Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Далаға шығыңыздар!

14.05.2025, 10:20 82

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Үкімет мәжілісі басталды. Титықтаған тақырып – «күн көру қиындап барады…». Вице-премьер сөз алды:

– Елімізде күнкөріс қиындап барады екен. Маған түскен мәліметтерден денем түршігіп, тұмауратып, тіпті аллергиям ұстап, құлағым шыңылдап, жүрегім дыңылдап, мұрным бырылдап, өкпем сырылдап, тамағым қырылдап…

– Тоқ етерін айтыңыз? -деп қалды Премьер-министр.

– …жатқандай әсерде болдым, – деп жалғай салды бірінші орынбасар жұтынып қойып, көзінің астымен төрге қарап, – Кәсіпкерлер, олигархтар, биліктегілер ауқатты болғанымен, қара халық күн көре алмай жүр екен. Мәселен, ОҚО-дағы бірінші сыныптың бес-алты оқушысы мектепке күздің қара суығында гәлөш киіп барады екен. Айлықтары шайлыққа жетпеген соң, қайтсін енді…

– Күн көрудің жаңа жоспарын жасайық, – деп қалды әлеуметтік саланың министрі ернін тістеп.

Премьер қатты қайғырды. Маңдайын жоғары-төмен жиырып, көздеріне мөлтілдеп жас келді. Сосын, орнынан тұрып, ауыр күрсініп еді, ұзын столды жағалай отырғандар жаппай күрсінді. Бәрі қайғырды. Сырттай оқу сияқты, сырттай қайғырды. Бәрінің беттері әлем-тапырақ болып кетті. Бір кезде, премьер сөйлеп кетті:

– Халықтың жартысынан астамы күндерін көре алмай жүр екен. Біздің қазақ еріншек. Бәрі далаға шықсын. Аспан бұлтты болмаса, күн дегеніңіз жарқырап тұр емес пе? Көрсін күндерін! Тегін көрсін! «Қазақ елінің кедейлері! Далаға шығыңыздар, күн көріңіздер!» деген ұранды насихаттайық!

Сол екен, министрлер, сала басшылары ұзақ қол шапалақтады. Премьердің ақылдылығы мен көрегенділігіне таң қалды. Халыққа қалай жаны ашиды десеңізші! Ертеңіне еліміз бойынша қара халық далаға шығып, күнді тамашалады. Олар осылай, аш болса да, күндерін көріп жатты…

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Ғалым Смағұлұлының карикатурасы (көрнекілік үшін).

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: