Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айырбас

28.05.2026, 11:55 39

HALYQLINE.KZ

Азанда мал базарға асығып бір адам келді. Қолында құшақтаған тауығы бар.

— Тауық алыңдар, тауық. Халайық, тауық сатамын немесе әтешке айырбастаймын, — деді айғайлап. Ішінен күңкілдеп былай дейді: «Ее, бұл тауық не істемеді? Бірақ, несіне жасырайын, бәрі бір сатып жібермеймін бе? Сұмырай, кімге тап болса да, түбі бұл оңдырмайды. Өзінің көзі жаман, алаң-ғұлаң етіп тұр. Мен біліп тұрмын не іздеп тұрғанын, бетсіз, тары емес, бидай емес, әтеш іздеп тұр».

Шамасы сатушы тауғынан қатты көңілі қалса керек. Болмаса, кез келген адам базарда арық малын семіз деп, сатып жіберуге ұмтылмай ма?

— Әй, өзі барып тұрған оңбаған тауық. Мұның қырсығы басқа тауықтарға тиді ғой. Тым жақсы ел қатарлы бес тауық, бір әтешіміз бар еді. Күніге бес жұмыртқа алып мәз болатын едік.

Қазір ауылдың тамағы қазы-қарта емес, жұмыртқа ғой, шіркін. Таңертең суға қайнатып жейсің, кешке майға қуырып жейсің. Ал, түнде төсекте дөңбекшіп жата алмайсың. Тым жақсы рақат өмірдің тыныштығын бұзған осы тауық. Көршімнің алты тауығы, қоқиған дәу қоразы бар. Біздің әтеш оған қарағанда кішірек, әлде әйелім жемді аз бере ме, қайдам?

Бірақ, көршінің әтеші «здоровый» болмай қайтеді, иесі 20 жылдан бері азық-түлік қоймасында жұмыс істейді. Ұлты – қазақ емес. Жеген бидайы алдында, жемегені артында, тауық қорасы бүтін, төбесінен тамшы ақпайды, тұрмыстары жақсы, тамағы тоқ. Олар біздің тауықтар сияқты ертеден кешке дейін жер шұқып жүрмейді. Тарыға, бидайға сылқиып тойып алып, жұмыртқаларын «спокойно» туып, шалқайып жатады. Тауық қорасы евроремонт.

Мына біздің тауық соған қызықты ма, әйтеуір қорадан аулаға шығарсаң болды, басы қалт-құлт етіп, қыт-қыттап, көзді ала бере көршінің қорасына секіріп түсіп, әтешіне қырындап, соның қасынан бір елі қалмайтын болды. Оны қайдан білдің дейсіңдер ғой, әйелім сезіп қалыпты. Өйткені, ол көп жылдан бері қалалық ішкі істер бөлімінде тергеуші болып жұмыс істейді. Бір күні келіп айтады:

— Отағасы-ау, ана бес жұмыртқа бұрын ақ сияқты еді. Соңғы уақытта біреуі қоңырлау болып кетті, — дейді. Кейде төрт жұмыртқа алатын болдық. Бара-бара ант ұрған тауық көрші үйдің қорасына қонып қалатынды шығарды ғой, масқара.

Бір түрлі ауыл тұрғындарынан қысылады екенсің. Мен бейшара жеңіл жүріспен тек қана адамдар қауымы айналысады екен десем, қате екен. Қысқасы, мен оған жем шашып жүрсем, ол әтешімнің көзіне шөп салып жүр. Ақыр аяғында біздің әтеш күнде көршінің қоразымен басы піспей төбелесетін болды. Төбелескені бар болсын тұмсығы қанап, жүндері түсіп, таяқ жеп қалады. Көршінің жемге тойған семіз әтеші қос аяқпен тепкенде әлемет, ұшырып түсіреді. Тура каратэмен айналысқан сияқты. Біздің әтеш бұты қалтырап сүмек. Спорттан түк хабары жоқ. Байғұс әтешке обал болды. Бұзылған мекиен қорадағы өзге тауықтарды жаман жолға салып, өзімен бірге ертіп кетуді шығарды. Тіпті қазір қорада бір жұмыртқа жоқ. Барсам, мойны салбырап әтешім ағашта қонақтап отырады. Әйелім қолына таяқ алып тауықтарды тырқыратып алдына қуып әкелді. Бәрі бір қайтадан мына шайтан ертіп әкетеді. Бәрін аздырған, азғырған – осы.

Көрінген әтешке жұғысатын барып тұрған оңбағанның өзі. Сырты аппақ болып жылтырағанмен, іші толған арамдық, бұзақылық. Ай, оңбағанның жүнін тірілей жұлып, өртер ме еді? Сұмырай. Басын балтамен шауып сорпа жаса десем, әйелім «еті арам» деп көнбей тұр. Әйтпесе, баяғыда құртар едім. Бәрінен бұрын үйдегі әтешке жаным ашып тұр.

Әйелім:

— Айналдырған бес тауыққа ие болмадың, сүмексің, — дейді.

Күнде пышағын қайрап отыр.

Әй, обалы жібермегір, түбі оңбассың. Мына ісіңмен көп кешікпей құрисың. Басын қарашы, қақшаң-қақшаң етеді. Әне, тауық ұстаған біреу келе жатыр, мен оны қатырайын, сүйтіп мына пәледен құтылайын. Басқа амалым жоқ, — деп іске көшті.

Базарға қолына әтеш ұстап бір адам келеді. Мұны көріп тауық сатушы айғайға басты:

— Тауық аламыз, болмаса әтешке айырбастаймын.

— Әтеш алыңдар, әтеш.

— Бауырым, әтешіңді менің тауығыма алмастырасың ба? Маған әтеш керек еді.

— Тауығың жұмыртқа туа ма?

— О, не дегенің, бір күнде бірнеше рет жұмыртқа туады.

— Ойпырмай-ә, мынау дәл мен іздеген тауық болды ғой.

— Әрине, бұл керемет тауық әтешім өліп қалып, амалсыздан тауықтар жесір қалмасын деп, айырбастап тұрмын. Ал, енді өзіңнің әтешің қалай жақсы ма былай?

— Мен де өзің сияқты, амалым құрып сатып отырмын. Үйде екі әтеш, бір тауық бар. «Третий лишний» деген бар емес пе, екеуі күнде басы піспейді. Сосын айырбастауды жөн көрдім.

— Ендеше тауық саған, әтеш маған бұйырған екен, — деп екеуі айырбастайды.

Бірінші адам әтешті алған бойда қуанып үйіне тартады.

— Бейшара мәз болып барады-ай. Қатырдым ғой өзін. Бұл әтештен құтылғаныма қуанып тұрмын. Ойпырмай, таңнан кешке үй көрмей ауылдың барлық тауығын қуып жүреді. Содан өліп-талып қораға түн ортасында келеді. Таңертең «кукареку» деп айғайлауға шамасы келмей ұйықтап қалады. Үйде «будильник» сағат жоқ еді. Қаңғыбастың қырсығынан жұмыстан кешігіп жүрдім. Ойбай, ол түк емес, елдің тауығына көз салып жүргенде үйдегі тауықтар жұмыртқаны сирек туатынын айтпағанда, жарып қалсаң ішінде түк уызы жоқ қу қабықтың өзі болып шығады. Масқара. Мұндай жұмыртқаны кім көрді? Түу, құтылдым ғой, пәледен, — деді.

Ал, бұл саудада кім ұтты? Кім ұтылды? Оны оқырман қауымның өзіне қалдырайық.

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Фото: anekdot.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: