Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарманған қарап қалмайды

10.02.2022, 10:30 295

КӘСІПКЕ  ӘРКІМНІҢ-АҚ  БАР  ТАЛАСЫ…

Президенттің тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жыл сайын жаңа бағдарлама ашылып, кәсіпкерлерге дем беруде. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы халықты жұмыспен қамтумен қатар, азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады. Одан қалды, «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы көпті тәнті етті. Өңірлік кәсіпкерлікті дамытып, теңгерімнің өсуін қамтамасыз ету мен жаңа жұмыс орындарын ашу – бағдарламаның негізгі міндеті. Жалпы, мемлекеттік бағдарламалардың бағыты еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау болып табылады. Қазіргі күні, әсіресе, жастар белгілі бір тұлғаға бағынышты болып қызметте жүргеннен гөрі өзінің кәсібін дөңгелетіп отырғанды әлдеқайда дұрыс санайды. Қаржы жағынан да жеке кәсіп тиімді болып отырғаны жалған емес. Десе де орындаушы болу бір бөлек,  басшының жөні мүлде басқа. Осы өзіне-өзі жүктеген кәсібін оңтайлы  игере алмай, опық жегендерді де мемлекет ұмыт қалдырмаған. Өз кәсібін ашуға құлықты жандарға біраз мүмкіндік қарастырған. Бағдарламаларды сабылып іздеудің де қажеті жоқ. Арнайы маманға жүгінсеңіз, бағыт-бағдар беруге дайын. Міне, солардың көмегімен өңірде кәсібінен нәсіп көріп отыр­ған жандар жеткілікті. Бұған біз қалалық ішкі саясат, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімдері ұйымдастырған баспасөз турын­да көз жеткіздік.

– Облыс  бойынша  жұмыс  істеп  тұрған  шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің  45,7%-ы – Қызылорда  қаласының  үлесінде.    2021 жылдың өзінде Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде 6514 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 6528 жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілері 216,8 млрд теңгенің өнімін шығарып, жалпы 54 958 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қала көлемінде шағын кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлік негіздерін түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндірме жұмыс­тарына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жалпы құны 26,9 млрд теңгені құрайтын 2532 жоба қолдау тапқан, – деді қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің  басшысы  Бағлан  Аманкелдиев.

Қалада «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бойынша басымдық берілген жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 1 млрд 181 млн теңгені құрайтын 8 жоба қаржыландырылыпты. «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы арқылы өз кезегінде 23,4 млрд теңгені құрайтын 1234 жоба қаржыландырылған. Қалаға қарасты елді мекендер тарапынан жоба құны 1 млрд 753 млн теңгені құрайтын 45 жоба қолдау алса, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша жалпы құны 144,3 млн теңгені құрайтын 36 жоба грантқа ие болған. Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жоба құны 1 млрд 425 млн теңгені құрайтын 149 жоба несиелендіру арқылы қаржыландырылып, оның 30,2 пайызы, яғни 45 жоба қалаға қарасты кент және ауылдық округтер тарапынан ұсынылыпты. Аталмыш бағдарлама аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру бағыты бойынша комиссия шешімімен құны 628,3 млн теңге болатын 1082 адамның жобасы қолдау тапқан. Осы қолдау тауып, жаңа бастаманы қолға алып, әртүрлі сала бойынша еңбек етіп жатқан өңіріміздегі кәсіпкерлердің арқасында саладағы серпінді байқауға болады. Ендеше, қолға алған іске қолдау тапқан жандардың бірсыпырасын айта кетейік.

ЖЫЛҚЫДА  ДА  ЖЫЛҚЫ   БАР,  ҚАЗАНАТЫ   БІР   БӨЛЕК

Жеке кәсіпкер Ғалымжан Құлжанов 2021 жылы «Атамекен Қызылорда» микроқаржы ұйымы арқылы 6%-бен «Жылқы малын бордақылау» жобасына 8 млн теңге көлемінде қаржы алған. Ол қаражатқа 18 бас жылқы сатып алып, жұмыс істеуде. Қазіргі таңда 30-ға жуық жылқыны баптап отыр. Кең қоражайға жем-шөпті молынан әкелген кәсіпкер енді мал басын көбейтуді көздейді.  Қосшыңырау ауылдық округіндегі шағын кәсібі екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазақ десе – жылқы, жылқы десе – қазақ еске түседі. Әрі жеті қазынаның бірі жылқының бабы мен күтімін қазақ халқы ертеден бес саусақтай білген. Осы атадан балаға мирас болып қалған қазынамыздың алға ілгерілеуіне елеулі үлес қосып жүрген азамат бүкіл қазақтың бұрындары ат жалында өскенін еске түсіріп, қазақтың қанында бар нәрсені ең құнды қазынасына балайды.

– Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі сол, халыққа кәсіп бастауға қолайлы мүмкіндік жасауда. Сондықтан да әр азаматты мемлекеттің қолдауына ие болып, кәсіп бастауға ынта  білдіруге  шақырамын, – деді кәсіпкер.

ТІГІНШІНІ   ИНЕСІ   АСЫРАЙДЫ

Қосшыңырау ауылдық округіндегі тағы бір кәсіпкер  тігін  саласына  машық  болғасын,  осы сала бойынша жұмысын бастап, көптің ықыласына бөленіп жүр. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен тігін шеберханасын ашып, кәсібін жүргізіп отырғандардың бірі – Айгүл Абуова. Ол 2020 жылы тігін шеберханасын ашу мақсатында 2,5 млн теңге несие алған. Бөлінген қаржының біразына қажетті құрал-жабдықтар мен түрлі тігін машиналарын алса, қалған сомаға тауарлар алып, кәсібін жандандыруда. Бүгінде қыз жасауы мен әсем өрнектелген құрақ көрпе-төсектер, қазақы нақыштағы оюланған көйлектер тігу­мен айналыс­уда. Айтуынша, қосшыңыраулықтардан бөлек қаладан да ұсыныстар түсуде. Ол өзі бастаған шеберханасының шамы сөнбейтініне  титімдей де күмәнданбайтынын алға тартты. Жұмысына тыңғылықты кәсіпкер өзі және келіні екеуі бірлесіп, жұмыс істеуде екен.

МАЛДЫҢ   ЖАЙЫН  БАҚҚАН  БІЛЕР…

Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғыны Ғалым Жұмалиев 2014 жылдан бастап мал шаруашылығымен айналысып келеді. Кәсіпкер жұмысының алға басуы үшін мемлекеттік бағдарлама аясында көмек алуды  көздейді. Шаруа қожалығына мемлекеттен көрсетілген көмек көлемі де ауқымды екен. 2019 жылы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 млн теңгеге 320 бас асыл тұқымды қой алыпты. Мемлекет қолдауына иек артқан кәсіпкер бүгінде қой шаруашылығынан басқа жылқы, сиыр бордақылаумен де айналысуда. Бүтіндей бір отбасын жұмыспен қамтып отыр­ған кәсіпкердің қожалығын көрсеңіз, қойдың бабын білетінін аңғаруға болады. Өйткені мал дәрігері болып бірнеше жыл қызмет істеген. Алдағы уақытта мал санын көбейтіп, «екі қолға – бір күрек» таппай жүрген жандарды жұмыспен қамтамасыз етсем дейді.

– Еңбек етемін деген адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Тек ізденіс пен табанды еңбек керек, соның арқасында қазір малымның санын  еселеп  отырмын, – деді  кәсіпкер.

ТӘУЕКЕЛ   ТҮБІ  –  ЖЕЛҚАЙЫҚ

Келесі  ауыл  тұрғыны  Жомарт  Ниязбаев  та – жылқы, сиыр шаруашылығын қолға алып, атакәсіпті дамытқан шаруа қожайыны. Ғалым кәсіпкер «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасының көмегіне жүгінсе, бұл кәсіпкер 2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасы аясында «Қызыл­орда» өңірлік инвестициялық орталығы» микро­қаржы ұйымынан 4 млн теңге алып, кәсібін бастаған.

– Кәсіп бастағанға дейін басқа салада жұмыс  істедім. Алайда бір айлықпен күн көру оңай емес. Сондықтан өз бизнесімді ашуды ойлап, мал шаруашылығымен айналысуды жөн санадым. Атакәсіпті қолға алу ауыл тұрғындары үшін таңсық  емес, – деді  кәсіпкер.

Ол 2020 жылы малды бордақылауды жос­парлап, сол үшін несие алыпты. «Сырдария-1» несие серіктестегі арқылы 6 пайызбен рәсімделген 6 млн теңге кәсібін жандан­дыруына септігін тигізіпті. Қазіргі таңда кәсіпкер ет өнімдерін сатып, малды бордақылаумен айналы­сып келеді. Сондай-ақ, бие сүтіне сұраныстың жоғары болуын айтып, бие сүтін өндіру­ді де ұлғайтуды жоспарлап жатқанын жасырмады.

ТАМЫЗДЫҒЫН  ТАПСАҢ,   ТАС  ТА  ЖАНАДЫ

Мемлекет бағдарламасы арқылы кәсібін жандандырғандардың қатарында Қызылжарма ауылдық округінің тұрғыны Перизат Алимбаева да бар. Ол 2021 жылы өз қаражаты есебінен азық-түлік дүкенін ашып, қаражат айналымын толықтыру мақсатында «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында  3 млн теңге көлемінде қаражат алып, халыққа қызмет көрсетуде. Кәсіптің көзін тапқан кәсіпкер алынған қаражатқа әлеуметтік маңызы бар азық-түліктермен дүкеннің сөрелерін толтырыпты. Сонымен қатар бір адамды тұрақты жұмыспен  қамтып  отыр.

– 15 жыл көлемінде дүкенде сатушы болдым. Өзімді және өзгені тұрақты жұмыспен қамту мақсатында жеке кәсіпке ден қойдым. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың арқасында дүкен ашып, 1 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, тұрақты жұмыспен қамтылған адам санын көбейтуді жоспарлаудамын, – деді.

ЕРЕКШЕ  КӘСІП  ИЕСІ

Мемлекет тарапынан қолдау тауып, өзге кәсіпке ұқсамайтын индустриялық-иннова­циялық даму кезеңінде тұрған ел үшін бастал­ған бұл кәсіптің көмегі зор. Қызылжарма ауылдық округінің тұрғыны, көпбалалы ана Гүлназ Құдайбергенова 2021 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы»  ЖШС арқылы 6%-бен 6 млн теңге қаржы алған. Алайда алынған қаражат «Өзіне-өзі қызмет көрсету автокөлік жуу орталығының»  құрылысына ғана жетіпті. Ендігі кезекте өз қара­жаты есебінен негізгі халыққа қызмет көрсе­тетін аппаратты алып, екі-үш ай көлемінде  жұмысын  бастауға  ниетті.

– Ауылдық округте заманға сай автокөлік жуу орталығын ашу тың идея болды. Себебі, шеткері аумақтар қарапайым автокөлік жуу орталықтарымен де қамтылмаған. Орталық Қызылжармадағы үлкен көше бойында орналасқан. Құрылысын көктем мезгілінде аяқтауды  жоспарлаудамыз, – деді  кәсіпкер.

Көбі мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдауларға күмәнмен қараса, енді бірі сол көмекке қол жеткізгендерді сынап жатады. «Алынған қаражатқа өз мүддесін ойлап, бастапқы міндеттерін ұмыт қалдырады» деп кәсіпкерлерге сын тағылып жатқаны сөзсіз. Сол себепті де БАҚ өкілдері арнайы мамандармен бірлесіп, кәсіпкерлердің кәсібін көзбен көріп қайтты. Қарманған қарап қалмайтынның көрінісін көрсеткен кәсіпкерлердің кәсібі көпке үлгі. Ең бастысы, кәсіппен айналысу қабілет-қарымға байланысты екенін ұқсаңыз, өзіңіздің машығыңызға қарай кәсіпті бастауға болады. Сонымен қатар кәсіптің көкжиегін кеңейтіп, икемін тапқандарға мемлекет тарапынан қолдау жоқ емес.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: