Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкім Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті

15.02.2021, 15:30 772

HALYQLINE.KZ Бүгін Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті. Шараға «Ерлік» үйлестіру кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрғасы Қайраддин Баймаханов, «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Жаров, «Ауғанстандағы соғыстың мүдегектері мен ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ислам Датаев қатысты.

Айта кетейік, Қызылорда облысынан Ауған соғысына 827 адам қатысып, олардың 18-і қаза тапты. 30 адам жарақат алып, мүгедектер қатарында.

Аймақ басшысы ерлік пен елдік сынға түскен сәтте Отан алдындағы әскери антына адалдық танытқан азаматтардың ішінде Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің орны ерекше екенін айтып, ардагерлерге құрметін жеткізді.

– Еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін бірқатар қиындықтарды бастан кешірді. Ауған соғысы да – қаралы даталардың бірі. Сондықтан соғыс кезінде шейіт болған бауырларымыздың бәрін қаһарман деп айтуымызға негіз бар.

Жылма-жыл ақпан айының ортасында біз ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Өйткені, бұл соғыста 18-19 жастағы өрімдей жас жігіттер жазықсыздан-жазықсыз құрбан болды. Олар мәңгілік біздің жүрегімізде. Өткеніміз ұмытылмайды. Сіздердің тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз қазіргі жастар үшін аса қымбат, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Кездесу барысында аймақ басшысы ғибратты ғұмыр иелеріне лайықты құрмет көрсету басты парыз екенін атап өтіп, ел намысын қорғап, өзінің конституциялық борышын өтеген жауынгер-интернационалистердің ерлігін ұлықтап, жастардың бойына патриоттық сезімнің қалыптасуына қосқан үлестері үшін бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.

Басқосуда «Ерлік» үйлестіру кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрғасы Қайраддин Баймаханов, «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Жаров сөз алып, Ауған соғысының тарих қатпарында ерекше оқиға ретінде сақталатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, кездесуге шақырып, құрмет білдіріп, ілтипат танытқан облыс әкіміне алғысын жеткізді.

Кездесу соңында облыс әкімі айтулы тарихи оқиға кезінде ерлігімен елге қызмет еткен ардагерлердің отбасына амандық, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тіледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: