Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

КӘСІПКЕРЛІК: ӨТІНІМ КӨП, ГРАНТ АЗ

22.09.2022, 10:40 460

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға облысқа үкіметтен 120 000 000 теңге бөлінген. Жан басына шаққанда 5 млн теңгеден берілетін гранттың 24 адамға үлестірілетіні түсінікті. Осы гранттық конкурсқа байла­нысты аймақ тұрғындары ішінен 673 адам өзінің кәсіптік идеясын ұсынып, нәтижесінде өтінім берушілердің 97 процентке жуығының өтінімі ZOOM бағдарламасы арқылы онлайн кездесуде талқыланып, кері қайтарылған. Осы мәселеге қатысты кәсіпкерлер наразы­лық білдіріп, облыс әкімдігінің алдында өз жұмыстарының не үшін өтпей қалғанын білуге жиналған. Дегенмен, кәсіпкерлерге барлық жағдай толығымен түсіндіріліп, брифинг өтетінін айтып, сала мамандары кері қайтарған екен. Осыған  орай облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы  басшылығы  өңірлік  коммуни­кациялар  қызметінің баспасөз  алаңында   брифинг   берді.

– Облыста кәсіпкерлік саласын қолдауға бағытталған  шараларды іске асыру  жүйелі түрде  жалғасын  табуда. Оның ішінде  жаңа  бизнес  идеяларды  іске  асыруға 5 млн  теңгеге  де­йін  мемлекеттік гранттар  беру  құралына 120  млн теңге қаржы бөлінді. Оның 70 млн теңге­сі кәсіпкерлік қызметіне 3 жыл толмаған 29 жасқа дейінгі жастардың жаңашыл бизнес-идеяларына бағытталды. Бұл қайтарымсыз қаражат мемлекеттік гранттар беру қағидасына сәйкес кәсіпкерлерге конкурстық іріктеу негізінде ұсынылады. Конкурстық іріктеу өткізу үшін биылғы жылы облыс әкімінің өкімімен арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелері, сала­лық сарапшылар, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енгізілді. Жалпы 11 адам болды. Комиссия шешімі негізінде 1 тамыз бен 19  тамыз  аралығында  qoldau.kz цифрлық платформасы арқылы құжаттар қабылдау жүргізілді. Оның  комиссия қарауына нақты  грант көлемі 3 млрд теңгені құрайтын 673-і енгізілді. Мұндағы осал топтағы азаматтардың  үлесі  30,6 процентті  немесе  206 адамды  құрады. Ал жас кәсіпкерлермен 945,6 млн теңгеге 213 өтінім тапсырылды. Комиссия   отырысы 31 тамыздан 8 қыркүйек аралығында өткізіліп, аудандар кәсіпкерлері жобаларын онлайн, ал қала кәсіпкерлері оффлайн таныстырды, –  деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының  басшысы  Мұса  Қалдарбеков.

Жалпы, қағида талаптары бойынша, комиссия  мүшелері жобаны 5 жұмыс күні ішінде қарап, qoldau.kz платформасында әрбір жобаға дауыс берген. Дауыс беру баллмен есептеледі. Максималды балл – 40, өту балы 28 болған. Әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін максималды  балл – 28, өту  балы  19,6-ны  құраған.

– Бүгінгі күні жобалар бойынша дауыс беру толығымен аяқталды. Нәтижесінде жалпы 92 млн 667 мың теңгеге 26 жоба қаржыландыру үшін мақұлданып отыр. Оның ішінде әлеуметтік осал топтағы азаматтардың үлесі 42,3 пайыз­ды құрады, яғни 11 жоба 29,6 млн теңгемен қаржыландырылатын болады.  Сонымен қатар, жас кәсіпкерлердің 11 жобасына 45 млн 667 мың теңге қаржы табысталмақ. Алдағы уақытта бұл кәсіпкерлермен қағида талаптарына сәйкес, басқарма, «Даму» қоры арасында үшжақты келісімшарттары жасалынып, қаражаттары аударылатын  болады, – деді М.Оспанұлы.

Кәсіпкердің бизнес-жобаны іске асыруына грант беру туралы шартқа қол қойылған сәттен бастап 18 ай уақыт беріледі. Әрине, қаражат қайтарымсыз болғандықтан оның сұрауы болады. Өңір экономикасын көтеру, бюджет қаржысының тиімділігін арттыру үшін талап жылдан-жылға  күшейтіліп  келеді. Қаражаттың мақсатты жұмсалуына, жобаның толығымен іске қосылуына «Даму» қорымен мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Егер келісімшартпен алынған міндеттемелер, қағида талаптарының орындалмауы  болған  жағдайда қаражат сотпен  бюджетке  кері  қайтарылады.

Айта кету қажет, 2020 жылы облыста 78 кә­сіпкерге берілген 181,5 млн теңге грант қара­жатының  мақсатты  жұмсалуына  «Даму» қорымен мониторинг  жүргізілген болатын. Нәтижесінде 18 кәсіпкердің жобаны толы­ғымен  іске  қоспағаны, жұмыс орындарын құрмағаны, бұрын қолданыста болған құрал-жабдықтарды сатып алу жағдайлары кездескені белгілі болды. Қазір осы кәсіпкерлермен жасалған келісімшартты бұзу шаралары атқарылып  жатыр. Алдағы уақытта сот шешімімен бұл кәсіпкерлерге берілген 45 млн теңге қаражат  бюджетке  кері қайтарылатын  болады.

– Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес  биылғы жылы облыста конкурсқа тапсырылған жобаларды іріктеу бізбен атқарыл­ды. Іріктеуді  өткізу  үшін алдын ала кесте бекітілді. Соған  сәйкес 31 тамыздан  бастап  8 қыр­күйек аралығында, яғни 7 жұмыс күні ішінде құны 3 млрд теңгені құрайтын 673 жобаны қарас­тырдық. Оның ішінде 386 кәсіпкер жобаны оффлайн, қалған 287 кәсіпкер онлайн қорғады. 673  кәсіпкердің 213-і жас кәсіпкер (945 млн  теңге) болса, жалпы осал топтағы азаматтардың саны 206-ны  (937 млн теңге) құрады, – деді комиссия төрағасы, «Dalatex» ЖШС-нің директоры  Ділмұхамед  Абизов.

Қағида талаптары бойынша грантқа жаңашыл  бизнес-идеямен  қатысу  қажет.  Әрине, бұл шарт осал топтағы азаматтардан талап етілмейді. Дегенмен, кәсіпкерлермен тапсырылған жобалардың басым бөлігі бір-біріне ұқсас, көбі өңірімізде іске асырылған. Атап айтсақ, 50-ден астамы наубайхана, кондитерлік өнім өндіруге, 60-тан астамы ет, балықтан жартылай фабрикаттар дайындау, сүт өнімдерін өңдеуге, 75-і тігін тігуге, 17-сі жиһаз өндіру­ге, сондай-ақ, 38-і ТЖО, т.б. қызметтеріне  бағытталған.

Ділмұхамед Мнуарбекұлының айтуынша, 49 жоба денсаулық сақтау саласында клиникалар, сауықтыру орталықтарын ашуға, 37 жоба мектепке дейінгі білім беру, оқу орталықтарын ашу сияқты білім беру саласына, 23-і ойын-сауық­қа бағытталған. Яғни, бұл шағын кәсіп түрлері облыста жолға қойылған, яғни жаңашылдығымен  ерекшеленген  жобалар  аз.

Биыл конкурсқа гидропоникалық әдіспен жем-шөп дайындау, биогумус шығару және жылыжай ашу жобалары көп ұсынылды. Комиссия осы жобаларды қарап, жеке-дара qoldau.kz платформасында дауыс беріп, тиісті ұпайын қойды. Нәтижесінде 26 жобаны қаржыландыру үшін мақұлдады. Бұған, әрине, кәсіпкерлер арасында наразылық туындайтыны  жасырын  емес.

Соған қарамастан, осы шешім қабылданып отыр. Себебі қайтарымсыз қаражаттың талаптары, оның сұранысы жылдан-жылға күшейтіліп келеді. Комиссия 2019-2020 жылдары берілген 162 жобаға «Даму» қорымен жүргізілген мониторинг нәтижесімен 23 кәсіпкерден 46,3 млн теңгені қайтарту туралы шешім қабыл­даған.

Жобаны іске асырмаған, тиісті жұмыс орнын құрмаған, бұрын қолданыста болған, ескі құрал-жабдықтарды сатып алған, тіпті қаражатты шешіп алып, өз мүддесіне жұмсаған жағдайлары болған. Яғни, халық кәсіппен айна­лысамын деп конкурсқа қатысады, жоба­сын қорғап тиісті қаражатын алады, бірақ жауапкершілікті түсінбей, көп жағдайда мемлекет­тің алдына қойған міндеттемелерін орындаудан бас тартады. Сол үшін биылғы грант  беру конкурсының жіті өткені байқалды. Жалпы, кез келген жерде көңіл толмау­шылық пен наразылықтың болатыны рас. Бірақ комис­сия мүшелері барлығын грантпен қамтамасыз етуге қауқарлы емес. Сондықтан кәсіпкерлер жобаны жаңашылдандырып, алда­ғы гранттық конкурстарға дайындық жаса­ғаны  дұрыс.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: