Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ерлердің» шайқасы бітер ме?

13.03.2021, 11:00 1546

HALYQLINE.KZ Қоғамымызда әйелдің етегі, орамалы, сөзінен басқа маңызды, өзекті тақырып жоқ дегенге сенбеймін.

Шындықты шырылдап айтқыш, желіде намысы тасып жүретін кей ер-азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар мәселелерге келгенде неге үнсіз, билік халықты қанап жатқанда, халық соқыр саясаттың құрбаны болып жатқанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесінде неге ауызына құм құйылады?

Өңір-өңірлерде кәмілетке толмаған қыз балалар ары тапталып, зорлықтың құрбаны болып жатқанда, күйеулері әйелдерінің бетін аяусыз тілгілеп тастағанда, маскүнем әкелері балаларын төмпештеп, жігерін жасытып жатқан оқиғалар болғанда, қазір әйелдердің теңдігін теріске шығарып отырған намысшыл ерлер неге үнсіз қалды?

Жыл басынан бері әйелдеріне күш көрсеткендігі үшін 500 ер-азамат жазаға тартылған, 19 балаға отбасылық зорлық-зомбылық жасалған, отбасылық зорлық салдарынан 124 бала өз-өзіне қол жұмсап, өмірімен қош айтысқан.

Статистика осылай сөйлейді. Бөрік ішінде жарылып жатқан бас пен жең ішінде шіріп жатқан «мәселелерді» былай қойыңыз.

Әйелдер өз құқығын қорғағаны үшін, балалары мен өздеріне күш көрсетілмеуін талап еткендігі үшін кінәлі ме?

Қоғамда бар сұрқиялықтар, азғындық әйелдер талап етті екен деп өршіп, тыныш отыр екен деп тыйыла қалмайды. Заңмен тыйым салынбаған айла-амалдар, қанша қызылкеңірдек болса да, толастамайды.

Ірі істерді атқаруға тек ірі адамдар лайықты. Желіде отырып, қолына смартфон алып, әйелдермен арпалысып отыратын ер кісілерді көргенде, «қолына найза алып жауға шапқан» ата-бабамды аңсап кетем.

Ал, төмендеуді, тапталуды, қорлыққа шыдауды – толиранттылық деп есептейтін нәзікжандыларға айтарым: «өз жынысына құрметпен қарамаған адамды, өзге жынысты да төбесіне көтермейді».

Мөлдір РЫСБЕКҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: