Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бала тәрбиесі бақылаусыз қалмасын

06.02.2024, 8:50 112

HALYQLINE.KZ

Бұрын «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» десек, бүгінде әр шаңырақтағы баланы ата-анаға қарағанда смартфон тәрбиелеп, ұялы телефон жіпсіз байлап қойып отырғаны айқын. Кеш қарайғанға дейін үй көрмей өскен жеткіншекті, бұл кезде сол ойынға жетектеп шығара алмайтын болдық. Интернет итініп тұрған уақытта бала тәрбиесін ақсатып алып жатқан шаңырақтар да жетерлік. Әрине уақытты қаражатқа тіреп қойған нарық заманы ата-ана мен баланың арасын алшақтатып жібергендей. Оның жемісін күнделікті өмірде жиі көріп келеміз.

Осы орайда Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың тапсырмасына сәйкес аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов бастаған комиссия мүшелері теміржол мекемелерінің қызметкерлерімен кездесіп, бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі маңызды екені жөнінде түсіндірме жұмыстарын жасады.

Комиссия құрамында білім саласының ардагері Серік Қуанышбаев, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Болат Жолтаев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ғанибек Құрманалиев және Қазалы ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің меңгерушісі Айгүл Тлеумбетова болып, аталған құрам ең әуелі «Қамқор вагон» ЖШС-нің Қазалы вагон жөндеу депосына ат басын бұрды.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің мәселесі күн тәртібінен түспей тұрғанын қозғаған комиссия мүшелері баяндама жасап, тәрбие – отбасынан басталатынына тоқталып, ата-аналарға бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарау қажет екенін жеткізді.

Аталған құрам мұнан соң аудандық мәслихат депутаты Арғын Орынбаев басқаратын №6 Қазалы вагон пайдалану депосының мамандарымен де жүздесіп, кеңейтілген басқосу өткізді.

Жиында жасөспірімдердің келешегіне алаңдау әрбірімізге жүктелген міндет екенін баяндаған Дәурен Оңғарбайұлы кәмелетке толмағандардың беймезгіл уақытта жүруге болмайтындығын, ол үшін арнайы аудан әкімдігі жанынан рейд жұмыстары жүріп жатқандығын ескертті. Сонымен қатар әрбір ата-ана баланың қай уақытта немен айналысып жатқанын, кіммен жүргенін бақылауда ұстау керек екенін айтты.

Кездесу соңында мекемелерден қатысқан қызметкерлер тарапынан ұсыныс-пікірлер көтеріліп, талқыланды.

Айта кетейік, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның көшпелі отырысы алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Ж.ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: