Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сауда үйлерінде қауіпсіздік шарасы сақталмаған

04.08.2022, 10:40 400

Өрт – тілсіз жау. Одан келетін апаттың жайы айтпаса да түсінікті. Егер өрт пайда болған аумақта оны болдырмау құралдары мен алдын алу шаралары іске аспаған болса, заң  бұзушылыққа  саналады. Сондықтан кез келген нысан мен ғимараттарда өрт сөндіруге қарсы аппараттар, құрал-саймандар болуы міндетті. Осыған сәйкес, ҚР Бас прокуратураның тапсырмасының негізінде облыстық прокуратурамен құзырлы органдар тарапынан қаладағы  7 ірі сауда нысанының кешенді тексеру шаралары жүргізіліп, жер, сәулет-құрылыс, өрт қауіпсіздігі, санитарлық эпидемиологиялық ветеринария, салық, көші-қон, еңбек және экология салаларындағы түрлі ереже бұзу фактілері анықталған. Осыған сәйкес, шаһар басшысы Асылбек Шаменов қала әкімдігінің мәжіліс залында сауда үйлерінің басшыларына қатаң ескерту жасап, алдағы уақытта мұндай жайттарға жол берілмеу керектігін баса айтты.

Тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігі­нің мәжіліс залында сауда орындарының директорлары, жауапты сала мамандары және шаһар басшысының қатысуы­мен жиын өтті. Онда алдағы уақытта халық көп шоғырланатын сауда орындарының өртке қауіпсіздік деңгейі талқыланып, осыған қарсы атқарылып жатқан жұмыстар сөз болып, қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының баяндамасы  тыңдалды.

– Бұл уақытқа дейін адам өміріне  немқұрайды қарап, осындай кемшіліктерге жол беріп келдіңіздер! Қала хал­қының ең көп шоғырланатын жерле­рі­не иелік етесіздер. Бизнес тек ақша табумен шек­телмей­тінін ескеріңіздер, – деді қала  әкімі  А.Шаменов.

Алдымен сауда орындары­ның басшыларына бұл олқы­лықтың орнын толтырып, келесі тексеру кезеңінде қайталанбауын талап етті. Дегенмен сақтық шараларын сақтаудан бұрын, сауда үйінде кәсібін жүргізіп отырған дүңгіршек иеле­рі онда газ баллондарын пайдаланып, газ плиталарын қолданған. Мұндайға жол берген сауда үйінің басшылары алдағы уақытта қайталанбайтынын  жеткізді.

«Сыбаға» ЖШС директоры­ның орынбасары Зарина Риз­ванова наурыз айынан бері тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Соны­мен бірге, алдағы уақытта тағы да кемшіліктердің  орнын толтыры­латынын  мәлімдеді.

Қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бағлан Амангелдиев сауда орындарының қауіпсіздік шараларын сақтау деңгейі жайлы баяндама  жасады.

– Бүгінігі таңда, қаламыздың аумағында жалпы 12 базар жұмыс істеп, тұтынушыларға қыз­мет көрсетеді. Олардың ішінде «Жаңа базар», «Сұлтан», «Сыба­ға», «Қанат» базары, «Сәулет» шағын базары, «Талғат», «Гүлдана», «Ақтөре», «Сығанақ», «Бабас», (құрылыс базары) базарлары және Автокөлік, «Бұлан» мал базарлар қатарына жатқызылады. ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» заңының 10-бабына сәйкес, әмбебап сауда базары сауда орындары әртүрлі топтағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда базары ретінде қарастырылса, мамандандырылған сауда базары сауда базарының жалпы санынан олардың жетпіс және одан да көп пайызы бір топтағы тауар­ларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда базары болып есептеледі. Қала аумағындағы орналасқан әмбебап базарларды жабық базарларға көшіру мәселесі кезең-кезеңмен 2025 жылға дейін  жүргізілуі  тиіс, – деді  ол.

2020 жылы «Сыбаға» база­рының киім-кешек жағына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жалпы көлемі 2240 шаршы  метр құрайтын 2 қабатты 70 сауда орны бар «Қорқыт Ата» сауда үйі тұрғызылып, іске қосылды. Бұған қоса, осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында, «Сыбаға» және «Сұлтан» базарының қосымша құрылысының жаңа эскиздік жобасы бекітілген. Дегенмен, осыған дейін базар аумағында жүргізілген құрылыс жұмыс­тарына  алынған несие берешегі әлі күнге дейін қаржы ұйымына кешіктіріліп қайтарылуда екен.

Оған себеп әлемдік пандемия белең алып, базарлардың жұмысының шектелуіне алып келді. Нәтижесінде базарларда сауда-саттық көлемі төмендеп, сатушылардың жалдау ақыларының төлеу қабілетіне кері әсерін тигізді. Сондай-ақ, бұл жағдайлар коммуналдық шығындарға да алып келген. Осыған байланысты, аталған екі базарда құрылыс жұмыс­тары кейінге (2024 жылға) шеге­ріліп  отырған  көрінеді.

Бұған қоса, «Асбол» базары (Жаңа базар) бойынша бүгінгі күні базар аумағында заман талаб­ына сай тұрғызылған «Атамекен» және «Жаңа базар» сауда орталықтыры жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Асбол» ЖШС тарапынан қаламыздың Д.Қонаев көшесінің бойы­нан жоба құны 1,5 млрд теңге көлеміндегі 9500 шаршы метр құрайтын «Прима Парк» бизнес орталығының құрылыс жұмыстарына қаражат жұмсалған. Базар әкімшілігі осыған дейін құрылыс жұмыстарына алынған несие төлемдерінде қиындықтар туындап отыр­ғандығын алға тартып, базар құрылысын жүргізу келесі жылға жоспарланып отырғандығын  мәлімдеп  отыр.

– Қаламыздың Қизатов көшесі бойындағы жалпы аумағы 2029 шаршы метрді құрайтын «Бабас» құрылыс базарындағы ескі нысандары бұзылып, 1700 шаршы  метрді  құрайтын жаңадан ғимарат бой көтеріп, бір бөлігіне сатушылар орналас­тырылатын болады. Қалған бөлігіндегі ескі нысандарының орны тегістеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын толық аяқтау үшін, қаржы мәселесі қарастырылуда, – деді  Б.Амангелдиев.

Қаладағы «Жаңа базар» маңындағы Пушкин көшесі мен Әбілқайыр  хан көшесінде, яғни кәсіпкерлік нысан иелері өз тауарларын (құрылысқа қажетті заттар, автокөлік майлары мен дөңгелектер) көшенің бойына шығару салдарынан, бей-берекет сауданың ұйым­дастырылуына жол беріп отыр. Мұндай жағдайлар, қаладағы Әйтеке би, Тоқтыбаев, Қонаев көшелерінің бойындағы «Отырар», «Айт-Бек», «Қорқыт» сау­да  үйлерінің іргесінде жол б­о­йында және «Сыбаға», «Талғат» базары маңында бей-берекет сауда ұйымдастырылып, кө­ше­нің  бойы  ластанып,  жол  қауіп­сіздігіне  кері  әсерін  тигізуде.

Осы орайда, қалалық кә­сіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бағлан Бақытжанұлы сауда нысандары басшылары өздерінің іргелес аумағындағы бей-берекет сауда­ның алдын алу бағытындағы жұмыстарды күнделікті қадағалап, бірлесе жұмыс істеу қажет  екенін  жеткізді.

ТҮЙІН. Адам өмірінен ештеңе артық емес. Бұны аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев та растап отыр. Тілсіз жаудың төнер уақыты белгісіз болған соң, оған дейін дайындық жұмыстарына сақадай сай болу қажет. Біз оқиға болғаннан кейін ғана іске кірісеміз, асылында оны болдырмау жолында барымызды салсақ, қаншама апатқа жол бермеген болар едік. Формула  оңай,  іске көшу  ғана  қалды.

Ердәулет   СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: