БҮГІНГІ САТИРА
Бүгінгінің миллионері Жуанбайдың өмірінде қарапайым зат деген атымен жоқ қой, жоқ! Міне, қасық – күміс, шанышқы – платина, ал тіс шұқығышы – таза алтыннан жасалған десем, соның үйіне қонаққа барғыңыз келіп, тіс шұқығышын жымқырып кеткіңіз келеді. «Адамның мәртебесі тісінен басталады» деп ойлайтын ол қонақ келгенде міндетті түрде алтын тіс шұқығышын үстелге қояды.
Ал енді итінің өзі адамша өмір сүреді. Оған арнап вилла салдырды. Итінің бөлмесінде кондиционер, теледидар, тіпті массаж креслосы бар. Бұл иттің «мінезі» де өзгеріп шыға келген. Маңғаздана үреді. Құйрығын әрең қимылдатады. Сол иттен туған иттің туған күніне арнайы әнші шақырылып, қонақтарға дастарқан жайылды. Жуанбайдың мақтанышы – алтын тіс шұқығыш. Аспазшылар дастарқанды жайнатып, ет желініп болған соң, әйелі алтын тіс шұқығышты қойып жатып:
– Бұл – алтын тіс шұқығыш. Сондықтан тістеріңізді шұқылап болған соң, мына тарелкеге сала қойыңыздар, — деп ескертті.
Қонақтардың бірі алтын тіс шұқығышты тістеп көріп:
– Ескерткішке алсам бола ма? – деп сұрады.
–Алтын тіс шұқығыштар жұп-жұбымен еді. Бірі – күйеуі, екіншісі – әйелі, — деді Жуанбай.
– Мендегі қайсысы? «Әйелі» ме?
– Мүмкін, көңілдесі шығар? — деп күлді оның қасында отырған қарны қабақтай, беті табақтай миллионердің бірі «қық-қық» деп күліп.
– Америкадан жасатып әкелдім. Кішірегі әйелі, ұзындауы еркегі деп аталады екен, — деді Жуанбайдың әйелі.
Қонақтар кеткен соң, Дариға алтын тіс шұқығыштарды санай бастады.
– Біреу, екеу… он бес… Біреуі жоқ! Он алты болуы керек еді!
– Кім жымқырды екен?
– Тойтан?
– Ол менің көзімше тарелкаға тастады.
– Ойтан?
– Ол мұрнын ғана шұқылады.
– Мойтан?
– Ол тырнағының астын шұқылап көрді.
– Әлима?
– Ол тісін шұқымады. Етіміз тісінде сол күйі кетті.
– Кәрима?
– Ол күйеуінің құлағын шұқылап отырды…
Жуанбай ойланып отырды да:
– Тіфу! Енді есіме түсті. Тісімді шұқыдым да, қоқыс тастайтын алтын шелекке тастап жіберіппін ғой! Енді есіме түсті! — деп шелекке басын сұғып қарады.
– Әй, мен қазір ғана қоқысты тастап келдім.
– Қайда?
– Көшедегі қоқыс жәшігіне!
Жуанбай коттеджден жүгіріп шықты. Жол-жөнекей түкіріп шықты. Қоқыс жәшігі толып қалған екен, қолымен араластырып ары қарады, бері қарады. Үлкен қоқыс жәшігінде не жоқ дейсің? Кішкентай ғана тіс шұқығыш қалай табылсын? Дариға шала желінген еттің сүйектері мен трюфель қосылған ризотто қалдығы, тіпті Белуга уылдырығы салынған пакетті осында тастаған болатын. Ал оны қайыршы алып кеткен. Алтын тіс шұқығыш сол пакеттің ішінде еді. Миллионерді бір блогер ұялы телфонымен суретке түсіріп алып, сол күні ТикТок сторисіне сала қойды. Тақырыбы: «Байлар да қоқыс жағалайды…». Ал қайыршы алтын тіс шұқығышты тауып алғанның өзінде тісін шұқымақ болса, өмірінде ет жемеген, қай жерін шұқиды екен? Миллионер алтын тіс шұқығышын іздеп жүрсе, қайыршы сол пакеттен қалдық етті іздеп жүрді…
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Фото: papik.pro
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!