Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отандық және шетелдік инвестиция тартудың маңызы зор

05.08.2022, 12:15 60

HALYQLINE.KZ Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – отандық және шетелдік инвестиция тарту. Осы ретте, 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің құрамындағы инвестицияның үлесін  30%-ға жеткізу көзделген. Алайда әлемдік деңгейде қалыптасып отырған геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты бұл меже 25%-ға дейін төмендетілуде. Десе де, бұл цифрды еңсеру де оңай емес. Ең бастысы, жұмыс жүйелі жүргізілуі тиіс. Бұл облыс басшыларының назарынан бір сәт те тыс қалған емес.  11 шілдеде алдағы 5 жылдықта облыстың «Негізгі капиталға тартылған инвестиция» көрсеткішінің жоспары Үкімет отырысында қайта бекітілді. Жоспарға сәйкес биылғы жылы облысқа 373,5 млрд теңге инвестиция тарту қажет. Осыған орай, шілде айында Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктеріне және облыстық салалық басқармаларға биылғы жылы тартылуы тиіс инвестиция көлемі бойынша жоспар бекітілді.

Еліміз БҰҰ-ға 1992 жылдың нау­рыз айында мүше болды. Содан бері еліміздің сыртқы байланысы нығайып, инвестиция тарту мәселесі жолға қойылды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жыл сайын мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жол­дауында шетелдік және отандық инвесторларды тарту міндетін жүктеу­де. Мысалы, биылғы жылдың 6 айында облыстағы инвестиция көрсеткіші 17,1%-ға өсіп, 127,7 млрд теңгені  құрады.

«Негізгі капиталға тартылған инвес­тиция» көрсеткішінің оң нәтижесіне қол жеткізу үшін облыста қолайлы климат қалыптасқан және облыс әкімдігінің тарапынан инвес­тиция тарту бағытында тиісті жұмыс­тар  атқарылуда.

Бұған қоса, өңір экономикасының стратегиялық қуатын арттыру және импортқа тәуелділіктен арылу мақсатында шағын және орта бизнес­ке бағытталған 15 ірі және 50 шағын жобаның тізімі әзірленді. Бұл жоба­лар тізімі өңірдегі белсенді кәсіпкерлердің  назарына ұсынылған. Сонымен  қатар, басқа  өңірлерде жұмыс істейтін облыстан шыққан кәсіпкерлермен де жұмыс­тар  жүргізілуде.

Өңірімізде іске қосылуы жоспарланған ірі жобалардың аясында инвестиция тарту арқылы ілеспе кәсіпорындар құру көзделуде. Атап айтқанда, өңір дамуына серпіліс бере­тін ірі жобамыздың бірі – шыны зауыты. Зауытты іске қосу арқылы шағын және орта кәсіпкерліктің белдеуін дамытуға ықпал ететін 8 кәсіпорынды ашуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда 3 жоба бастамашысы белгілі. Қалған 5 жобаға инвестор тарту мақсатында бұл жобалардың негізгі параметрлері қамтылған (құны, қуаттылығы, жұмыс орны) мәлімет «Қазақ Инвест» акционерлік  қоғамына  ұсынылды.

Сонымен қатар, биылғы жылғы маусымда «Қазақ Инвест» акционерлік қоғамының Басқарма төр­ағасы Мейіржан Юсупов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Онда Қызылорда қаласындағы қуат­тылығы жылына 240 МВт жылу электр станциясына, кальциленген сода зауытына инвестор тарту ұсыныл­ды.

Облысқа инвестицияның жаңа толқынын тарту мақсатында роуд-шоулар ұйымдастырылуда. Биылғы жылдың маусым айында Корея Республикасының Қазақстан Республикасы Алматы қаласындағы Бас консулы Пак Нэчонның және Корея Республикасының Ардагерлер және патриоттар істері жөніндегі министрлігі өкілдерінің Қызылорда облысына іссапары ұйымдастырылды.

Нәтижесінде, мынандай жұмыс­тар  жүргізілетін  болды:

1. Хон Бом До мемориалдық кеше­нін  жаңғырту жұмыстарын жүргізу  (құны – 245 млн  теңге);

2.  Хон Бом До көшесінің екі шетінде арнайы тақтайшалар орнату (құны – 14,7 млн теңге).

Сонымен қатар, биылғы жылы шілде айында Ресейдің Екатеринбург қаласында XII «Иннопром» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі өтті. Көрмеде өңірдің 11 жергілікті тауарөндірушісі өз өнімін таныс­тырды.

Нәтижесінде, Ресей Федерация­сының бірқатар кәсіпорынымен келіссөздер жүргізілді. Атап айт­қанда:

1. «Салаватстекло-Башкортос­тан» акционерлік қоғамы шыны зауы­тына қызығушылық танытты. Алдағы уақытта келіссөздер жүргі­зіледі.

2. «Арал сода» серіктестігінің кальциленген сода зауыты жобасын іске асыруға жаңа инвестор қажет. Осыған орай, «Башкирская содовая компания» қоғамы «Арал сода» серіктестігінің құрылтайшылар құрамына кіріп, жобаны әрі қарай бірлесіп  іске  асыру  ұсынылды.

3. «Санкт-Петербургский поли­технический университет Пет­ра Великого» жоғары оқу орнының техноло­гиясына «Дана Кварц» серіктес­тігі қызығушылық білдірді. Серіктестік кварц құмы кенінің иеге­рі ретінде кварцтан зергерлік бұйымдар шығару мүмкіндігін зерттейтін  болады.

4.  Әктас, цемент, күріш саба­нынан құрылыс блогтарын өнді­ру үшін Татарстанның бірқатар құры­лыс компаниясының технологияларын енгізуге қызығушылық танытып отыр. Алдағы уақытта келіссөздер жүргізіледі.

Атап өту қажет, «ИННОПРОМ» көрмесіне қатысу облыс делегациясы үшін тиімді және пайдалы болды.

Өңірде жаңа жобаларды орна­ластыру үшін инженерлік-инфра­құрылымы жеткізілген 6 индустрия­лық аймақ жұмыс істеуде. Жалпы жер көлемі – 512 гектар. Оның ішінде бос жер телімінің көлемі 39%-ды құрайды. Бұл ретте, индустриялық аймақтарды жаңа жобалармен толықтыру мақсатында Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп тиісті жұмыстар атқарылуда. Жыл қорытындысымен игерілген жер телімінің көлемін 50%-ға жет­кізу  жоспарланған.

Осыған дейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен  алқа  отырысы  өткен еді. Күн тәртібінде екі мәселе қаралып, онда инвестиция көрсеткішінің орындалуы мен индустрия­лық аймақтардың жай-күйі де сөз болды.

Алдымен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков аймақтың инвестициялық әлеуеті мен қаржы тарту  жұмыстары  жөнінде баян­дады.

Бұл ретте, өңір басшысы облыс­тық білім, денсаулық сақтау, автомобиль жолдары, табиғи ресурстар басқармаларының биылға арналған инвестиция  жоспарының былтыр­ғыдан төмен екендігін айтып, қаржы тарту бойынша жұмысты үйлестіру қажеттігін  қаперге  салды.

– Білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика басқармаларында инвестиция көле­мі­нің төмендеуі байқалады. Сондықтан, қала және аудандардың, тиісті басқармалардың мүмкіндіктерін зерделеп, жоспарларын қайта қарап, көрсеткіштерін көбейту бағытында жұмыс істеу керек. Әкімдер тек мемлекеттік бюджеттің қаражатын игерумен қатар, белсенді түрде инвестиция тарту бағытында жұмыс  істеңіздер! Қажет болса шетелге шығыңыздар, ірі инвесторлармен кездесіп, келіссөздер жүргізіңіздер! Тек нақты нәтиже болуы керек, – деген еді  облыс  әкімі.

Жиын қорытындысымен аймақ басшысы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен, тиісті жауапты басқармалармен бірлесіп  10 тамызға дейін инвестиция тартудың арнайы жол картасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, индустриалды аймақтардың жұмысын жандандыру бойынша ұсыныс енгізуді жүктеді. Облыс әкімі аймақ үшін күрмеулі мәселелер бойынша шұғыл шара қабылдап, алдағы уақытта оны болдырмауын қамтамасыз етуді тапсырды. Ал өз қызметіне атүсті қараған жауапты тұлғаларға тәртіптік жаза қолданатынын айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: