Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайта жаңғыртуға болатын 7 салт-дәстүр

27.02.2021, 12:00 888

HALYQLINE.KZ Қазақ халқы салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа бай халық екені бесенеден белгілі. Заманның ағымына қарай бірге ілесіп келе жатқан, кең тараған санаулы салт-дәстүрлерді ғана білетініміз болмаса, сыйластықтың, әдептіліктің, құрметтің белгісі болған тамаша ғұрыптарымызды ұмытып қалғанымыз рас. Сонымен, көнеріп қалған қай дәстүрлерді қайта жаңғыртуға болады?

Көгентүп

Бала туыстарының үйіне қонаққа баруға жарап қалған кезінде «үйге бірінші рет келуі» деп үй иесі көгентүпке бұзау, құлын, қозы-лақ атайтын болған. «Көген» деп төлдің мойнына байлайтын жіпті айтады, яғни «көгентүп» – балаға «көгеннің түбі болсын», «алғашқы малы болсын» деген ниетпен берілетін малдың төлі. Бір жағынан, ағайын-туыс арасындағы татулық пен сыйластықты одан әрі қоюлата түсу, татулықты бекіту белгісі боп саналады.

Жиенқұйрық

Жиенқұйрық деп – нағашыларының жиендеріне берген мал-дүниесі мен тартқан тартулары, сыйлаған сыйлықтарын айтады. Яғни, нағашы жұртына келген жиенді құда күткендей құрметтеп, оның үш қалауын еш қарсылықсыз орындаған. Қазақстанның кейбір аймақтарында жиенқұйрықты «жиеннің қырық серкеші», «қырық шұбар тай» деп те атаған.

Қой басты

Ауыл-аймақта киіз басу ісі жақсы дамыған және біраз күш-қуатты талап ететін ауыр жұмыстардың бірі боп есептелген. Алдымен жүнді сабайды, бояйды, қайнатады, құрғатады, орайды. Ораудың астынан арқан өткізіп, жіптің ұшынан ұстап, аяқпен теуіп отырып, үй-үйдің арасынан өткізеді. Кез келген үйдің жанына келгенде «қой басты-қой басты» деп айқайлайды. Сол үйдің иесі киіз басушыларға бауырсақ, құрт-майын береді.

Көтендестіру

Салт бойынша балалары қырқынан шыққанша бір уақытта босанған екі әйелге бір-бірімен араласуға, көрісуге болмайды. Осылайша жұқпалы ауруларды жұқтырудың алдын алған екен. Сондықтан 40 күннен кейін екі әйелді қонаққа шақырған үй иесі бірінші келгенін кереге жаққа қаратып отырғызады. Екінші келгенді бірінші әйелмен арқасын тірей отырғызады. Үй иесінің белгісімен екі әйел сол қолымен әкелген қонақ кәдесін сол аяғының астынан өткізіп, оң қолымен иық тіресіп отырған әйелге берген. Осылайша қайта қауышып, еркін араласатын болған.

Қынаменде

Құда түсіп, уәде пісіп, қалың мал төлеген соң күйеудің атастырған қалыңдығын алғаш рет көруге келген тойы «қынаменде» деп аталады. Шығыс халықтарында «қынаменде» кеші қыз абыройының тазалығын білдіру үшін қалыңдықпен бірге болған күннің ертеңіне де өткізіледі. Ән, күй, би қатар жүргізілетіндіктен, «қынаменде» жас жұбайлардың шаттық кешіне, жастардың махаббат мұратына жету символына айналған. Бұл да – дәстүрге бай еліміздің тәрбиелік ережесінің бір саласы.

Деңгене

Көрші ауылдан келген үш-төрт жігіт алдымен түсетін үйін сайлап алып, сол үйдің жанына барып «Деңгене! Деңгене жеуге келдік» деп айқайлайды. Ал үй иесі бұл сөзді естіген соң, семіз бір қойды сойып, етін түгел қазанға салдыртады. Деңгене дәстүрі бойынша келген жігіттер сол қойдың етін түгелімен жеп, сорпасын ішулері керек. Егер тауысып жемесе, бір қойды екі қой қылып қайтаруға мәжбүр болған.

Аунату

Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос-жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: