Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кімге қандай күн?

28.03.2024, 10:00 74

Кімге  қандай  күн?

– 1 сәуір – біреуге күлкі, біреуге түрпі күн.

– Неге олай дейсің?

– Себебі, бұл күн арамтамақ пен алаяқтарға ауыр күн. Ал, жалпы жай халыққа бауыр күн. Жемқор мен парақорлар үшін жауыр күн. Тазалар үшін тәуір күн.

– Әлгілер  үшін  неге  ауыр, неге  жауыр  күн  болады?

– Олар  себебі әзіл-оспақ пен сын-сықақты кірпідей көреді, турасын айтсақ, түрпідей  көреді. Сондықтан олар 1 сәуір күні онша күлмейді. Жалпы, күлкі дегеннің  не екенін білмейді. Олар күндіз-түні ақша табудың оңай жолын ойлап,  әбден  қияли  болып  кеткен…

Жазары  анық  жайлар  көп

– Ақын Абай бүгінде тірі болып, сатира жанрына қалам тарта қалса, не жазар еді?

– Түрлі сын-сықақты жазар еді-ау.

– Мысалы, қандай?

– Мысалы, мынадай:

Миллионер болып мақтанба,

Байымай босқа баптанба.

Сәл пайдаға шаттанба,

Бәрі байып жатқанда.

Бес нәрсеге ғашық бол,

Миллионер болам десеңіз.

Бәс нәрседен қашық бол,

«Баю!» деп уайым жесеңіз, – деп,  әрі  қарай  жалғастырып  жаза  берер  еді.

Болмаса:

Білесің бе денелі сол нахалды?!

Бай-кедей деп аямас ешбір жанды…

Қолда қару, өзінің түсі суық,

Қас-қағымда қасыңа келіп қалды, – деп ұры-қары мен тонаушылар жайлы жазары хақ.

Болмаса, тағы да:

– Барсаң қол сермеп,

«Аз, тағы бер!» деп,

Талайларды қайырған…

Аямай алып,

Қалтаға салып,

Нәпақадан айырған…

Заманға қарай,

Адамға қалай,

Осы індет жайылған? – деп зар жылап жазары сөзсіз. Иә, ұлы Абайдың назарына бәрі де ілігер еді. Ең арғысы:

– Ішпесе тек жай қалқып,

Басы жүрер салбырап…

Ішіп алса тым шалқып,

Кейін қалар қалжырап, – деп араққұмарларды сатирамен шарпып өтері анық.

Өмір  өрімі

Нұрлы   нарық  нақыштары

Нарыққа көз үйренді,

Кейін сөз үйренді.

Кісінің өзі үйренді,

Қысқасы, тез үйренді.

Заман – нарық,

Адам – нарық…

Біреуі – семіз,

Бесеуі – арық…

Зейін – нарық,

Пейіл – нарық…

Келе жатыр,

Кейін тарып…

Шөл де – нарық,

Көл де – нарық,

Келе жатыр,

Көр де тарып…

Зерде – нарық,

Жер де – нарық,

Нарыққа бәрі,

Болды-ай қарық.

Бу да – нарық,

Су да – нарық,

Ең арғысы,

У да – нарық…

Сіз-біз де – нарық,

Шыж-быж да – нарық…

Көркейіп солай,

Келеді халық.

Тоқ етері:

Нарық – Күн,

Нарық – Түн.

Күндізде бар,

Түнде бар,

Күндіз-түні жарық тым.

Ықылым  заманнан  бергі  індет

Парақорлық деген ықылым заманнан уақытқа ілесіп келе жатқан індет ғой. Қожанасыр өзінің  жеке  шаруасымен бір  ауылнайдың   алдына   7-8  рет  барып, шаруасын бітіре алмапты. Қожекең тоғызыншы рет барғанда әлгі арсыз ауылнай:

– Түсінікті адам пара береді,

Түсініксіз надан бара береді, – депті ұялмай-қызармай. Сонда Қожекең:

– Алаяқ – адамды алдай береді,

Адал – адамнан алмай береді.

Нағыз  сендей  жалмауыздар,

Жай  халықты  жалмай  береді, – деген  екен.

Неге  солай?

Адам солай,

Заман солай шығар-ақ,

Сонша неге пейіл болды сұғанақ?!

Сыпайылық сырт айналып кісіден,

Шынайылық шеттеп қалды сығалап.

Жат біреудің салт-дәстүрі салдақы,

Санама менің кірмекші неге сыналап?!

Неге?

Құлқынның  құлы

(мысқыл  мысал)

– Пәленше демалыста екен,

Кеше қонаққа шақырды.

Жайы да тым алыста екен,

Шақырып бірақ қатырды.

– Қатырғаны қалай?

– Қазір дастарқанның сәні,

Өрік пен жаңғақтың дәні.

Қазы мен қарта,

Жал мен жая,

Ірімшік пен қаймақ тұрды.

Бағасы қымбат,

Қымыз бен шұбат,

Жәннаттың жемістері,

Дастарқанда жайнап тұрды.

Пәлекең солай сыйлады,

Құлқынды бірақ «қинады»…

«Көңілді» болып қайтатын,

Бір қылмойын қимады.

– Әй, түгенше!

Бәрін енді тамамдап,

Пәленшені жамандап…

Құлқын үшін қайтесің,

Адал асын арамдап.

Жаралған жоқсың арақтан,

Сені де Құдай жаратқан.

«Шөлдеп» әкең өлген жоқ,

Арақ пенен шараптан.

Қойсаң енді қайтеді?!.

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: