Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақорғанда жылыжай ісін жандандырып отырған кәсіпкерлер бар

18.11.2022, 10:45 350

 HALYQLINE.KZ Бүгінде Жаңақорған ауданында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда. Өйткені кәсіп ашып, қолдан келетін іспен айналысамын деген аудан тұрғындарының қатары артқан. Өңірдің табиғаты жайлы, ауа-райы қолайлы болғандықтан болар, әсіресе, ауданда жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қатары өскен. Бұрындары аудан халқы көкөністі жаздың күні ғана жейтін болса, бүгінде жыл он екі ай тұтынуға мүмкіндік туған.

Айталық, Жаңақорған кентінің тұрғыны Жандос Құлахметов әке жолын жалғап, атакәсіптен қол үзбей жылыжай ісін дөңгелетіп келеді. Маңдай терімен нан тауып, ата кәсіпті жалғастыруды мақсат еткен азамат бүгінде ешкімге алақан жаймай, кәсібінің нәсібін көріп отыр.

Жас кәсіпкердің айтуынша, жылыжай шаруашылығы оңай кәсіп емес екен. Әр өнім мұқият күтімді талап етеді.

«Бала күнімнен әкемнен көргенімді жалғастырып келе жатырмын. Әкемнің әкесі жылыжай шаруашылығымен айналысқан екен. Біздің отбасымыздың атакәсібі осы жылыжай өндірісі деуге әбден болады. Жылыжайдың іші жыл он екі ай жылы, бірқалыпты болуы тиіс. Қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмын. Негізі әр көкөністің күйі әр бөлек. Мәселен, қияр ылғалды сүйеді. Оның қасына құрғақ ауада өсетін көкөністі отырғыза алмайсың. Қиярдың бірнеше түрін өсіріп көрдік. Барлығының шығымы жақсы. Жүйесін тапсаң, жұмыс көп қой», – дейді кәсіпкер Жандос Құлахметов.

Ақпараттарға зер салсақ, соңғы бес жылда елде жылыжай шаруашылығы 746 гектар өскен. Олардың 89 пайызы Түркістан облысында орналасқан. Жабық жерде ерте пісетін көкөністер өнімі 132 мың тоннаға жеткен. 1062 гектар жылыжайдың 1035 гектары көкөніс, 25 гектары гүл өсіріледі екен.

Польшада жылыжай шаруашылықтарының алқабы 6000 гектардан асады, Голландияда – 10000, Түркияда – 41000 гектарды құрайды. Ал Қытайда шамамен 1,5 млн га жерді алып жатыр. Олардың көлемі үлкен, әрі жаңа технологиямен жабдықталған. Сондықтан едәуір дамып тұр. Жылыжай кешенін салуға керек бір гектар жердің құны 1,5-2 миллион еуроға дейін жетеді екен. Олардың құрылымында қуатты өте көп тұтынатын қосымша жарықтандыру, жылыту секілді ерекше жүйелер бар. Біздің елде болса мұндай кешенді салуды жеке кәсіпкердің қалтасы көтермейді. Әрбір жылыжай қымбат тұрғаны былай, өнімді өсірудің өзінің қиындығы аз емес. Бұл мәліметтерге жас шаруа ізденістің арқасында қол жеткізгенін байқауға болады. Оның сөзінше, кәсіпкер үнемі ізденіс үстінде болуы керек.

Ал аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бүгінде аудан көлемінде жұмыс жасайтын ірілі-ұсақты бірнеше жылыжай бар. Алайда, қазіргі уақытта жұмыс жасап тұрғандары өте аз. Соның бірі Амантай Сарбасов жетекшілік ететін қожалық Қаратөбе аумағында орналасқан. Амантай Сарбасовтың айтуынша, екі жылдан бері елге індет келгелі қызанаққа сұраныс азайыпты, әрі шығыны көп екен.

«2010 жылдан бері осы диқаншы¬лықпен айналысудамыз. Көлемі 70 соттық аумақты құрайтын жылыжайда қияр өсіреміз. Осы уақытқа дейін қияр мен қызанақты бірге егіп жүргенбіз. Ерте көктемде еккен қиярды жинап алып, енді күздік егінді бастадық. Бұйыртса, қараша айынан бастап өнім бере бастайды. Негізінен жылыжайдан өнім алу өте қиын шаруа. Оған күтім көп керек. Неге десеңіздер, біздің ауданда мамандар жоқтың қасы. Бастапқыда өзге өңірден мамандар алдыртып, тәжірибесімен бөлісіп, өзіміз кәсіби бағбандар дайындадық. Қазір жаман емес, шығымы жақсы, кешенде 6-7 адам жұмыс жасайды. Жылыжайда егін егу, бесіктегі нәрестені мәпелегенмен бірдей. Сәл желкем соқса солып қалады. Жылыжайдың температурасы +6 градустың өзінде жеміс жаурап өспей қалады. Сосын 40-45 күн жылы суда жату керек. Өйткені, оның өзегінде су жатпаса өліп қалады. Қияр сумен өседі, – дейді кәсіпкер.

Биылғы науқан былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеу болғанын да жасырмады. Көктемгі науқаннан былтыр 30 тонна өнім алса, биыл небәрі 15 тоннаға жуық өнім жиналыпты. Себебі, қаражаттың тапшылығынан дәрі-дәрмекті уақытында алмаған. Барға қанағат етіп отырған жылыжай иесі Түркістан мен Қызылорда қаласынан сұраныстың көп екенін де сөз етті. Сондықтан өнімді көрші облысқа жөнелтіп жатқанын жасырмады. 

«Жылыжай салу ісі көптен бері ойымда жүрген, ойға алған істі жүзеге асыру үшін қаржы мен күш керек екені белгілі. Бүгін сол арман мақсатыма қол жеткізіп отырмын. Жылыжайдың құрылысын қыста бастаған болатынбыз. Бірінші кезекте нысанды жылыту жүйесін орнаттық. Көкөністі тамшылатып суару жүйесімен суаратын боламыз. Өйткені бұл жүйе суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді», – деген ол:

«Жылда егілетін өнімді көбіне өзге аймақтарға жөнелтеміз. Сондай-ақ, аудан орталығында да келісім бойынша өткізетін екі-үш мекеме бар. Жалпы, субсидия мәселесі бақшаға қаралсын, қаралмасын, біз мемлекеттен қолдау көрмейміз. Әуел баста жылыжайды қолға алғанда ғана субсидия беріледі. Одан кейін ыстық-суығына өзің жауаптысың. Содан болар аудандағы шығынға ұшыраған өзге жылыжайлар қаражаттың жетіспеушілігінен тоқтап тұр. Егер мемлекет тарапынан аз-кем қолдау көрсетілсе, жұмысымыз жанданып кетер еді», – деп мәселесін айтты.

Қожалық қияр ұрығын голландиялық компаниядан алады. Ал тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмекті Түркістандағы «Агро» дүкенінен тасымалдауда. Бір өкініштісі, аудан нарығы жергілікті өнімді сатып алуға құлықсыз. Міне, «7 kz» шаруа қожалығын осы мәселе алаңдатады. Аудан көлемінде қолға алынып, жұмысын қарқынды бастаған жылыжайлардағы кедергілер жөнінде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің маманы Дәурен Абибуллаев:

«Дәл қазіргі уақытта аудан бойынша 1 ғана жылыжай жұмыс жасап тұр. Қалған үшеуі «Нұрлы кент», «Жан» және «Абдулла» шығынға батқан себебінен жұмысын тоқтатты. Егер оларға қолдау болса, жылыжайды дамытып, халықты көкөніспен қамтуға ниетті», – дейді.

Осы тұста, өзге елдердің тәжірбиелерімен де бөлісе кетейік. Дамыған елдердің көбі көкөніс өсіруге басымдық береді. Әлемде жылыжай салудан Қытай бірінші орында. Бұл елдің жылыжай шаруашылығының алқабы шамамен 1,5 млн гектар аумақты алып жатыр. Бұл сала едәуір дамып тұрған елдер тізімінде АҚШ, Оңтүстік Корея, Израиль, Испания, Жапония, Түркия, Үндістан, Нидерланды, Ресей, Иран, Мысыр елдері бар. Израиль, Қытай, Нидерланды секілді дамыған елдерде жаңа технологиямен жабдықталған 1 гектар жылыжай кешенінің құны 1,5-2 млн евро тұрады. Өйткені оның құрылымында қуатты көп мөлшерде тұтынатын жылыту, жарықтандыру жүйелері бар. Ал, Түркиядағы жылыжайдың 88 пайызында көкөніс өсірілсе, қалған 10 пайызына жеміс, қияр 2 пайызына егіледі. Халқының саны бізбен шамалас болса да, жері әлдеқайда кіші Нидерландының өзі әлемді азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Бүгінде бұл ел тамақ өнімдерін экспорттау бойынша АҚШ-тан кейінгі 2-ші орында. Бір айта кетерлігі, еліміздегі біраз жылыжайлар Нидерланды технологиясымен салынған. Өйткені, олардың қолданатын технологиясы біздің елімізге өте тиімді. Егер жергілікті диқандарға қолдау көрсетіліп, жұмыстары жүйеленсе, нарық бағамына да оң әсер ететіні сөзсіз.
 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: