын алып беріп, айтқанын екі етпесеңіз, ешнәрсенің нарқын да, парқын да бағамдамайтын, талапшыл болады. Ол аз десеңіз, менің тала­бым қай кезде де орындала береді екен деген идея қалыптасып, ессіз еркелікті әдетке айналдырады және бүлдіршін үнемі қыңырлыққа салынып, тәттіні дәметеді. Шектен тыс ерке балалар өмірдің қиындықтарына төтеп бере алмайтын стресшіл, депрессияға түскіш келеді.  Ұлт тәрбиесінде еркелетудің де ережесі туралы Бауыржан Момышұлы:

– Қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басынан сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады»  деп түсінген. Ата-ана ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал, арқасынан  қаққанда  ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты. Ал қыздарды, керісінше, басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық, қыздың бағы – үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады?» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады, – деген  екен.

ТҮЙІН. Заманнан көретін ештеңе жоқ. Бала тәрбиесінің өлшемі ата-анаға тікелей байланысты. Интернетсіз өмірді ысырып қоюға да болмайды. Ол да өмірдің маңызды бөлігіне айналды. Алайда бала тәрбиесінің жауабы алдымен оның ата-анасынан алынады. Қыңыр сөзді, қисық мінезді бала шықпасын десеңіз, алдымен ата-ана бағытты өздеріне бұрғаны  жөн.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: