Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қолдау бар, қолбайлау да жоқ емес

04.08.2022, 9:40 391

Өткенге оралсақ. Кәсіп бастау бірі үшін орындалмайтын арман болды, ал енді біріне мал-мүлкін сатса, мәселе саналмайтын. Кәсіп ұғымы да енді ғана белең алып жатты. Тіптен мөрдің өзін көзбен көріп, қолмен ұстауды қызыққа балайтындар бар еді. Өйткені қоғам үшін  «кәсіп»  сөзінің  өзі  «қымбат»  көрінді.

Қазір мемлекетімізде кәсіп бастаушыларға қолдау артқан. Сонымен қатар түрлі жобалар арқылы сіздің бастамаңызды қаржылан­дыратын шағын гранттар да жетерлік. Үкімет алдыңызға барлық жағдайды жасап, еш қиындықсыз бизнес бастауға мүмкіндікті беріп тұр. Тіпті, жеке кәсіпкер атануға 15 минут уақыт жеткілікті. Дамыған заманда даулы мәселе туындамас үшін арнайы қызметкерлер шаруа­ңызды шешіп беруге дайын. Десек те, кәсіпкер мұңсыз деп кім айтты? Оларда да мәселе шаш-етектен.

Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шамен­ов  қолдауы  артқан саланың да қол байлап тұрған түйіні бар екенін елеп, «Бизнеске арналған үкімет» үйінде кәсіпкерлерді мәселелерімен қабылдады. Сонымен бірге бұл ай сайын жүзеге асатын тұрақтылыққа ие.

Қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейі­лов бұл маусым айынан бері тұрақты түрде болып  жатқан  қабылдау  екенін  жеткізді.

– Қала әкімінің бастамасымен маусым айы­нан  бастап, әр ай  сайын  кәсіпкерлерде  жеке сала­лық  мәселелерімен  қабылдауды  ұйымдас­ты­рып отырмыз. Бұл қабылдауды «Бизнеске арналған үкімет» ғимара­тында тұрақты өткізуді нақтыла­дық. Бұл нысанда кәсіпкерлікке қатысты сала мамандары шоғыр­ланған. Осы ар­қылы келген кәсіпкердің шаруа­сын дер кезінде шешуге де болады. Бұл жерде әртүрлі бизнеске байланыс­ты мәселелер көтіріледі, яғни кәсіп бастағысы келетін жастардың несиелендіруге қатысты қиындық­тары, әкімшілік кедергілерді жоюға байланысты келеді. Өткен айда 31 кәсіпкер өз мәселесімен келген еді. Оның ішінде 60 пайыздан астамының сұранысын толық қанағаттандырдық. Қалған кәсіп иелерінің де мәселелері өз кезегінде шешілетін  болады, – деді ол.

Шаһар басшысы бұл жолы да 30-дан аса кәсіп иесінің талап-тілегін тыңдап, инвес­тициялық жобаларға кеңінен қолдау білдіре­тінін жеткізді.

Қабылдауға жаңадан кәсіп бастауға ниеттілер, кәсібін кеңейтушілер, сонымен қатар шаруасында шешімі шықпай тұрған жандар қатысып, сұрағына  жауап  алды.

– Біз жиһаз өндіру және құрастыру ісімен айналысамыз. Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз кезінде жұмысымыз жүрмей қалды. Сол себептен бүгінгі қабылдау жайлы естіп, үш мәселемен келгенмін. Алғашқысы, Желкілдек батыр көшесі тұрғындарының атынан жол салу мәселесі және тұйықтардың картаға енбей қалғаны  жөнінде  қажеттілікті  білдірдім. Екіншісі, қазір бизнесіміз жүріп жатқан ғимаратқа 200-300 мың ақы төлеп, шығынның көп болуына байланысты өндіріс ғимаратын салуға 3-4 соттық жер сұрадым. Және соңғысы қайтарымсыз грант алу бойынша идеямды айттым. Оны конкурс соңында көрерміз. Бірақ оған дейінгі екі сауалыма толық жауап алдым, – дейді жеке кәсіпкер  Жібек  Нұрмағанбет.

Жалпы, қала әкімінің кәсіпкерлік мәселелер жөнінде қабылдауына келген бизнес өкілдері кәсіпті ұлғайту мақсатында жер телімі, ғимарат алу жұмысы және қайтарымсыз гранттармен қолдау көмегін иемденуді мақсат тұтып келгендей. Әсіресе соттықтап жер сұрау бойынша біршама кәсіпкер алдағы жоспарын білдірді. Айтуларынша, жер берілсе шаруасы шираған өндіріс орындарын ашып, жұмыс­сыздарды жұмыспен қамтуды басты назарға алатын  көрінеді.

Бірақ асып-тасып 5-10 миллиондап алмаса да аздаған миллион бұйырса жұмысын жандан­дырамын  деген  жастар  да  бар.

– Тұрмыстық техникалар жөндейтін дүкен аштым. Қызылордада мұндай техникаларды жөндейтін шеберлер табылғанымен, оған қажетті құрал-саймандар сататын орын жоқ. Сол үшін алыс-жақын шет елдерден тұрмыстық техникаларды жөндеуге арналған бөлшектерді алдыратын қаражат болса болғаны. Бұл жерге келу мақсатым да қайтарымсыз грант жайлы сұрау  еді. Бұл ұсынысыма қолдау болса, нұр үстіне нұр, – дейді жас кәсіпкер Ерболат Сәрсенбай.

Индустрияландырудың қазіргі кезеңінде кәсіп  ашу  да өз алдына  машақаты  көп  жұмыс­қа айналды. Өйткені «алмақтың да салмағы бар» демекші, жауапкершілік жүгін арқалап, жұмыс  бастаған уақытында  салық көлемін көріп, «көзі шығатындар» бар. Олардың ойынша қаражат түгелімен  қалтасында қалуы қажет сияқты. Үкімет те кәсіпкерлікке жайдан-жай қолдау білдірмейді. Салықшы артқан сайын салым да көбейеді. Осы қағиданы сіз де естен шығармаңыз.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: