Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

27.02.2020, 11:35 750 2

Ерғали  АБДУЛЛА

БҰЛ  ДА  МАШАҚАТ

Бергендерден, беремін деп жүргендерден бере алмай, берудің ретін еш таба алмай жүргендер  көп…

БОЛЫП  ҚАЛДЫ

Бола алмайтыны айдан анық еді. Бәрі де оны бола алмайтын шығар деп ойлайтын, бола алмайтындығына бәс тігуге бар еді. Ойламағ­ан жерден ол болып қалды. Жұрт жағасын­ ұстады. Тілі байланып қалды… Бұл заманда бола береді екен ғой.

СЫНАҚ

Аннан қашқандар мен мұннан қашқандар сөктей болып жиналған екен. Бұл жерге. Ауызбіршіліктерін  көрейін  енді.

ҮЛКЕН-ҮЛКЕН

Үлкен-үлкен ұяттар үлкен-үлкен жерлерде болып жатады.

АҚЫЛЫН  АРАҚ  ЖЕҢГЕН  АҚЫМАҚ

Арақ алып бергендерді ғана ағам деп білетін  ақымақ.

БҮГІН  ЕСТІГЕН  СӨЗІМ

Кәрі бас піскенше, жас бастың мылжа-мылжасы  шығады.

ӘЙЕЛ  «КӨЗІ»

Әйел жүзін төмен салып тұрып-ақ екі  жағын­дағы  еркек  біткеннің көзі қайда қадалып  қарап  тұрғанын  біліп  тұрады.

МҮЖІГЕНДЕ

Үлкендердің «үлкендігінен» мұртым да қисаймайды. Ал, кішкентайлардың «кіш­кентайлығынан» әжептәуір мұқап, мүжіліп қаласың…­

АРЗАН   УАҚЫТ

Уақыттың арзандағаны сондай – шақырған жерге дәл уақытында барсаң, өзін қайда қоярын білмей жүрген сандалма адамдай бір ақымақтық күй кешіп қалатының бар.

ҚЫЗЫҚ  бен  «БҰЗЫҚ»

Сылаңдайтын кез болады. Ұрандайтын кез болады. Бұлаңдайтын кез болады. Қылаңдайтын кез болады. Өз уақытысында болған нәрселердің бәрі – қызық. Өз уақытынан бір нәрсе ерте не кеш болса, онда ол іс – «бұзық».

ҚОРАШЫЛ

Қорадан шығып көрмегендер қоғамда не болып  жатқанын  білмейді.

ЖАҢА   ЖОЛ

Өз ақылыңмен барынша өмір сүріп көр, амал жоқ, әйеліңнің ақылымен өмір сүресің…

ШҮКІР

Көшеде  қарсы  кездескеннің  бәріне  сәлем беретін едік. Енді міне, көшеде қарсы кез­дескеннің бәрінен сәлем алатындай кезге жетіппіз.

ҰЛЫ   ҰСТЫН

Адамдар арасында адамдарша өмір сүр!

АРАҚАШЫҚТЫҚ

Жаманнан жақсылар қашық жүреді, жақ­сыда­н  жамандар  қашып  жүреді…

ДҮҢКИГЕН

Дүңкиіп жүргенге дүниені жайғарып жүр ме екен десем, көрінгеннен қорқып, үрпиіп жүр екен…

ЗАЛЫМНЫҢ   ТҰЯҒЫ

Отыз жетінші жыл қайта келе қалса, талай-талай ертұлғаларды «Үш арыс», «Бес бәйтеректердің» ішіне қосып жіберуге бар…

ЖАҢА   ТҮР

Соткабас бала… Айфонжүрек қыз…

НОҚАЙ   СҰРАҚ

Еріннен неге балдың дәмі шығады, ә?

БОСТАН-БОС

Тойға барсаң да – бос әңгіме… Тобырға барсаң да – бос әңгіме… Жиынға барсаң да – бос әңгіме… Ұйымға барсаң да – бос әңгіме… Бос әңгімемен өміріміз бостан-бос өтіп жатыр…­

БОҚ   ИЕСІ

Боқ басып тыржиғандардан гөрі, ырсылдап боқ арқалап ыржиғандар көп…

КӨПТЕН   КӨРГЕНДЕ…

Көптен көргенім еді: қас-кірпігін керетін болыпты, сөзден ілік теретін болыпты, сөй­леу­ге ерінетін болыпты, ескі-құсқыдан жері­нет­ін  болыпты.

«СҮЙІСПЕНШІЛІК»

Жас жертесерлердің ақшаға деген сүйіспеншілігі бұрынғы еңіреген есіл ерлердің Отанға деген өлшеусіз сүйіспеншілігіне теңесі­п  қалыпты.

ОҚУ   СОҢЫНДА

Көзі жәудіреген балалардан гөрі, сөзі дәудіре­ген мұғалімдер сабақ оқудың соңына түсіп кеткен сияқты: айларға созылған курстард­ың, сындарлы семинарлардың, түрлі-түрлі тренингтердің, көпті жинаған каучинг­тердің әл-әзір шет-шегінің бітері көрінбейді…

БЕЙСӘУБЕТ  УАЙЫМ

Қызметтің тізгініне жастай жармасқан, сол қызмет үшін неден болса да тайынбаймын дейтін сұлу қыз көрсем, жүрегімде болжаусыз бір уайым кілкілдейді де тұрады…

МОМЫНДЫҚ

Ұятсызға «Ұят емес пе?» деп бір айтуын айтасың да, артынан өзің ұяласың…

ӘЙЕЛ  мен  ЕРКЕК

(Регресс)

Ең әуеліде нөл мен жүз еді. Кейін елу де елу болды. Қазір жетпіс бес те жиырма бес болып  барады.

Карикатура авторы: Ғалым Смағұлұлы

Пікірлер:
    • Ғалым аға, ассалаумағалейкүм! Сіздің туындыларыңызды жариялағанда авторлық құқықты әрдайым сақтап жүрміз. Ал, мына карикатураны интернеттен алдық. Онда сіздің атын-жөніңіз жазылмаған екен. Карикатурада қолтаңбаңыз да байқалмады…

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: