Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ене мен келін сыйластығы немесе отбасы берекесінің құпиясы

17.11.2022, 9:40 1294

Жаратылысынан жатжұрттық болатын қыз бала­ның тәрбиесі тал бесіктен басталып, оның мінсіз болып бой жетуіне ата-анасы тікелей атса­лысады. Сондықтан қыз кезінде бәрі жақсы. Ал жаман қатын қайдан шығады? Келін болып, ақ босаға аттағаннан кейін оның жүріс-тұрысы, тәлім-тәрбиесі, жаман мен жақсы болуы ата-ене­сі, күйеуіне байланысты. Ата-анасынан дұрыс тәрбие алмаған қызды қайта тәрбиелеу мүмкін бе? Әрине. Жаңа оттың басына жаңа түскен келін иіліп сәлем салған алғашқы күннен бастап оның тәрбиесін енесі, одан кейін жолдасы қолына алып, өз отбасының ұйытқысына айналдыра алады. Бұл жерде қыз баласын затқа немесе ойыншыққа теңеу емес. Тұрмыс құрмаған қыздар бұл сөзімді жөнді түсінбеуі мүмкін, сірә. Бірақ, әуелден жарының аяулысы, ата-енесінің көз­қуанышына айналған қыздың өзгеруі де әп-сәтте-ақ. Шаңырақтың берекесін молайтып, мерекесін келтіретін ене мен келін арасындағы қарым-қатынастың түзу қалыптасуы келіннің тәрбиесі мен оған  деген  сыйластығын  арттыра  түседі.

Қазіргі таңда қоғам арасында ене мен келін тақырыбы көп талқыға түсетін өзекті түйткіл қатарынан көрінуде. Отбасындағы өз орнын ұмытқан келіндер мен жөнді тәртіп бере алмаған ененің жанжалдарын соңғы кездері жиі естіп, тіпті әлеуметтік желіден де байқап қалып жатамыз. Осы тұста, Зейнеп апамыздың зейінді әңгімелері мен құнды сөздерін есімізге түсірсек, жақсы мен ізгі нәрселерге жан дүниемізді байытамыз. Келіндік өмірдің жарқын үлгілерін көрсеткен Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова кезекті сұхбатында келін мен ене тақырыбына тоқталған болатын: «Келінін жамандайтын енелерге айтарым… Сенің не еңбегің сіңді оған. Бір адамды бір әлем дейтін болсақ, сенің қолыңа тұтастай бір әлем келді. Сен оған қандай еңбек сіңірдің? Ананың ақ сүтін бердің бе? Әкенің адал күшін жұмсадың ба? Оны мүлдем басқа адамдар жасаған. Түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін берді. Бақты, қақты, өсірді, жетілдірді. Дап-дайын күйде, тіпті бір күнде қызығын да көрмей, сенің қолыңа ұстатты. Ендігі жерде сен оған ие бола алмасаң, кімсің деймін? Кез келген әйел келінге ене бола алады. Бірақ келінге ана бола білу керек. Ананың парасаты қажет. Жас келінге қадалатын көз де көп, айтылатын сөз де көп, сын да көп. Киген киімі, жүрген жүріс-тұрысы барлығы көзден таса қалмайды. Осындай кезде кім сүйеу бола білу керек? Ене».

Иә, отбасы құндылығы ене мен келіннің тәрбиесінен бастау алады. Себебі, бір-бірін толықтай түсінетін осы екі адамның тағдырлас екенін білеміз. Бірінің аттаған табалдырығын дәл солай ол да аттайды, сол сәттен ене келініне жаңа шаңырақтың кішігірім өзіндік ұстанатын жөн-жосығымен таныстырып, ережелерін ескертеді. Аса бір қатты қиындығы жоқ келіндік өмірге сіңісуге ененің атқарар міндеті, қолдауы өте маңызды. Өйткені, келін ененің топырағынан деген қазақта жақсы сөз бар. Келін енесін сүйікті жарын өмірге әкеліп, үлкен азамат болып қалыптасуына зор ықпалын тигізген жан ретінде қарап, сыйластығын көрсетіп, мейірім төксе, ененің келінге деген жылулығы оянып, жас кезіндегі өзін көріп, оған ыстық ықыласымен, аналық мейірімімен қамқорлық жасап, білмегенін білгі­зіп, әр нәрсенің мән-жайын түсіндіріп, алға қарай жетелеп отырады. Бірін-бірі ұғысып, түсінісіп, ақылдасып шешім шығарған ене мен келін отбасы қамалын берік ұстап қалады. Отбасы құндылығы – қашанда ене мен келін  қолында.

Осы тұста, ене мен келін жайлы талай хикаялар мен әңгімелер естіп, әлеуметтік желіге де ашықтан-ашық салып жүрген келіндерді де көруде­міз. Сондықтан осы оқиғаларды баяндау арқылы бірінің ісін бірі қайталамасын деп алдын ала дабыл қағып жатыр­мыз.

ЕНЕ  мен  КЕЛІН  ОҚИҒАСЫ

Баяғыда бір сұлу бойжеткен жақсы көрген жігітіне тұрмысқа шығып, күйеуі және ата-ене­сімен бірге бір үйде тұрыпты. Сүйгенімен бас қосқанына қатты қуанышты, әрине. Бірақ  енесімен жұлдызы қарсы болыпты. Екеуінің көзқарасы екі түрлі. Бірі – жас, екіншісі – қарт кісі. Осы және басқа да майда-шүйде себептердің салдарынан күннен-күнге ұрыс­тар  өрши бастайды. Жігіт болса, анасы мен әйелінің ортасында  қалып, бақытсыз күндерді  кешіп  жатты.

Жас келін күндердің бірінде «бұлай бол­майды, бір  шешімін  табу керек» деп іштей енесінен құтылудың  жолын ойлайды. Ойлана келе бұрыннан  таныстығы  бар  шөптен  дәрі  жасайтын емшіге барады. Оған мән-жайды түсіндіріп, одан жәрдем сұрайды. Содан емші оған әртүрлі шөптерден тұнба жасап береді. Бірақ, енесіне у бергенін ешкім сезіктенбес үшін аз-аз беруді келінге нұсқап жатып: «Бұл тұнбаны үш ай бойы күніге енеңнің тамағына аз мөлшерде араластырып беріп тұр. Және де ешкім күмәнданбас үшін енеңмен жақсы қарым-қатынаста бол. Оның ең жақсы көретін дәмді  тамақтарын жасап беріп тұр», – деп қатаң ескертеді.

Жас келін тұнбаны алып, қуанып үйіне оралады. Үйіне келгеннен  кейін  емшінің  айтқандарын екі етпей орындайды. Күніге  енесінің  ең  жақсы көретін  асын  әзірлеп,  ішіне  аз  мөлшерде у  қосып  беріп  отырады. Және кейін күмән болмас үшін енесімен жақсы мәміледе болып жүреді. Біраз күннен кейін енесінің де көзқарасы өзгереді. Ол келінін өзінің қызындай жақсы көріп кетеді. Арада күндер, апта, айлар өтті. Бұрынғы келін мен ене арасындағы ұрыс-керіс сап тыйы­лып, бәрі  бақытты  болады.  Уақыт  өте  келе  келін  өзін  кінәлі  сезіне  бастайды.  Содан қайтып емшіге барады. Оған бұрынғы ісіне өкінетінін, енді енесінің өлуін қаламайтынын айтып, емшіден уды қайтаратын дәрі сұрайды. Қарт емші етегі жасқа толып, алдына қайтып келген жас келінге қарап, қарқылдап күліп жібере­ді де былай дейді: «Уайымдама, қызым. Саған берген дәрі шын мәнінде у емес тұғын, ол пайдалы дәрумендерден жасалған дәрі еді. Оны енеңе беруің арқылы оны қуаттандыра түстің. Шынайы у – ол енең мен сенің араңдағы болған нәрсе. Сен оған жақсы қарай бастағаннан соң оның да саған көзқарасы өзгерді. Араларыңдағы дұшпандық уы кетіп, оның орнына сүйіспеншілік пайда болды. Осылайша, сендер келін мен  енеге  емес, анасы  мен  қызына  айналдыңдар», – деген  екен.

ЕР  ЖІГІТ  ЕГІП  АЛАР  ЕГІН  ЕМЕС

Екі жас үйленген соң, жаңа түскен жас келін өзінің өркөкірек, өзімшіл дағдысымен жігітке шарт қойып, оның  ата-анасымен  бірге  тұрғысы  келмейтіндігін  айтады.  Жігітіне:

– Бөлек шығайық, жеке тұрайық, – деп үнемі қыңқылдап, қабағын  ашпай  қарыса  береді.

Келіннің  келеңсіз  ойын түсініп, амалы таусыл­ған ата-анасы жалғыз ұлға жиған-тергенімен екеуін бөлек шығарады. Бұл жағдайды ұнатпаған көрші­лері:

– Келін-ау, сенің күйеуің үш-төрт ұлдың, болмаса екінің бірі болса, ата-енең қуана-қуана отау қылып шығарар еді. Өліп-талып көрген, жан деген­де жалғыз ұлы. Ата-ананы аңыратып, үйін қаңыратып, қалайша бөлек шықтың? – депті.

– Шешесі күйеуіме «ананы сөйт, мынаны бүйт» деп жұмсай береді. Маған да ақыл айт­қысы бар. Мен 15 жыл оқыдым, өз ақылым өзіме жетеді. Жігітіме не істетемін, оны өзім білемін. Ол – менің жігітім, – депті келін шімірікпестен.

Көрші: – Қарағым-ау, ол ұл – сол ата-ана­ның өмірге әкеліп, ақ сүтін емізіп, мәпелеп өсірген жалғызы, өмірінің мәні, тіршілігінің  тіреуі  емес  пе? Сен «менің жігітім» дейсің. Ер жігіт сен егіп өсірген егін  емес, түбін ойла, – дегенде, келін сөзден  тосылыпты.

Жігіт те өзінің жігерсіз, ұстамсыз ұсқынына, ойсыз омырылғанына өкініпті.

ТҮЙІН. Отбасындағы ең әлсіз тұс – ене мен келін қарым-қатынасы. Екеуі де маңызды  әрі  қымбат  тұлға. Ене – отағасын  дүниеге әкеліп, өсіріп, жетілдірген жан.  Ал  келін – еркектің аманаты,  сол  отбасының санын  көбейтетін  адам. Сондықтан ене мен келін қарым-қатынасында ешқандай  қиындық болмауы керек. Өйткені олар керісіп, ұрысса, түгелдей шаңырақ шайқалып, үйдің берекесі кетеді.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: