Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ тәрбиесінің бастауы – ырым-тыйым (2-бөлім)

03.12.2023, 10:00 142

• Қазақ баласы жаңа көк шөпті жұлмайды. Ағаш бүрлерін үзбейді. Көк шыбықты сындырмайды. Өйткені, өңдірдің бәрі бақыттың бастамасы, барлық тірліктің қайнар көзі. Көк жұлсаң – көктей орыласың, қарғыс атады деп ырымдалады.

• Қазақ баласы – бастау басына, бұлақ қасына дәретке отырмайды. Барлық тірліктің атасы да, жан біткеннің анасы да сол бұлақ, сол бұлақ сол бастау деп біледі. Сондықтан істегенде оның киесі атады, қарғысы тиеді. Тазаны арамдасаң арың кірленеді, абыройың төгіледі деп ырымдалады. «Бұлақ көрсең көзің аш»

• Қазақта жалғыз ұл балаға жамау–жамау киім кигізіп, төбесіне айдар қояды. Онысы – балаға жат көзді сұғы қадалмасын, тіл тимесін дегені.

• Тұнғыш баланы алыс сапарға той жасап аттандырады. Тойға үлкен-кішінің бәрі жиналады. Бала үлкендерден бата алсын, жолы ашылсын, маңдайы жарылып қуансын, сапарға жарқын жүзбен аттанса, ғұмырлық сапары да сәтті болады деп ырымдалады.

• Баланы сыпыртқымен, көсеумен ұрмайды. Бұндай істегенде балаға пәле жабысады, қырсық шалады деп ырымдалады.

• Тай мініп, өзінің сүндет тойына шақыра келген баланың қолына тәтті ұстатып, тайының жалына шүберек байлап: «Жол болсын, той құтты болсын!» деп жол көрсетеді.

• Баласы тоқтамай өле берген немесе түсік тастай берген әйел бір баланы аман-есен туа қалған жағдайда жеті әйелдің бұтының арасынан өткізіп алып, оған Жетпісбай деген ат қояды. Онысы ғұмыр жасы ұзақ болсын,артынан өзіндей ұл мен қыз әрби берсін деп ырымдаған.

• Қазақта балаға кекіл қояды. Шашын тегіс қырып тастайда да, маңдайына бір шөкім шаш қалдырады. Жиегін тегістеп қояды. Ол кекіл деп аталады. Кекіл баланы ажарландырады. Соған орай баланы еркелетеді. Аттың да маңдайындағы бір шоқ түгін кекіл деп атайды. Кекіл баланы тіл көзден, сұқтан, пәле-жаладан қағады деп есептелінеді.

• Қазақ баласы айға телміріп ұзақ қарамайды, түнде жұлдыз санамайды. Айда бір кемпір бар, айға телміріп қарасаң, әлгі кемпір сенің кірпігінді санайды, кірпігі саналған адам қазаға ұшырайды деп жориды.

• Жас балалы әйел дәметеді деп, бұл үйге кіретін кісі дәм ала келеді. Дәметіп қалса омырауы іседі деп ырымдаған. Емшекте баласы әйелдің омырауы іссе, бір қарт ана жаңа піскен нанды қойныңа тығып келіп сонымен аластайтын болған.

• Баланың қарын шашын алған соң, тастай салмай, сақтап қояды. Бала қырқынан шыққанша, жеті ай толғанша әлсіз болады. Сондықтан бір тал шашын тастамай, сақтау керек деп есептеген.

• Балаға сойылған малдың бүйрегімен өпкесін жегізбейді. Қуырдаққа басқа етпен қосып жеуіне болады. Тек өзін ғана бала сылт, ушыл, жалқау, өпкелегіш болып кетеді деп жорылаған.

• Қыз балаға кәрі жілік ұстатпайды. Егер қыз кәрі жіліктің етін жеп, мұжыса – болашақ күйеуі кәрі, қақсал болады деп жорыған

• Жаңа туған нәрестені құттықтап, шашу алып барғанда шикі етті қоспау керек. Шикі ет өлімнің нышаны, жаман ырым.

• Сәби нәжісін жеп қойса, жоғалған нәрсені тапқыр болады.

• Бала көкжөтел болса, көк ат мінген жолаушының жолын тосып «көлденеңді көк атты, көкжөтелдің емі не?» деп сұраған. Ол нендей ем айтса ауру балаға соны қолданады.

1-бөлім:

Жалғасы бар…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: