Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сіз кімнен қорқасыз?

10.12.2020, 12:40 1752

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Осы менің құдам қызық адам. Ілеуде біреу ғана десем де болады. Жақында соғым сойыпты. Семіз етін мақтағанда араныңды ашады. Құдағиым қуырдақты қуырып, көршілерін шақырыпты. Бұл енді ауылдың қалыптасқан үрдісі ғой. Кімнің соғымы арық, кімдікі семіз, сол дастарқан басында өзекті әнгімеге айналады. Мұндайда қатындар арасында қақтығыс шығып, арты төбелеске ұласып жатады. Соғым кезінде қасапшы Қоңқыштың беделі аяқ астынан он есе артады. Ол керек десең, берген сәлемеңді алмауға құқысы бар. Айтқаныңды шопақ құрлы көрмейді. Өйткені, ауылда мал бауыздар еркек жоқ. Содан майлы қуырдаққа тойып алған құдамның аузы майланып сүртетін бірдеңе іздейді. Қолына республикалық бір газет ілігеді. Ортасынан қақ айырып аузын сүртіп, дастарқанның бір шетіне лақтырып жібереді.

Сол-ақ екен құдағиымның баж еткен ащы дауысы шықты.

-Ойбай, құрыдық.

-Не болды? Өңешіңе сүйек кетіп қалғандай бақырдың ғой,-деді құдам

-Сен қолыңды немен сүрткеніңді білесің ба?-деді құдағиым қылғынып

-Газетпен, газет майды күшті кетіреді.

-Сен сүрткен газетте министрдің суреті тұр ғой,-деді де құдағиым талып қалды. Қорыққаннан қорылдап тілін шайнап жатыр. Сөзге келер емес. Жедел жәрдем де жетті. Құдағиымның үрейленгені сонша ақыры сөзге келмеді. Көзі бөденедей бақырайып қалған. Ауданда бір жақсы халық емшісі бар еді. Сол кісіні шақыртты.

Емші:

-Иә, бұл кісі қатты қорыққан екен. Енді оған былай жасау керек. Үш мезгіл құлағына: «Министр – ол да етпен сүйектен жаралған адам. Ол құбыжық емес. Халықтың қамын ойлайды, сондықтан қорықпаңыз» деп, жүз рет айту керек. Бір аптада беті бермен қарайды,-деді.

Емшінің айтқаны келді. Құдағиым тілге келді:

-Ойбай, ол да біз сияқты адам ба? Мен оны қайдан білейін, жаналғыш шығар,-деп, қатты қорқып кеттім ғой…

-Әй, сенде бір көлеңкеңнен қорыққан бірдеңесің,-деп құдам ашуланып қалды.

Сонымен бұл оқиға бүкіл ауданға тарап кетті.

Бір күні ауданға облыс әкімі келді. Халықты жинап, клубтың ауласында жиын өткізді. Оған менің құдам мен құдағиым да барыпты. Облыс басшысы ауданның кемшіліктері мен жетістіктері туралы әнгімені қыздыра түседі. Өмірінде облыс әкімін көрмеген аудан тұрғындары эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас келгендей үймелеп жатыр. Құдам мен құдағиым әкімді жақыннан көргісі келіп, жағаласып жүріп дегендеріне жетеді. Әкім қамшы салым жерде тұр. Екеуі де мәз. Сол-ақ екен, аудандық әкімшілікте істейтін бір бұйра шашты сары жігіт құдаларыма қарап тұрып:

-Әй, сіздер не істеп тұрсыздар?-деді.

-Әкімді тамашалап тұрмыз.

-Әкім не, сіздерге әртіс па?

-Жоқ

-Онда тайып тұрыңдар

-Айналайын сонда не дегің келіп тұр?-деп құдам ашуланып қалады.

Әлгі жігіт қысық көзімен сүзеген бұқадай бір сүзіп өтіп:

-Сіздер әкімнің көлеңкесін басып тұрсыңдар ғой,- деді ақырып.

Құдам мен құдағиым шошып кетті. Шынымен де әкімнің көлеңкесін аяқтарымен таптап тұр екен. Қорқыныш оты жарқ етті. Төбелерінен үйдей үрей төнді.

-Ойбай, құрыдық,- деп, құдағиым шалқасынан түсті. Әншейінде батыр болып жүретін құдам бұл жолы әлсіздік танытты. Тізерлеп отыра кетті. Енді қазір екеуі бірдей еліріп төсек тартып жатыр. Өткендегі халық емшісін тағы шақыртыпты. Емі сол баяғыдай. Ақ қағазға бадырайтып шірткі жазып кетіпті: «Әкім – ол Құдай емес, кәдімгі адам. Екі көзі, екі аяғы бар. Одан қорықпау керек. Ол халқына қызмет етуі тиіс. Әкімнен қорыққан адам, қатынынан қорыққан адаммен бірдей. Ем болсын» депті. Осы шірткіні таза суға езіп, он күн бір қасықтан ішу керек екендігі ескертіліпті. Содан не керек, емшінің емінен кейін құда мен құдағиым есін жиыпты. Бұдан әрі бұл оқиға өрбіген жоқ. Бұл туралы ұмытып кеттік.

Бір күні бір құрдасым маған: «Кез келген адамды батыр қылып жіберетін жаңа дәрі шығыпты» демесі бар ма? Ойыма аудандағы қорқа беретін құда мен құдағиым сап ете қалды. Жүгіріп әлгі дәріханаға бардым.

-Сәлеметсіз бе? Сіздерде адамның қорқынышын басып, батыр ететін дәрі бар,-деп естіп едім.

-Иә, бар, қандай дозасы керек?

-Әйтеуір, қорықпай жүрсе болды?

-Оның түр-түрі бар, қымбатшылықтан қорықпайтын, қиындықтан қорықпайтын, бюрократтардан қорықпайтын тағы басқалардан, – деп, әлгі қыз дәріні мақтай жөнелді.

-Жарайды, бере беріңіз,-дедім де сатып алдым. Демалыста ауданға тартып отырдым. Құда-құдағайыма барып дәрілерді тарту еттім. Олар қорықпайтын дәріге қарық болып қалды. Бір апта өтер-өтпестен үйге құдашам телефон соқты:

-Сәлеметсіз бе? Сіздің дәрілеріңізді ішкеннен кейін, құда-құдағиың ешкімге көнбей, ауданның бәрін қырып жатыр,-деді де телефонды тастап жіберді.

Оқыс хабар ойымды опырып жіберді. Мәселенің анық-қанығын білу үшін ауданға тартып отырдым. Келсем, олар үйде жоқ екен. Аудандық әкімшілікке кетіпті. Барсам, ғимараттың ауласында ауданға жаңадан келген аудан әкімінің орынбасарын құдам бұрышқа тақап қойыпты.

-Сен халыққа, қарамағыңдағыларға аузыңа келгенді айтып лепіре берме, ұқтың ба?-дейді ақырып. Не деген жүректілік? Не деген батырлық?

-Ұқтым,-дейді орынбасар жүнін жұлған тырнадай болып. Әрине, жаны барға жан керек.

-Бұдан бұлай кабинетіңде жалпиып отырып алып, ақыл айтқанша ауылда арала,- деп қайта-қайта төніп қояды. Жуан жұдырығы түйіліп тұр.

Жұмысқа жаңадан келген орынбасар басын изей береді. Естуімше ол ауданның орынбасарлығына отыра сала ешкімге көзі түспейтін көрсоқыр болып қалыпты. Әлі келетіндерді бір шыбықпен айдағысы келді- ау, деймін. Құдам соны біліп қалған болса керек.Тістеп алардай төніп қояды.

-Құдеке, сізге не болған?-деп едім сабырлық танытып.

-Білмеймін не болғанын, сенің дәрілеріңнен кейін ешкімнен қорықпайтын, шындықты бетке айтатын болдым,-деді жұдырығын жоғары көтеріп. Шамасы бұлар дәрінің дозасын көбейтіп жібергенге ұқсайды. Құдамды жетекке көндіріп сыртқа алып шықтым. Енді бұлай жасуға болмайтынын айтып түсіндірдім. Дәрінің күші қайтты ма, қайдам басылып қалыпты.

-Құдағиым қайда?-дедім.

-Ол таң атпай аудандық оқу бөліміне кеткен еді,-деді құдам құлағын қасып. Содан құдамды ертіп сол жаққа барсам, мекеменің артында шаң көтеріліп жатыр екен. Сүйтсем, құдағиым аудандық оқу бөлімінің әйелімен жекпе-жекке шығып жатыр. Яғни, ережесіз қатындар төбелесі десе де болады. Қорқақ құдағиыма таусылмайтын жел бітіпті. Оқу бөлімінің семіз әйелін допша домалатып жүр. Жалынып жүріп әрең дегенде ажыратып алдым.

Не деген дәрінің құдіреті?

Әйтеуір, бәрі тынышталды. Арты жақсы болды.

Айтпақшы,өз көлеңкесінен өздері қорқатындарға осы дәріні ішуге кеңес беремін…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: