Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өгіз туған күн…

01.04.2024, 10:15 163

HALYQLINE.KZ

(әңгіме)

Айтқанға сенгіш. Мынау алдап тұр-ау деп ойламайтын, ақкөңіл адамдар туралы айтылатын «Өгіз туды десе сенеді» деген сөз барын бәріміз білеміз.

Әр жылдың бірінші сәуірінде (сол уақытпен айтсақ 1 апрельде) менің езуіме еріксіз күлкі үйіретін мына жайт есіме түседі.

Жастау кезіміз. Ауданның белді мекемесінің екінші қабатындағы ұзынша коридордың шетіне орналасқан бөлімде қызмет жасаймыз. Кабинет екі бөлме. Кіреберісте қызметтес келіншек, жалғастыра қойылған екі столда қатар отырамыз. Бізге қарама-қарсы бөлмеде бөлім басшысы. Есігі көбінесе ашық.

Қызметтес келіншек екеумізге ортақ бір телефон ортада. Бірінші сәуір болатын. Келе жұмысымызға кірісіп кеттік. Мен қағаздарды реттеп, қызметтес келіншек жазу машинкасын тықылдатып отыр.

Бір кезде менің қызметтесім үн-түнсіз тұрған телефон аппаратының тұтқасын жайымен алып:

– Алло… Я, сол мекеме… Қазір берейін, – деді де. – Мә, сені сұрайды, – деп тұқаны маған ұсынды. Бірден түсіндім. Мені алдамақшы. Алдымда:

– А… Жақсы жақсы. Аманшылық. Ешқандай жаңалық жоқ. Сол баяғы жұмыс. Ағай орнында. А.. Жаңа сөйлеспедің бе… Телефон тұтқасын көтерген өзі еді… – деп қызметтесіме қарадым. Ол сұқ саусағымен өзін көрсетіп, иегін көтеріп, маған сұраулы жүзбен қарады. Мен басымды изедім де сөзімді жалғастыра бердім:

– Оның сондай мінезі бар. Енді ол сенімен сөйлеспейді…

Орнынан тұрып келген қызметтес келіншек тұтқаға жармасты. Бере салдым. Құлағына апарды да маған бір, қолындағы телефон тұтқасына бір қарап аңырып тұрды да:

– Кіммен сөйлестің? – деді.

– Ешкіммен. Тып-тыныш тұрған телефон тұтқасын беріп… Өзің мені алдаған жоқсың ба? Осылайда адамды алдай ма екен…

– Қалай алдау керек? Өзің кәдімгідей сөйлесіп отырдың ғой.

Екінші бөлмеден бөлім басшысы:

– Жаңағы қағазды басып бітірдің бе?… Төмендегі бөлімге апарып бер, – деді.

Сәлден кейін келген қызметтес келіншек:

– Ағай… Төмендегі үлкен залға ауданның барлық милициясы мен дәргерлері жиналып жатыр. Абыр-сабыр. Бірдеңе болған-ау деймін, – деді орнына отыра беріп. Сол сәтте мен:

– Естіген жоқсың ба? – дедім.

– Нені…?

– Аудандық ауруханада ер адам босанып қалыпты. Төтенше жағдай деп соған жинап жатырған ғой…

– Кетші. Сен де қайдағыны айтасың…

Сол кезде қолында блокноты, қаламсабы бар бөлмесінен шығып келе жатқан бөлім басшысына:

– Бөлім басшыларын да шақырып жатыр ма? – дедім.

Қызметтес келіншек қосарлана сұрады:

– Ағай … Рас па?

– Солай шығар…

Басшымыз миығын тарта күліп, маған қарап басын шайқап, шығып кетті.

Байқап отырмын. Қызметтесім машинкасын бір-екі тықылдатты. Қағаздарды қараған болды. Байыз таппады. Одан әріге шыдамай орнынан тұрып сыртқа беттеді. Сәлден соң бөлмеге жұлқына кірді. Қоңырқай жүзі қып-қызыл. Орнына отыра беріп:

– Осы сен адамды жынды қылатын шығарсың, – деді.

Езуімдегі күлкіні әрең тежеп:

– Не болды? – дедім.

– Жаңағы сенің айтқаныңды төмендегі апайларға барып айтып едім. Бүгін бірінші апрель, сондай сөзге де сенгенің бе, – деп күліп жатыр.

– Міне, алдағасын осылай алдау керек, – деп күлсем де, қызметтесімнің ойлы жүзіне қарап күлкімді тыя қойдым.

– Сені қойшы, «солай шығар» деген ағайдың сөзі ғой…

– Сонда да, ер адам босанды дегенге де адам сене ме… Өгіз туды дегенге сенетіндер бар деуші еді, – дедім..

– Соны айтам-ау, – деп өзі де күлді.

Сол бейкүнә сенгіш қалпы әлі көз алдымда. Қазір немерелерінің аяулы әжесі. Кездескен кезде осы жайды есіме ала бастасам, «сен де ұмытпайды екенсің» деп жұмсақ жұдырығымен нұқып қалады.

Есекей  Құдайберген,

Қазалы  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: