Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баталы сөз – балаға азық

06.07.2022, 9:40 978

«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» дегендей, бата қазақ  халқының асыл қазынасы болып саналады. Біз қашанда үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеген елміз. Сондықтан қазыналы қарттарымыздың батасы – қасиетті, мағыналы, тек  жақсылық  тілейтін  әдеп. Бата – сан  ғасырлар  бойы ата-бабамыздан  жалғасын тауып  келе  жатқан  ұлттық құндылықтарымыздың  бірі. Бүгінде  оның  әдебі  мен мағынасы  еш  өзгермеген. Керісінше, қазіргі  жастарымыз өнегелі  бата  түрлерін  жаңа стильге  бағыттап,  жаттап жүрген  көрінеді.

Иә, кезінде ел қарияларының батасынсыз ешбір қазақ жауға яки жолға аттанбаған. Сондай-ақ, қазақ қызын батасыз ұзатпаған, нәрестеге батасыз азан шақырып ат қоймаған. Айта берсек,  батаның  берілер тұсы  мен  өзіндік  жөні  болады.   Мысал  үшін, Ораза айт, Наурыз мейра­мы, жарапазан, сүндет той секілді салт-дәстүрлерімізге айрықша бата түрлері беріледі. Батаны қазақ жұрты түрлі жамандықтан, қауіп-қатерден қорғайтын қалқаны деп сене­тіні жасырын емес. Сол себепті, бата жастарды ізгілікке, қайырымды­лыққа және мейірімділік пен жақсылыққа жетелейді. Қазір заман ағысына қарай, салт-дәстүр де, құндылықтарымыз да өзгеріске ұшырап жатыр. Бұған көзіміз де, құлағымыз да үйреніп-ақ кеткендей. Сондықтан да жастардың батаны заманауи ыр­ғаққа салып айтып жүргендері ерсі көрінбейтін шығар. Бірақ, қазір ұзақ, ерекше баталардың қолданыстан шығып бара жатқаны да рас. Оның орнына әзіл аралас қысқа баталарды жаттағандар жетерлік. «Ақсақалдан бата алған, құдайдың рақметіне жолы­ғар» деп біз де бүгінгі үлкен қариямыздың бата туралы әңгімесін тыңдап,  батасын  алдық.

– Жаңадан қосылып жатқан жас­тарға, өмірге келген сәбиге, оның ішіндегі орындалатын жөн-жоралғылардың барлығына бата беріледі. Жақсы істің басталуына түгел бата айтылады. Қазір батаны әркім өз қалауына қарай айтады. Мысал үшін, менің күнделікті  шаңырақта айтатын  батам:

Иә, құдайым  ондасын,

Қыдыр бабам қолдасын.

Бәрімізге шалқыған бақыт пен байлық  орнасын,

Аспанымыз айлы болсын, ұрпағымыз тайлы болсын, көңіліміз жайлы болсын, тұрмысымыз сайлы болсын, күніміз жарық болсын, ұлдарымыз алып болсын, қолдаушымыз халық болсын. Айтқаным келе берсін, құдайым бере берсін, Әумин! – деп 70 жастан асқан Төребек Аймағанбетов атамыз ақ  пейілге  толы  батасын  берді.

Батаны сұрайтын да, айтатын да иесі болады. Мысалы, көбіне үлкеннен батаны үйдің кенжесі мен жасөспірім балалар сұрайды. Ал, қазақ­тар  күйеу баладан бата сұрамайды. Неге? Оған кезіндегі Жаңғабыл шешеннің мына айтқаны дәлел деуге саяды. Бірде Жаңғабыл шешеннің қайын жұртынан бола тұра бір жігіт шешенге бата беріңіз деп қолқа салыпты. Жаңғабыл шешен жезделік әзілмен: «Сен әлгі қырық тоғыз үйлі туыстан екенсің ғой» дейді. «Иә, ата!»  дейді жігіт. «Онда мынаны айт­шы, сенің ауылыңда он оңбаған, тоғыз тоймаған, сегіз сергелдең, жеті жетесіз, алты алаңғасар, бес берекесіз, төрт төбел тас, үш үсіп өлген, екі елерме және жөні түзу біреу бар деп естігем. Сен солардың қайсысынан боласың?!» дейді Жаңғабыл шешен. «Білмеймін, ата!» дейді жігіт. «Ендеше  ауылыңа барып, ақсақалдарыңнан  сұрап, соны  біліп кел.  Сосын саған  жақсылап бата бере­йін» депті. Жігіт сөз астарын түсінбей ауылына келіп ақсақалдарға айтады. Сонда олар: «Әй, жөнді білмеген жете­сіз неме, жездең сені оңдырмай қатырған екен. Енді айыбыңды біз төлейтін болдық. Есіңде болсын, ұғып ал, Жаңғабылдың жолы біздің елге күйеу, ал қазақ күйеу баладан бата сұрамайды» деген екен. Қыз қартайса құдағи, күйеу қартайса құда деп мерейін көтергенімізбен межеден өтпей, мыңдаған жылдар бойы сақталып келе жатқан салтымыздағы жоралғыларды жонып түзеп, жаңқаламағанымыз дұрыс. Күйеу қайын жұртына келгенде бата бермейді. Себебі өз жұртын әр ру өзі басқарып, әулетіне өздері береді. Алыстан келген сыйлы қонақтар бата береді.  Ал күйеу баланың бермейтіндігі – «ұрпағы жоқ болып, қыз ұрпағы билемесін» деген ырым. Күйеуді төрге шығармауы «есіктен кіріп төр менікі деме, шаңырағыма ие болар өз ұрпағым бар» деген екен. Сондықтан да батаны тек әулеттің үлкендері мен қадірлі қонақтардан, танымал кісілерден  алады.

Бұрындары Ислам дінінің та­ралуына байланысты бата мен дұғаларды айту дәстүрі күшейе түсті. Қазірде көпшілігіміз дін қызметкерлерінен  бата  сұрап  жатамыз.

– «Бата» деген қазақтың аталы сөзінің  астарында көп мағына жатыр ғой. Әр  батаның  берілетін өзіндік орны болады. Мысалы, аста берілетін батаны  жаназада  бере  алмаймыз. Сол сияқты, әр жиында батаның сөздері, оның мағынасы өзгереді. Сондай-ақ, дұға мен батаның айырмашылығы жоқ. «Дұға ет», «бата бер» деген сөздің мән-мағынасы бір. Яғни, екеуін­де де ізгілікке, жақсылыққа толы тілек айтып, бата бересің. Дұға – араб тілінен  енген сөз. Ол тілдік жағынан – сұрау, шақыру, қалау, жәрдем ету деген мағынада қолданылады. Ал терминдік жағынан Алла тағаланың құдіретінің, ұлылығының алдында құлдың өз әлсіздігін сезініп, оған шынайы ниетпен бет бұрып, мұң-мұқтажын өтеуге жәрдем, көмек сұрауы дегенді білдіреді. Ал дұға сөзін қазақ бата деп ауыстырып алған. Бірақ, екеуінің де түпкі мақсаты бірдей, – дейді Қызыл­орда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы Мағжан Қайырғалиұлы.

Қорытындылай келе, бата маз­мұнына қарғыс та, алғыс та, реніш те, тілек те, ризашылық та қамтыла­тынын ұмытпайық. Сол арқылы халықты жаман нәрседен тыйып, жақсы нәрсеге бағыттап отыратын ауқымы кең ұғым саналады. Руха­ни құндылығымыздың  ішінде  әдеп-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз негізгі болып табылатын ақсақал­дардың ақ батасы ешқашан өз  даңғылын  жоғалтпаса   екен.

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: