БҮГІНГІ САТИРА
(«Жыбырлауық кітап» сатиралық романымның алғашқы тарауынан үзінді)
«Аһ, аһ, аһ!» деп айғайлаған ол кітаптың бетін жауып үлгеріп, шалқасынан түсті. Сосын шалқасынан жатып, күректей алақанымен бетін басты. Бетін жапқанымен, үстел шетінде тұрған кітапқа саусақтарының арасымен сығалай қарады. Қорқып кеткені соншалық, аунап түсіп, етпетінен жата қойды. Сол етпетінен жатқан күйі есік жаққа қарай аунады. Аунап барып, есікке тақалды. Көлденеңінен сыймай қалды. Орнынан тұрып, кітапқа жалт қарады да, тез басын артына қарай бұра қойды. Бірақ ештеңе байқап үлгермеді. Сосын тағы жалт қарап, басын есік жаққа жылдам бұра қойды. Байқамады. Енді ол есік жақтан басын өте жай бұра бастады. Басы бұрылып келеді, бұрылып келеді, бір қараса… «Аһ, Аһ, аһ!» деп дауыстады да бөлмеден атып шықты. Профессор бірдеңеге таңғалса немесе үрейленсе осылай «Аһ, аһ, аһ!» дейтін еді. Мұның орнына «Ау-у, ау-у!» деп ұлитындай қасқыр емес қой. Қасқырдың профессор болғанын кім көрген?
Бір кезде ол есікке қайта жақындап, сығалай қарады. Мәссаған! Кітаптың беті жыбыр-жыбыр ете қалды! Ол селк етті. Аяғын жай басып, жақын келіп қарап еді, тағы жыбыр етті. Қолы дірілдеп, «Жыбырлауық кітап» бетін ашқаны сол, Құдайым-ау, парақтары өзінен-өзі парақталып, ортасына келгенде тоқтап қалды. Шымкенттегі белгілі бір университеттің профессоры, ағылшын тілі кафедрасының меңгерушісі Асан Аманұлы сасқанынан:
– Аһ, аһ, аһ! — деді.
Сосын кітапқа қолын созып еді, сөйлемдер ішіндегі кейіпкерлер жыбырлап кеткенде, ол үрейленіп, қолын тартып алды.
– Аһ, аһ, аһ!
Ішінен ойлады: «Масқара! Сықақшы Мұхтар Шерімнің мына кітабы немене болып кетті?».
Ол кітап бетін асығыс жаба салды. Сол екен, кітап кейіпкерлерінің әртүрлі дауысы шыға бастады. Бірдеңе көз алдыңызда жыбыр-жыбыр ете қалса, өзіңіз де жыбырлап кетіп қалмайсыз ғой. Таңғалып, таңдайыңыз тақ ете қалады немесе үрейіңіз «Боинг» ұшағы сияқты ұшып кетер. Үрей құшағында тұрған профессор жан-жағына қарады. Әйелі Сара дүкенге шығып кеткен еді. «Мына кітапты оқи аламын ба? Әлде кейіпкерлермен алысып өтемін бе?» деп ойлаған профессор көзін жұмып алып, кітапқа тағы қолын созды. Сөйтті де мұқабасын жаба қойды. Тыныштық орнады. Кәдімгі тыныштық. Кенет кітаптан әртүрлі дауыс шығып жатты.
– Сәлеметсіз бе?
– «Аһ, аһ!» дей берместен, кітаптың бетін ашыңыз, тұншығып кеттік!
– Біз де адамбыз, кейіпкерлерміз!
– Шай ішейік!
Профессордың бір көзі үлкейіп, бір көзі кішірейіп, не істерін білмей тұрды. Тіпті селдір шашы жалбырап, қолы қалтырап, кітапты қолына алды. Кітап іші бүлкілдеп, бірдеңелер жыбыр ете қалып еді, сасқанынан қолынан түсіріп алды. Ернін тістеп, ақырын еңкейіп, кітапты көтерді. Кенет көзін жұмып, досы, жазушы-сықақшы Мұхтар Шерімнің «Жыбырлауық кітабын» кеудесіне қысқан еді:
– Ойбай, қатты қыспаңыз, мыжылып кеттік қой! — деген жіңішке дауыс естілгенде, кітапты үстел үстіне лақтырып жіберді.
Сол екен, кітап ішінен кейіпкерлер шашылып қалды. Бірі етпетінен түсті, бірі шалқасынан, бірі үстелден құлап кете жаздап, тырмысып жатты.
– Кітап беті ашылды! Ашылды!
– Дала! Уа, кең далам!
– Дала емес қой, біреудің үйі сияқты!
– Ары тұршы, секіріп кетейін!
Мәссаған, олар өте кішкентай еді. Кәдімгі масадан да кішкентай-ау! Лупамен қарайтындай майда-майда адамдар… Автор Мұхтар Шерімнің кітабындағы кейіпкерлер… Таңғалған профессор кітаптың бетіне үңілді. Кітап бетіндегі кейіпкерлер аттары жазылған тұстар ойылып-ойылып қалыпты. Ол кітапты жаба қойып, кейіпкерлерге қарады. Он шақты кейіпкер – адамдар безіп барады екен. Профессор олардан қашып, келесі бөлмеге жүгіріп келді. Тіпті бір кейіпкер қызды басып кете жаздады.
– Ойбай, ағай! Аяғымды басып кеттіңіз! — деді қыз.
Мұхтар ШЕРІМ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!