Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақымақтың ажалы

24.10.2024, 16:20 203

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі сатира

(А.П.Чеховтің «Чиновниктің ажалы» желісі бойынша)

Құдай ұрамын десе, демде ғой. Шенеунік Мыжбан Мәндірбаев мәжілісте отырған. Президент жолдауын тыңдап. Бір кезде, танауы қышып сала берді де, «ә-әпчу!» деп түшкіріп салғаны. Президент селк ете қалды. Оның аузынан шыққан уылдырықтың, тағы басқа тағамдардың қалдықтары алдында отырған министрдің жуан, бұжыр-бұжыр желкесіне барып, былш ете қалды. Өзі – сол министрлікте сала басшысы. Құдай тоңқалаң астырды деген осы! Дереу, еңкейіп, министрдің құлағына сыбырлады:

– Кешіріңіз, әдейі түшкірген жоқпын, отыра беріңіз, өзім сүртемін, – деді де, министрдің желкесін бет орамалымен сүртіп тастады, желке шашының арасына бірдеңе тұрып қалғандай ма, үңіліп қарап, сосын, қасында отырған депутат бикештен қас жұлғышын сұрап алып, сонымен шымшып, қалдықты іздеп кетті. Министр қозғалақтап:

– Тыныш отырыңыз, – деп сыпайылық танытты.

«Бітті! Енді мені қызметімнен алып тастайтын болды! Ендігі жылы түшкірсем де, болар еді ғой?» деп ойлады Мыжбан ішінен. Мәжіліс аяқталған соң, министрді қуып жетіп:

– Кешіріңіз, жиіркеніп қалған жоқсыз ба? Айып етпеңіз, денсаулығым жоқ еді, – деді күйгелектеп.

– Мен ұмытып кеттім, – деді министр Тыжбан Түкбітірмесұлы.

«Әне, ұмыта салады. Біздейлерді көзіне де ілмейді. Бұлар халықты да, ұмытып кетеді» деген ол министрдің алдына тұра қалып:

– Мен түшкіргенде, селк ете қалдыңыз, таңдайыңызды көтеріп берсем бола ма? – деп сұрады.

Министр жауап берген жоқ, жөніне кетті. Мыжбан үйіне келген соң, түнімен ұйықтамай шықты. «Жауап бермеді ғой? Жоқ, ертең қабылдауына барып, кешірім сұрамасам, қызметімнен алып тастайтын болды. Нағыз жейтін, жегені несі, асайтын салам еді, алдын алайын» деп министрдің қабылдауында болды. «Мен… Мыжбан Мәндірбаев, сіздің желкеңіздің абыройын түсірдім, кешірмесеңіз, кетпеймін! – деп міңгірледі.

– Қай басқармада істейсіз?

– «Халықты алдап-арбау» басқармасы.

Министр ауылдың боқтампаз жігіттерімен араласып өскен шенеунік еді.

Шымкентшелеп:

– Өй, шешеңнің… Жоғал! Көзіме көрінбе! – деп айғайлап жіберді. Мыжбан қуанып сала берді. Өйткені, оны анау-мынау емес, министр балағаттады ғой, министр! Ол көпке дейін таныстарына «мені министрдің өзі боқтап, өзі шығарып салды, бұл – мен үшін үлкен құрмет» деп айтып жүрді. Келесі айда қызметінен қуылған түні жайсыз ұйықтап жатып, ертеңіне оянбай қалды…

Мұхтар  ШЕРІМ

Фото: nukadeti.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: